ВС РК - Постановление от 07.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2249 (Административное)

6001-24-00-6ап/2249 Астана қаласы

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 ақпан

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (сот алқасы) құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Улболган Мелдебаеваның жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне (Әкімдік), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, Кулбағира Абуовна Бекжановаға, Маржан Курасбековна Тургунбаеваға, нотариус Жанар Саулебаевна Альчикеноваға әкімдіктің 2006 жылғы 5 қыркүйектегі №1117 санды қаулысын, Кулбагира Абуовна Бекжановаға тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесіне (кадастрлық нөмірі 19-309-061-9632) жеке меншік құқын беретін актіні жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырындағы ұйғарымымен талап қоюы қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымындағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жолдауды сұраған.

Жауапкердің өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған. Алайда, сот алқасы отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қалған сотқа қатысушылар мен олардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2017 жылғы 4 мамырдағы шешімімен У.Мелдебаеваның жауапкерлер К.А.Бекжановаға, М.К.Тургунбаеваға, «Шымкент қаласының әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласының Қаратау аудандық әділет басқармасына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, нотариус Ж.С.Альчикеноваға әкімдіктің 2006 жылғы 5 қыркүйектегі №1117 қаулысын, К.А.Бекжанованың атына берілген мемлекеттік актісін және олардың әділет басқармасында тіркеуін жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Сот шешімімен әкімдіктің 2006 жылғы 5 қыркүйектегі №1117 қаулысымен К.А.Бекжановаға Шымкент қаласы, Достық шағын ауданы, №1254, көлемі 0,0800 га жер учаскесі тұрғын үй салу үшін берілгені, жер учаскесіне жеке меншік құқын беретін акт беріліп, құқық 2008 жылдың 23сәуірінде мемлекеттік тіркеуден өткені анықталған.

Сот шешімі заңды күшіне 2017 жылдың 18-шілдесінде енген.

Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2019 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымымен (сот ұйғарымы) У.Мелдебаеваның 2017 жылғы 4 мамырдағы сот шешімін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі 2019 жылғы 29 тамыздағы ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2021 жылғы 16 ақпандағы ұйғарымымен У.Мелдебаеваның жауапкерлер К.А. Бекжановаға, М.К.Тургунбаеваға, Шымкент қаласының әкімдігіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, нотариус Жанар Саулебаевна Альчикеноваға қаулыны, мемлекеттік актіні, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою бойынша азаматтық сот ісін жүргізу АПК-нің 277-бабының 2- тармағына сай тоқтатылған.

ҚР ЖС ӘІСА қаулы 2025 жылғы 7 ақпан №6001-24-00-6ап/2249 Алайда, талап қоюшы Шымкент қаласының әкімдігінің 2006 жылғы 22 мамырдағы №443 қаулысымен өзіне Шымкент қаласы, Достық-1 шағын ауданынан жеңіл құрылымдардан кіші маркет және шайхана орнату үшін жер теліміне уақытша өтеулі пайдалану құқығы берілгені, жер учаскесіне мемлекеттік акт алып, оны әділет департаментінде тіркелгендігін атап, алайда, жауапкерлер тарапынан жалған құжаттар жасалып, оның жерін заңсыз иемденіп отырғандары туралы уәждерін келтіріп, сотқа осы талап қоюымен қайта жүгінген.

Аталғанның негізінде, соттардың әкімдіктің 2006 жылғы 5 қыркүйектегі №1117 қаулысына, оның негізінде берілген мемлекеттік актіге қатысты дау бойынша заңды күшіне енген сот шешімі бар болғандығын назарға алып, талап қоюшы У.Мелдебаеваның талап қоюы ӘРПК-нің 138бабы 2-бөлігі 12) тармақшасының негізінде қайтарылуға жататындығы жөніндегі тұжырымы дұрыс жасалған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Улболган Мелдебаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Дүсенбаев

Ш. Даниярова

ҚР ЖС ӘІСА қаулы 2025 жылғы 7 ақпан №6001-24-00-6ап/2249 Е. Өміралиев

ҚР ЖС ӘІСА қаулы 2025 жылғы 7 ақпан №6001-24-00-6ап/2249

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.