ҚАУЛЫ
2023 жылғы 25 сәуір 6001-22-00-6ап/2185 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
жауапкер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілі – К[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Қазақстан Республикасы Ұ[...] қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің, Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің әрекеттеріне шағымдану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 тамыздағы және Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 тамыздағы ұйғарымымен талап қою арызы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен кері қайтарылған.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды бірінші сатыдағы сотқа қарауға жіберуді сұраған.
Ж[...] қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің өкілдері, өздерінің кассациялық шағымға қарсы пікірлерінде сот актілерін күшінде қалдырып, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы және басқа жауапкерлер немесе оладың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себебін хабарламады.
Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Талап қоюшы әкімшілік талап қоюында лаңкестерден сақтану мақсатында шекара бекеттерінде елімізге келетін шетелдіктердің дактилоскопиялық сәйкестендірудің бағдарламалық-аппараттық құралдарын енгізіп 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін орнатуды міндеттеуді сұраған. Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда тараптардың арасында жария-құқықтық қатынастар туындамағанын, сонымен қатар, талап қоюшының дәл осындай талап қоюы бұрын 2022 жылдың 12 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен қайтарылғандығымен негіздеген. Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы негізді болып табылады.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 тамыздағы және Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.