ВС РК - Постановление от 01.11.2021 по делу 6001-21-00-3Г/5599(2) (Гражданское)

6001-21-00-3г/5599(2)

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 1 қараша

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Тоқтарова,

С[...] Ф[...] тұрғын үй мен моншаны ортақ мүлік деп тануды, сол жылжымайтын мүліктерден әрқайсысының тең үлестерін танып, әрқайсысының үлестерін ақшалай белгілеп беру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 наурыздағы қаулысына талап қоюшы С[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

С[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда келесідей уәждер келтірген. Ж[...].Ф[...], бұрынғы жұбайы А[...] 1995 жылғы 29 маусымда қайтыс болғаннан кейін, Қызылорда қаласы, С[...] көшесі №37 мекенжайда орналасқан тұрғын үй, сарайымен және жер учаскесімен (бұдан әрі - №[...] үй) бірге мұрагерлікке қалған. 2009 жылғы 28 тамызда Ф[...] заңды некеге тұрған. 2019 жылғы 24 желтоқсанда сот шешімі негізінде ажырасқан. Тараптар некеде болған кезде, яғни 2009 жылдан бастап, №[...] үй орналасқан жер учаскесіне литер «Б» ретінде тіркелген, жалпы ауданы 143,1 шаршы метр тұрғын үй мен литер «Г» ретінде тіркелген, жалпы ауданы 16,1 шаршы метр монша салған. Бұл мүліктер 2011 жылдың 10 мамырындағы қабылдау актісі негізінде рәсімделіп, тиісті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, техникалық паспортпен рәсімделген. Сондықтан осы салынған құрылыстарды жауапкер Ф[...] екеуінің ортақ мүліктері деп танып, сол жылжымайтын мүліктерден әрқайсысының тең үлестерін тануды және әрқайсысының үлестерін ақшалай белгілеп беруді сұраған. Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен талап қою арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшы сот актілерімен келіспей, сот актілерін кассациялық тәртіпте шағымдау мерзімін қалпына келтіріп, олардың күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрап келесідей уәждер келтірген.

1988 жылғы 26 желтоқсандағы сатып алу-сату шарт бойынша №[...] үй, көлемі 51,40 шаршы метр, сарайы 28,00 шаршы метр, жер алаңы 600 шаршы метр (бұдан әрі - ескі үй), Ф[...] заңды некеде болған зайыбы А[...] меншігіне тіркелген.

А[...] 1995 жылғы 29 маусымда қайтыс болған.

2003 жылдың 24 қарашасында нотариус Е[...] куәландырылған мұраға құқық беру туралы куәлікке сай, А[...] қалған ескі үйге оның жұбайы Ф[...] мұрагерлігі танылған. Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 11 шілдедегі шешімімен Ф[...], Ф[...] талап қою арызы бойынша Ф[...] берілген 2003 жылғы 24 қарашадағы мұраға құқық беру туралы куәлігі жарамсыз деп танылып, күші жойылған.

2020 жылдың 5 мамырында нотариус Е[...] куәландырылған мұраға құқық туралы куәлікке сай, ескі үйге, яғни көлемі 51,40 шаршы метр, сарайы 28,00 шаршы метр, жер алаңы 600 шаршы метр, Ф[...] бұрынғы жұбайы А[...] қайтыс болғаннан кейін, оның және қыздары Ф[...], Ф[...], теңдей үлесте мұрагерлігі танылған.

2009 жылғы 28 тамызда С[...] жауапкер Ф[...] заңды некеге тұрған. Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен неке бұзылған. Тараптармен, осы некеде болған кезде, яғни 2009 жылдан бастап, ескі үй орналасқан жер учаскесінде литер «Б» ретінде тіркелген, жалпы ауданы 143,1 шаршы метр тұрғын үй мен литер «Г» ретінде тіркелген, жалпы ауданы 16,1 шаршы метр монша салынған.

Бұл тұрғын үй мен монша 2011 жылғы 10 мамырдағы қабылдау актісі негізінде рәсімделіп, тиісті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, техникалық паспортпен рәсімделген.

Сонымен, жаңадан салынған түрғын үй (литер Б) мен монша (литер Г) С[...] мен Ф[...] заңды некеде болған кезде екеуінің ортақ құжаттарына салынғаны анықталған, сондықтан олардың бірлескен ортақ меншiгi болып табылады.

Алайда, соттар осы фактілерді анықтай отырып, нәтижесінде қорытынды жасамаған.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің (бұдан әрі - Неке кодексі) 33-бабының 1-тармағына сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

Неке кодексінің 38-бабының 1-тармағына сәйкес егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн

бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.

Осыған орай, талап қоюшының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Талап қоюшы С[...] сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Талап қоюшы С[...] Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы шешімін және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья Б.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.