ВС РК - Постановление от 10.10.2023 по делу 6001-23-00-6ап/963 (Административное)

6001-23-00-6ап/963

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 10 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

жауапкер «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (осыған дейін - «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі) өкілі Ж[...],

жауапкер Түркістан облысының білім басқармасының «Сауран ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (осыған дейін - Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының «Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі) өкілі Ш[...], мүдделі тұлға С[...] қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Ш[...] жауапкер «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне директорды тағайындау туралы бұйрықты заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 ақпанындағы ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап коюшы Ш[...] «Я[...] атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорын тағайындау туралы бұйрықты заңсыз деп тану бойынша талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою арызы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әріӘРПК) 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 ақпанындағы ұйғарымымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы Ш[...] кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған сот актілерін заңсыз деп танып күшін жоюды, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.

Әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілдері мен мүдделі тұлғаның іс бойынша қабылдаған сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде, шағым қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қайтарып, оны ӘРПК-нің 138бабы 2-бөлігінің 11)-тармақшасының негізінде іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығымен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, ұйғарымды өзгеріссіз қалдырған.

ӘРПК-нің 1-бабының 3-бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК ережелері қолданылады.

ӘРПК-нің 4-бабы 1-бөлігінің 9)-тармақшасына сәйкес әкімшілік талап қою арызы жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілетін талап. ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 19 қарашадағы №568 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 22 қарашадағы №432 бірлескен бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 78-тармағына сай конкурс қорытындылары бойынша облыстардың білім басқармалары конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған кандидатпен еңбек шартын жасасады және тағайындау туралы бұйрық шығарады. Түркістан облысы «Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 6 қазандағы №399 ж/қ бұйрығымен С[...] «Я[...] атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалған.

Қағиданың 84-тармағына сәйкес конкурс нәтижелеріне конкурсқа қатысушылар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне немесе аумақтық бөлімшелеріне немесе сот тәртібімен конкурстық құжаттармен және комиссия шешімімен танысқан сәттен бастап үш ай ішінде шағым жасауға құқығы бар.

Қағиданың 130 және 131-тармақтарына сәйкес кандидаттар конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының ӘРПК нормаларына сәйкес шағым береді.

Яғни, конкурс қорытындысы бойынша конкурсқа қатысушылар тек қана комиссия шешіміне ғана шағым жасауға құқылы.

Осыған байланысты, ӘРПК нормаларына сәйкес директорды тағайындау туралы бұйрық конкурсқа қатысушылармен даулануға жатпайды.

Жоғарыдағы негізде жергілікті соттардың істі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген тұжырымдары заң талаптарына сай келеді, шығарылған сот актілері күшінде қалдырылуға, ал кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 ақпандағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Ш[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Қайыпжан Судьялар Б.Нажмиденов

Б.Нажмиденов Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.