6001-22-00-3г/4866(2)
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 12 желтоқсан А с т а н а қ а л а с ы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы К[...] жауапкер «ҚЖҚИ[...]» ЖШС-не келтірілген зиян мен моральдық зиян өтемін өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
К[...] «ҚЖҚИ[...]» ЖШС-не (бұдан әрі – Институт / Серіктестік) зайыбы Д[...] жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша өндірістік іс-сапарға шыққанда жазатайым оқиға салдарынан қайтып кетуіне байланысты оның асырауында болған әкесіне, зайыбы мен он сегіз жасқа толмаған екі баласына келтірілген зиян мен моральдық зиян өтемін өндіру туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. Серіктестіктен К[...] пайдасына 1 944 000 теңге біржолғы төлем, 2023 жылғы 19 қарашасынан бастап кәмелетке толмаған баллары А[...], А[...] үшін олар он сегіз жасқа толғанға дейін ай сайын 18 000 теңгеден, балалардың кішісі А[...] он төрт жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін К[...] өзіне ай сайын 18 000 теңге зиянды өтеу төлемдері, 1 000 000 теңге моральдық зиянның өтемі өндірілген. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
К[...] өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, асыраушысыз қалғанынан байланысты оған өтелетін зиян екі есе кем есептелгенін көрсетіп, іс бойынша шыққан сот актілерінің күшін жойып, талапты толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Анықталғандай, Д[...] 2018 жылғы 29 шілдедегі № 30 еңбек шарты негізінде Институтта инженер-жобалаушы қызметін атқарған.
Институттің 2020 жылғы 18 қарашадағы № 18 бұйрығымен өндірістік қажеттілікке байланысты инженер-жобалаушы Д[...] пен техникгеодезист Ә[...] нысан бойынша авторлық қадағалау жұмыстарын жүргізу мақсатында 2020 жылғы 19 қарашадан бастап 20 қарашаға дейін іс-сапарға жіберілген.
2020 жылғы 19 қарашада сағат 08:00 шамасында Жамбыл облысы Ақшолақ елді-мекеннің тұсында жол көлік апатының салдарынан Д[...] оқиға орнында көз жұмған.
2020 жылғы 24 қарашада жазатайым оқиғаның себептері мен мәнжайларын жан-жақты зерттеу үшін арнайы тергеп-тексеру тағайындалып, оның қорытындысы бойынша № 1 және № 2 актілер толтырылған. Өндірістегі жазатайым оқиғасы туралы аталған актілерге сәйкес жұмыс беруші мен жұмыскерлердің кінәлары тиісінше 100 % және 0 % деп белгіленген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 940бабының 1, 3-тармақтарына сәйкес, азамат қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондай-ақ атаанасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын (жас балаларды) күтумен айналысатын, отбасының басқа да мүшесiнiң зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
Зиян: кәмелетке толмағандарға – он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға – күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған адамдарға – өмiр бойы; мүгедектерге – мүгедектiк мерзiмiне; ата-аналарының бiреуiне, жұбайына не қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерiн, қарындастарын күтумен айналысатын отбасының басқа мүшесiне – олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi.
Институт қызметкері Д[...] денсаулығы мен өмірі сақтандырылмағанына байланысты, талап қоюшы сотқа жүгініп, Д[...] асырауында өзі - жұбайы К[...], олардың ортақ кәмелетке толмаған ұлдары – А[...] мен А[...] және қайтыс болған Д[...] әкесі Ж[...] болғандарын көрсетіп, жұмыс берушіден келтірілген зиян мен моральдық зиян өтемін өндіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 122-бабының 1-тармағына сай жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
АК-нің 938-бабының 2-тармағымен жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) құрамына негізгі жұмыс орны бойынша, сондай-ақ қоса атқаратын жұмысы бойынша да еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар еңбекке ақы төлеудің жеке табыс салығы салынатын барлық түрлері кіргізілетіні көзделген.
АК-нің 944-бабының 1-тармағына сәйкес жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi.
АК-нің 951-бабының 1-тармағына сай моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардан айырылуы, оның ішінде өзіне қарсы құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда – жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзім тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 8-тармағында соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерін анықтаған кезде азаматқа келтірілген жан мен тән азабының ауырлығын, оның субьективті мәліметтерді, атап айтқанда: өзіндік мүліктік емес игіліктер мен құқықтардың (өмірі, денсаулығы, бостандығы, тұрғын үйге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық қүпиясы, ар-намысы мен қадір-қасиеті және т.б) өмірлік маңызын; жәбірленушінің басынан кешірген жан немесе тән азабының дәрежесін (бас бостандығынан айырылуы, дене жарақаттарының келтірілуі, жақын туыстарынан айырылуы, еңбек қабілетін жоғалтуы немесе оның шектелуі және т.б); моральдық зиянды өтеу үшін қажет болып табылатын зиян келтірушінің кінәсінің түрін назарға алуы қажет екені түсіндірілген.
Әл-Фараби аудандық соты жұмыс берушімен қайтыс болған Д[...] қатысты сақтандыру шарты жасалмағанын, оның асырауында жұбайы, екі баласы болғанын, ал әкесі Ж[...] баласының асырауында болғаны туралы дәлелді құжат ұсынбағанын ескеріп, Д[...] жазатайым оқиға бойынша жұмыс беруші мен жұмыскердің кінәсінің дәрежелері анықталғанын көрсетіп, Институттың 2021 жылғы 06 желтоқсандағы анықтамасына сәйкес қайтыс болған жұмыскердің ай сайынғы жалақысы 90 000 теңге болғанын айқындап, асыраушысынан айырылған екі кәмелет жасына толмаған балаларының әр қайсысына және кіші баласы он төрт жасқа толған уақытқа дейін анасына 18 000 теңгеден (90 000 / 5 = 18 000) шығады деген қорытындыға келген.
Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылуға жататынын көрсетіп, Институттан кәмелет жасқа толмаған екі баласы – А[...] мен А[...] пайдасына он сегіз жасқа толғанға дейін 18 000 теңгеден, зайыбы К[...] пайдасына кіші ұлы А[...] он төрт жасқа толғанға дейін 18 000 теңге, сонымен қатар кәмелетке толмаған балалар асыраушысынан айырылуына байланысты
Д[...] қайтыс болған күні 2020 жылғы 19 қарашадан бастап 2023 жылғы 19 қарашаға дейін 1 944 000 теңге үш жылдық біржолғы өтемақы (54 000 теңге * 36 ай) және 1 000 000 теңге моральдық зиянның өтемі өндірілуге жатады деген шешім қабылдаған.
Шымкент қалалық сотымен бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары жалпы материалдық заңның талаптарына және іс бойынша анықталған мәнжайларға сәйкес келеді деп танылған.
К[...] өтінішхатында жергілікті соттардың зайыбы Д[...] жалақысының мөлшері 90 000 теңге болғаны туралы тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, шынайы ай сайынғы табысы кемінде 180 000 теңге құрайтынын, сондықтан асыраушысыз қалған адамдардың пайдасына өндірілетін төлемнің қате есептелгенін көрсеткен. Өтінішхат иесі сот талап қоюды ішінара қанағаттандырған кезінде қайтыс болған Д[...] әкесі Ж[...] оның асырауында болғаны туралы тиісті дәлелдемелерді ұсынбағанын көрсетіп, алайда Д[...] айлық жалақысына байланысты төлемдерді есептеу барысында оны бес адамға (Д[...] өзіне, оның зайыбы К[...], кәмелетке толмаған екі баласы А[...] мен А[...] және әкесі Ж[...]) бөлгенімен де келіспей отыр.
Өз кезегінде, жергілікті соттар Д[...] әкесін оның асырауындағы адам ретінде танымаса, айлық жалақысы төрт адамға бөлінуі тиіс екенін атап өтті. Осы тұрғыдан Д[...] жалақысының мөлшері 90 000 теңге болғанның өзінде, асыраушысынан айырылған екі кәмелет жасына толмаған балалардың әр қайсысына және кіші баласы он төрт жасқа толған уақытқа дейін анасына кемінде 22 500 теңгеден (90 000 / 4 = 22 500) төлем өндірілуге жататыны туралы уәж келтірген.
Сонымен қатар, жергілікті соттар болған оқиға салдарынан Д[...] қайтыс болып, оның жақындары асыраушысыз қалып, К[...] пайдасына 1 000 000 теңге моральдық зиянның өтемін өндірген. Алайда өтінішхат беруші бұл адалдық, әділдік пен парасаттылық өлшемдеріне, ақылға қонымдылық қағидаларына сай келмейтінін атап өтті. Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов
Көшірмесі дұрыс.
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.