6001-24-00-6ап/956(2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев, талап қоюшынің өкілі Д.Б. Нүрпейсовтің, жауапкер Д.Н. Атеновтің қатысуларымен,
талап қоюшы «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Корпорация) жауапкер жеке сот орындаушысы Думан Нурдильдаевич Атеновке (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушы) атқарушылық өндірісті тоқтату туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, сатып алу-сату шартының күшін жою туралы талап арызы бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 ақпандағы қаулысына жауапкер мен мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Корпорация жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қаңтардағы ұйғарымымен сот шешімінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарау үшін апелляциялық сот алқасының іс жүргізуіне қабылданған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 ақпандағы қаулысымен сот орындаушы Д.Атеновтің 2023 жылғы 18 қазандағы «Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылдық округі, Жамбыл ауылы, 028 квартал, 768 учаскесі мекен-жайында орналасқан, кадастрлық №19-286-028-768, ауданы 5,000 га, жер учаскесін» өз бетінше сатуға Рұқсат беру туралы, 2023 жылғы 20 қазандағы «БақытИслам» ЖШС-нің кепілге қойылған жылжымайтын мүлігінен өндіріп алу туралы 2023 жылғы 10 шілдедегі №1054/23-51-3692 атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы іс-әрекеттері заңсыз деп танылған.
ЖСО Д.Атеновтың 2023 жылғы 18 қазандағы «Бақыт-Ислам» ЖШС мен «BAZAR-BAY» ЖШС арасында «Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылдық округі, Жамбыл ауылы, 028 квартал, 768 учаскесі мекен- жайында орналасқан, кадастрлық №19-286-028-768, ауданы 5,000 га жер учаскесін» сату сатып-алу шартын жасасу әрекеті заңсыз деп танылған.
ЖСО Д.Атеновтің «Бақыт-Ислам» ЖШС мен «BAZAR-BAY» ЖШС арасында жасалған 2023 жылғы 18 қазандағы №18 мүлікті сатып алу-сату шартының күшін жойылған.
Жауапкер мен мүдделі тұлға «BAZAR BAY» ЖШС-нің өкілі кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, даулы сот актісінің күшін жойып бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, жауапкер Д.Н.Атеновтың кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, талапкер өкілі Д.Б.Нүрпейсовтің шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 126-бабының 3- тармағына сай сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Заңның 57-бабына сай борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 52-бабына сәйкес осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк заңды тұлғалардың үйге (құрылысқа, ғимаратқа) шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскесiне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын бiлдiредi. Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейтіні көзделген.
Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 27 наурыздағы шешімімен талап қоюшының пайдасына «Бақыт-Ислам», «PROTAR-Протар», «Дәстүр КZ» ЖШС-нен, Н.Б.Тынысбаева мен Т.Б.Тынысбаевадан ортақтасқан түрде 994 691 035 теңге өндірілген және жауапкерлерге тиесілі мүліктерден 436 387 074 теңге, оның ішінде «Бақыт-Ислам» ЖШС-не тиесілі 2 607 800 теңгеге бағаланған Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылдық округі, Жамбыл ауылында орналасқан жалпы алаңы 5,000 га жер телімі түріндегі мүліктен өндіріп алу туралы шешім қабылданған.
2023 жылғы 10 шілдеде сот орындаушысы Д.Атенов екі атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғап, «Бақыт-Ислам» ЖШС-не мүліктен өндіріп алу туралы атқарушылық өндірістің қозғалғаны туралы аталған серіктестікке хабарлама жолдап, даулы мүлікті, яғни 5,000 га. жер телімін өз бетінше сату құқығы бар екенін түсіндіріп, соңғының арызына сәйкес даулы мүлікті өз бетінше сатуға рұқсат берген.
2023 жылғы 18 қазанда «Бақыт-Ислам» мен «BAZAR BAY» ЖШС-тері арасында даулы жерді сатып алу-сату шарты жасалып 1 955 850 теңгеге сатылған, яғни сот шешімімен өндірілетін қаржының 75% құраған.
Сонан соң сот орындаушысы мүлікті сату құнынан түскен қаражатты бөлу туралы қаулы қабылдап, атқарушылық құжаттың толық орындалуына байланысты атқарушылық өндірісті тоқтату туралы қаулы қабылдаған.
Заңның 68-бабының 5-тармағының талабына сәйкес сот орындаушы борышкердің қандай мүліктері арқылы сот шешімін орындауға болатынын тексеруге тиіс болатын.
Алайда, сот орындаушы атқарушылық әрекеттерді толық көлемде жүргізбеген, ал осы әрекеттерді жүргізгенде сатылған даулы жер учаскесінде Корпорациямен берілген қаржыға тұрғызылған жылыжайдың құралжабдықтарымен орналасқанын, борышкердің бұл қаржыны талап қоюшыға қайтару міндеттемесі бар екенін анықтаған болар еді.
Сонымен қатар, апелляциялық алқа сотымен зерттелген ісқұжаттарынан, сот орындаушы Д.Атеновпен сауда-саттықтан сатқан даулы жерде пайдалануға қабылданбаған жылыжай кешені орналасқаны, даулы жерді сауда-саттыққа қойғанда сатылатын жер учаскесін барып көрмегені, ондағы мүліктің жылжыитын немесе жылжымайтын мүлік екені, оның кімге тиесілі екенін және оны бағалап, оның құнын анықтауға мүлдем шара көрмеген. Істің мұндай тұрғысында апелляциялық алқа соты бірінші саты сотымен қабылданған сот шешімінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдағаны заңды әрі негізді деп сот алқасы есептейді, себебі жеке сот орындаушысы тарапынан өндіріп алушының заңды құқықтары мен мүдделері бұзылған деп санауға толық негіз бар екені анықталған.
Апелляциялық саты сотымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Жауапкер мен мүдделі тұлға «BAZAR BAY» ЖШС өкілі кассациялық шағымдарында көрсетілген уәждері апелляциялық саты сотымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сотта зерттеліп дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған апелляциялық алқа сотының қаулысын жоюға, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 ақпандағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.
Жауапкер жеке сот орындаушысы Думан Нурдильдаевич Атеновтің және мүдделі тұлға «BAZAR BAY» ЖШС өкілі Айнур Жумабековна Ашированың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс.
Г.Б. Дуйсенбаев Б.Т. Нажмиденов Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.