№6001-24-00-6ап/2876
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, жауапкерлердің өкілдері Н.Е.Оразовтың, Н.А.Пазиловтың
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Кіребек Айтбекұлы Қошановтың жауапкерлер Түркістан облысы «Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі), Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі) жер комиссиясының конкурстың қорытындыларын шығару жөніндегі отырысының хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою, қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою және жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысына мүдделі тұлға Р.С.Бектургановтың өкілі Е.Ж.Басқынбектің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
К.А.Қошанов жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
2023 жылғы 24 қарашадағы жер комиссиясының Байдібек ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындыларын шығару жөніндегі отырысының №02 хаттамасының Р.С.Бектурганов №114 лот бойынша жеңімпаз деп танылған бөлігін заңсыз деп танылып, күші жойылған;
Аудан әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №101 қаулысының Р.С.Бектургановқа Мыңбұлақ ауылдық округі аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан 158,7 га суармалы жер телімін шаруа фермер қожалығын жүргізу үшін 10 (он) жылға бөлініп беру туралы қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылған; Жер қатынастары бөлімі мен Р.С.Бектурганов арасындағы 2023 жылғы 30 қарашадағы № 83 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2023 жылдың қазанында Жер қатынастар бөлімі шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты жариялаған.
Осы конкурсқа №114 лот бойынша талап қоюшы К.Қошанов, мүдделі тұлғалар Р.С.Бектурганов пен С.К.Кунанбаева қатысқан, жеңімпаз Р.С.Бектурганов болып анықталған.
Аудан әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы № 101 қаулысымен Мыңбұлақ ауылдық округі аумағындағы ауданының арнайы жер қорынан 158,7 га суармалы жер телімі Р.С.Бектургановқа шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін ұзақ мерзімге жалға 10 жылға бөлініп берілген.
2023 жылғы 30 қарашада Жер қатынастар бөлімі мен Р.С.Бектурганов арасында аталған жерді шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесінің уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шарты жасалып, Р.С.Бектургановпен аталған жер учаскесіне №2024-991786 мемлекеттік акт алған.
Талап қоюшы К.Қошанов сотқа талап арыз түсіріп, жерге катысты конкурс заңсыз өткенін, себебі жерді ұтып алған Р.С.Бектурганов ауыл шаруашылығымен айналаспайтынын, ол Шымкент қаласында дәрігер болып жұмыс істейтінін, комиссия жерді ауыл шаруашылығымен айналасатын тұлғаларға бермей, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ тұлғаларға заңсыз бергенін көрсетіп, конкурс нәтижесі бойынша ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер падалану құқығын беру жөніндегі конкурстың комиссия отырысының хаттамасына комиссия төрағасы Б.Қырғызалиев қолын қоймағанын көрсетіп, конкурс нәтижесін бұзуды сұраған.
Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, келесі мәнжайларға назар аударған.
Конкурстық комиссия отырысының 2023 жылғы 24 қарашадағы №02 хаттамасы комиссия төрағасы Б.Қырғызалиевпен қол қойылмағаны анықталған. Сонымен қатар комиссия мүшесі А.Сейтов комиссияның отырысына қатыспағаны, алайда А.Сейтовтың комиссия хаттамасына қолы қойылғаны байқалған.
Одан бөлек, аталған хаттамада конкурсқа қатысқан тұлғалардың өтінімдері бойынша «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу туралы» Қағиданың 22тармағына сай қойылған балдары көрсетілмеген.
Сондықтан, аталған хаттаманың негізінде шығарылған аудан әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №101 қаулысы мен 2023 жылғы 30 қарашадағы №83 келісім-шарт заңсыз деп танылып, күштері жойылуға жатады деген тұжырыммен сот алқасы толығымен келіседі. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Р.С.Бектургановтың өкілі Е.Ж.Басқынбектің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.