№6001-23-00-6ап/2454
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 11 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, жауапкер А[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] Жетісу облысы, [...] әкіміне (бұдан әрі – Округ әкімі), Жетісу облысы, [...] әкіміне, А[...] Округ әкімінің 2022 жылғы 2 қыркүйектегі №12 шешімін заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 ақпандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Округ әкімінің 2022 жылғы 2 қыркүйектегі №12 шешімін заңсыз деп танылып күші жойылған.
Талап коюшы А[...] жауапкер Алакөл ауданының әкіміне қойылған талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгертілген.
Шешімнің Округ әкімінің 2022 жылғы 2 қыркүйектегі №12 шешімін заңсыз деп танылған және күші жойылған жөніндегі бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда апелляциялық сот алқасы іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша жауапкердің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2006 жылғы 29 қарашадағы Алакөл ауданы бойынша рақымшылық жасауға байланысты жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның №2648 санды хаттамасындағы шешіміне сәйкес, Әшім (Төңкеріс) ауылы, М[...] көшесі, 15 мекен-жайы бойынша орналасқан жер телімі талап қоюшының әкесі А[...] атына жария етілген (кадастр нөмері [...]).
Сонымен қатар, Алакөл ауданы бойынша рақымшылық жасауға байланысты жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның 2007 жылғы 28 наурыздағы №4759 санды хаттамасындағы шешіміне сәйкес, Әшім (Төңкеріс) ауылы, М[...] көшесі, 15А мекен-жайы бойынша орналасқан жер телімі жауапкер А[...] әкесі А[...] атына жария етілген (кадастр нөмері [...]).
Заңды күшіне енген 2022 жылғы 16 наурыздағы Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен талап қоюшы А[...] және қарсы талап қоюшы А[...] талап қоюлары қанағаттандырылып, тараптардың тұрғын үйлері мен жер телімдеріне қатысты құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары заңсыз деп танылған.
Кейін, Округ әкімінің 2022 жылғы 2 қыркүйектегі №12 шешімімен А[...] атына Әшім ауылы, М[...] көшесі №15 «А» мекенжайында орналасқан құқықпен тиесілі үй жайларды ұстау үшін жалпы көлемі 2219,0 шаршы метр суарылмайтын жер телімі жеке меншікке пайдалану құқығына бекітіліп берілген.
Талап қоюшы бұл шешіммен келіспей, жер телімдер қабаттастырып тұрғанына қарамастан, Округ әкімі А[...] қайталап сол жер телімін бергені заңсыз деп санайтынын көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырып, 2022 жылғы 16 наурыздағы сот шешімімен талап қоюшының [...] тұрғын үй мен жер теліміне қатысты құқықберуші және сәйкестендіруші құжаттарының күші жойылмағандықтан, тіркеу органында жылжымайтын мүлікке құқығы тіркелуіне байланысты, тараптардың 2002-2015 жылдары әкімшілік органдарының қабылдаған әкімшілік актілерін даулағандарын, жауапкерге жаңа жер телімін бөліп беруде (кадастрлық нөмірі [...]) талап қоюшының жер телімімен қабаттасудың сақталғанын ескеріп, талап қоюшының құқығы бұзылғанын көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспеген, себебі заңды күшіне енген сот шешімімен құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары заңсыз деп танылған. Сондықтан қазіргі таңда талап қоюшы да, жауапкер де жер телімдерінің және олардағы жылжымайтын нысандардың меншік иелері болып табылмайды.
Сондықтан, жергілікті атқарушы орган А[...] жер телімін беру туралы шешімді қолданыстағы заңнамаға сәйкес, талап қоюшының құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбастан өз құзыры шегінде шығарған деп дұрыс көрсеткен.
Қабылданған шешімнің негіздері мен уәждері қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, апелляциялық сот актісінде толығымен баяндалған.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірлерде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.