Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.09.2025 по делу 6003-00-00-2к/1551 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 қыркүйек №60003-25-00-2К/1551 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Айгуль Толеуовна Киребаеваға жатақхананы пайдалануды тоқтатып, жеке тұрғын үй құрылысы ретінде пайдалану арқалы нұсқаманың талабын орындау және техникалық тексеру жүргізу туралы талап қоюымен қабылданған Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкер А.Киребаева 2024 жылғы 11 наурыздағы №215 нұсқаманы орындауға, атап айтқанда:

  1. «Сарыарқа» ауданы, Тұрлыбаев көшесі, 29-үй мекенжайы бойынша жатақхананы пайдалануын тоқтатып, нысаналы (функционалды) жеке тұрғын үй ретінде пайдалануға;

  2. Құрамында ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын техникалық тексеру саласында тиісті аттестатталған мамандары бар мамандандырылған ұйымды тарта отырып, ғимараттардың сенімділігі мен тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізуге міндеттелген. Жауапкерден мемлекет пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Кассациялық шағымында жауапкер жергілікті соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, соттармен процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған. Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, келесі негіздерге байланысты жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 34-2 бабының 2 тармағына сәйкес, құрылысқа тапсырыс беруші объектіні Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қажетті рұқсат беру құжаттарымен қамтамасыз етуге міндетті.

Заңның 36-бабының 3-тармағына сәйкес, сәулет-құрылыс бақылауы және қадағалауы органдары заңдарға сәйкес берген нұсқамалар Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.

«Жатақханаларды пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер қабинеті басшысының 1993 жылғы 3 маусымдағы №454 қаулысының 1-тармағына сәйкес жатақхана жергілікті атқарушы органда міндетті тіркеуге жатады.

Жатақхананы тіркеу кезінде осы мақсат үшін берілген үй-жайлардың санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Тіркелген жатақхана атқарушы орган қоса беріліп отырған нысан бойынша жатақханаға ордер берілгеннен кейін ғана орналасады.

«Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ (бұдан әрі - Басқарма) Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінде белгіленген тәртіппен 2024 жылғы 4 наурыздағы №2471000002200032/00204 болып тіркелген Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Тұрлыбаев көшесі, 29-үй мекенжайындағы «жатақхана» объектісі бойынша Айгүл Төлеуқызы Киребаеваға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру кезінде жер учаскенің нысаналы мақсаты: тұрғын үйді пайдалану үшін қайта жабдықталғаны, алайда үй жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз жатақхана ретінде пайдаланылатыны анықталған. 2024 жылғы 11 наурыздағы №215 нұсқамамен талап қоюшы А.Киребаеваға 2024 жылғы 24 сәуірге құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату, құрамында ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық тексеру саласында тиісті аттестатталған мамандары бар мамандандырылған ұйымды тарта отырып, ғимараттардың сенімділігі мен орнықтылығына техникалық тексеру жүргізу талап етілген.

Жауапкерлер нұсқаманы орындамаған.

Осыған байланысты талап қоюшы сотқа берген талабында жауапкермен жатақхананы пайдалануды тоқтатып, жеке тұрғын үй құрылысы ретінде пайдалану арқалы нұсқаманың талабын орындау және техникалық тексеру жүргізуді сұраған.

Іс материалдарымен анықталғандай, 2016 жылғы 9 қыркүйекте А.Казбекованың атына А.Тұрлыбаев көшесі, 29-үй көп қабатты дәліз түріндегі тұрғын үй ретінде заңдастырылған.

2023 жылғы 22 желтоқсанда сатып алу-сату шарты негізінде А.Казбекова үйді А.Киребаеваға сатқан.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен жауапкер А.Киребаеваның объектіде техникалық құрылысмонтаж жұмыстарын жүргізбеуіне байланысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Кодекстің 322-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізуді тоқтатқан.

Алайда, жергілікті соттар А.Киребаеваның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылмағанын соңғымен нұсқаманы орындаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайтыны туралы дұрыс тұжырым жасаған, себебі нұсқама заңды күшінде. Сатып алу-сату шартына сәйкес А.Кирибаева жатақхана емес, үй сатып алған. Соған қарамастан соңғы тұрғын үйді жергілікті атқарушы органның шешімінсіз жатақхана ретінде пайдаланған.

Мұндай жағдайда, жергілікті соттар талап қоюшының талабы негізді екендігіне дұрыс баға берген, өйткені жауапкермен бұзушылықты жою туралы орындауға міндетті нұсқаманы өз еркімен орындамаған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап толығымен қанағаттандыруға жататындығы туралы дұрыс тұжырым жасаған.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалып, толық көрсетілген. Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен зерделеніп, құқықтық бағалар берілген.

Жауапкердің талап қоюшы тарапынан нұсқамада тексеру актісі мен тексеру парағында қойылған мәселелер шеңберінен шығатын талаптар қойғаны туралы шағым уәжін нұсқама заңды күшінде болғандықтан кассациялық сот назарға алмайды.

Көрсетілгендердің негізінде кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 15 қарашадағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

А.Тоқсанбаев

Судьялар

А.Даненова М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.