6001-22-00-6ап/228
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 19 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Н.Ү.Қайыпжан болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім прокуроры Д[...],
талап қоюшының өкілі А[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай – Департамент) өкілі О[...],
жауапкер К[...] өкілдері С[...] мен Ж[...],
мүдделі тұлға «Шымкент қаласының білім басқармасының «Саттар Ерубаев атындағы № 24 ІТ мектеп-лицейі» (бұдан әрі - № 24 мектеп-лицей) коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер К[...] жауапкерлер Департамент, жеке кәсіпкер К[...] анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманы, қорытынды хаттамаларды заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған,
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына жауапкер ЖК К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы ЖК К[...] жоғарыда көрсетілген талаптарымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қарашадағы шешімімен ЖК К[...] талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен соттың шешімі өзгертілген. Анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманы заңсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер ЖК К[...] кассациялық шағымында іс бойынша шешім қабылдағанда соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
ЖК К[...] өкілдері мен жауапкер Департамент өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы мен мүдделі тұлға өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін, прокурордың дауланып отырған сот актісінің күші жойылып, іс жаңадан қарауға жолдануға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы мынадай тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Даудың мән-жайларына қарағанда 2021 жылғы 18 тамыз № 24 мектеплицейі (ұйымдастырушы, тапсырыс беруші) «Білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету үшін» конкурс (бұдан әрі – конкурс) жариялаған. 2021 жылғы 4 қыркүйектегі конкурстың қорытындысымен жеке кәсіпкерлер К[...] пен К[...] жұмыс тәжірибелері бойынша 22 баллдан есептелген. Жеңімпаз болып ЖК К[...] танылған.
2021 жылғы 24 қыркүйекте Департамент конкурс ұйымдастырушысына анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама жолдаған. Бұл нұсқамада жеке кәсіпкер К[...] жұмыс тәжірибесі бойынша 4 балл артық есептелгені көрсетілген.
Осыған байланысты конкурс нәтижесі 2021 жылғы 29 қыркүйекте қайта қаралып, қорытындысымен жеке кәсіпкер К[...] жеңімпаз болып танылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда даулы нұсқаманы және 2021 жылғы 29 қыркүйектегі конкурс қорытындысын заңсыз деп тануға негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгерткенде, жеке кәсіпкер К[...] соңғы бес жылдағы жұмыс тәжірибесі расталғанымен және қосымша құжаттар ұсыну қажеттілігі болмағандығымен негіздеген.
Бірақ апелляциялық саты сотының бұл тұжырымдары іс материалдарына және қолданыстағы заңнамаларға қайшы келеді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу Қағидаларының» (әрі қарай - Қағида) 64-тармағына сай конкурстық комиссия конкурс қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастыру кезінде конкурсқа қатысуға бір өтінім берілген жағдайларды қоспағанда, конкурсқа қатысуға өтінім берген әрбір әлеуетті өнім берушіге қатысты Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7, 8- қосымшалардағы өлшемшарттарға сәйкес балл қояды.
Барынша көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
Қағиданың 7-қосымшасына сәйкес қызмет көрсету нарығында соңғы 5 жылдағы жұмыс тәжірибесі (5 балдан артық емес) мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша
-бұрын жасалған шарттардың көшірмелерімен,
-осы шарттардың орындалуының соңғы айы үшін көрсетілген қызметтер актілерімен және
-шот-фактуралармен расталады.
Яғни, Қағидаға сай әлеуетті өнім беруші әр жылдағы жұмыс тәжірибесін растау үшін аталған үш құжаттардың барлығын бірге тапсыруы тиіс.
К[...] ұсынған «Әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтеріне» (6-қосымша) қарағанда:
-2015 жылғы 2 наурыздағы № 24 келісім шартқа 2016 жылғы 8 қаңтарда жасалған № 421 қосымша келісім шарт тапсырылған. Бұл қосымша келісім шартқа сай 2016 жылғы 9 қаңтардан 2016 жылғы 29 ақпанға дейін қызмет көрсету көзделген. Бірақ қосымша келісім шартқа сай қызмет көрсету актісі тіркелмеген, яғни 2016 жылдың қаңтар, ақпан айларындағы жұмыс тәжиірбесі расталмаған.
-2016 жылғы 1 наурыздағы № 580 келісім шартқа 2017 жылы 9 қаңтарда жасалған № 45 қосымша келісім шарт тапсырылған. Бұл қосымша келісім шартқа сай 2017 жылғы 9 қаңтардан 2017 жылғы 31 наурызға дейін қызмет көрсету көзделген. Алайда қосымша келісім шартқа сай қызмет көрсету актісі тіркелмеген. -2017 жылы 14 желтоқсанда № 3 қызмет көрсету актісінде 2017 жылғы 26 қазандағы № 994 қосымша келісім шартына сілтеме жасалған. Бұл келісім шарт конкурстық өтінімге тіркелмеген.
-2018 жылы 4 қаңтардағы № 67 келісім шарт тапсырылған. 2018 жылғы 5 желтоқсандағы № 2 қызмет көрсету актісінде 2018 жылғы 3 қыркүйектегі № 1640 қосымша келісім шартқа сілтеме жасалған, алайда конкурстық өтінімде бұл қосымша келісім шарт тіркелмеген.
-2019 жылы 9 қаңтардағы № 42 келісім шарт ұсынылған. 2019 жылғы 3 желтоқсандағы № 2 қызмет көрсету актісінде 2019 жылғы 2 қыркүйектегі № 155 қосымша келісім шартына сілтеме жасалған, ал қосымша шарт конкурстық өтінімге тіркелмеген.
Аталған құжаттар сот отырысында мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы зерттелген.
Сөйтіп, конкурстық комиссия 2016 - 2019 жылдарға К[...] 4 баллды негізсіз есептегені анықталған.
Яғни, іс бойынша бірінші саты сотының қабылдаған шешімі істегі дәлеледемелерге негізделіп қабылданған.
Тараптардың сот алқасында берген түсініктеріне қарағанда тапсырыс берушімен жасалған шарт бойынша № 24 мектеп-лицейінің білім алушыларын тамақтандыруды оқу жылы басталғаннан бастап, 2022 жылдың ақпан айын есептемегенде, осы күнге дейін жеке кәсіпкер К[...] атқарып келеді.
Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 23 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын. ЖК К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Н. Қайыпжан
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.