ВС РК - Постановление от 27.02.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2400 (Административное)

6001-23-00-6ап/2400

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

жауапкер өкілі А[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Ю[...] жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Сауран аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне жер учаскесі мен тұрғын үйдің мемлекеттік актісі мен қабылдау актісіндегі қателіктерді түзеп, құжаттардың телнұсқасын беруін міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 қарашадағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талапкер Ю[...] және оның өкілі О[...] істі бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған өтінішхат келіп түсті.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, жауапкер өкілі А[...] сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 1-бабының 26) тармақшасына, 7 - бабының 7-тармағына сәйкес, тіркеу ісі - құқықтық кадастрдың мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін объектілік принцип бойынша сақтау жүзеге асырылатын бөлігі болып табылады.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді енгізген сәттен бастап құқықтық кадастр және құқық белгілейтін құжат жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) растайтын бірденбір ақпарат көзі болып табылады. Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінде және құқық белгілейтін құжатта қамтылатын мәліметтерде алшақтық болған жағдайда, тіркеу ісінде тіркелген құқық белгілейтін құжатқа басымдық беріледі.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Түркістан қаласы әкімдігінің жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 30 қаңтардағы №12560 шешімімен Ю[...] Түркістан қаласы Ескі Иқан елді мекенінде орналасқан тұрғын үй мен жер учаскесіне құқығы пайда болған.

Ю[...] жолдасы Ю[...] қайтыс болғаннан кейін оның атында Түркістан қаласы Ескі Иқан елді мекенінде, Жаңа Иқан көшесі, №9б мекен жайда орналасқан, кадастрлық № [...] санды жер учаске мен тұрғын үйді мұрагерлікпен өз атына аударуға нотариустан мұрагерлік куәлігін алған.

Алайда, жылжымайтын мүліктің құжаттары болмағандықтан мұрагерлік куәлікпен құжаттардың дубликатын алуға Сауран аудандық жер кадастр бөліміне өтініш жазған.

2022 жылғы 22 тамызда жауапкер құқықтық кадастрда кадастрлық №19307-070-190 жер учаскесіне талап қоюшының жұбайы Ю[...] құқықтары тіркелгенімен, тіркеу ісінде басқа тұлғаның құқығы тіркелгені жөнінде құжаттар жинақталғанын, сондықтан құжаттардың түпұсқасын беруден бас тартылған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Ю[...] берілген жердің көлемі 0,1518 га (кадастрлық №[...]) жер учаскесіне сәйкестендіру актісі рәсімделген, бірақ актінің беру негізі ретінде мүлікті жария ету туралы 2006 жылғы 17 желтоқсандағы №12560 шешім көрсетілген. Ал Түркістан қаласы әкімдігінің жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 2 наурыздағы №17008 шешімімен Ю[...] Түркістан қаласы Ескі Иқан елді мекенінде орналасқан тұрғын үй мен жер учаскесін жария еткен. Ю[...] көлемі 0,2475 га (кадастрлық №19307-070-1903) жер учаскесіне акт рәсімделген, бірақ актінің беру негізі ретінде мүлікті жария ету туралы 2007 жылғы 30 қаңтардағы №12560 шешім көрсетілген.

Сонымен қатар, кадастрлық №[...] жер учаскесіне Ю[...] атына мемлекеттік акт рәсімделсе, тіркеу ісінде Ю[...] өтінішімімен қатар Ю[...] қатысты шығарылған мүлікті жария ету туралы 2007 жылғы 2 наурыздағы №17008 шешім, мемлекеттік акті, пайдалануға қабылдау актісі, мүлікті пайдалануға қабылдау туралы әкімдік қаулысы, жеке куәлігінің көшірмесі тіркелгені, яғни құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінде Ю[...] даулы жер учаскесіне құқықтары тіркелгенімен, тіркеу ісінде Ю[...] атына да рәсімделген құжаттар сақталған.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 қарашадағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ю[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Г.Б. Дуйсенбаев

Б.Т. Нажмиденов Е.Ж. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.