Қ А У Л Ы
2025 жылғы 9 қазан № 6003-25-00-4к/1757 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья М.А. Туганбаев, судьялар Н.Е.Нуралыева, Ж.А.Оспанова,
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры Б.Ж.Саттыбаевтың, жауапкердің өкілдері Ж.Нұрбайдың, Д.Исабектің қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Ернияз-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 5908VР600012 және № 5908VР600019 хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мәнжайларын дұрыс анықтамай, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты дау дұрыс шешілмегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Кассациялық сот шағымның уәждеріне қарсылық білдірген жауапкерді, сот актілерін өзгеріссіз қалдыру қажет деп санаған прокурордың қорытындысын тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерделеп, келесі қорытындыға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ. Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-тармағына сәйкес соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Іс материалдары бойынша Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 26 маусымда заңды күшіне енген 2024 жылғы 4 мамырдағы үкімі даулы хабарламаларды шығаруға негіз болған. Осы хабарламалар бойынша «Story Group Best» ЖШС мен Серіктестіктің арасында 2021 жылғы сәуір айынан 2023 жылғы наурыз айына дейін іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды жеткізбей, жалпы сомасы 29 017 857 теңгеге шот-фактураларды ресімделген. Камералдық бақылау қорытындысы бойынша 2024 жылғы 30 желтоқсанда № 5908VP600012 және № 5908VP600019 хабарламалар шығарылған.
Талап қоюшы осы хабарламаларды даулап отыр, мемлекеттік кірістер органы оған № ЭШФ-210440027356-20210929-26733813 шот-фактураны негізсіз енгізген, өйткені сот осы шот-фактураны жалған деп танымаған, яғни сот жеке кәсіпкер іс жүзінде жұмыстарды орындамаған, қызметтерді көрсетпеген және тауарларды тиемеген деп есептейді.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексінің) кодексінің 264-бабының 4) тармақшасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған, жазып берілуі заңды күшіне енген сот актісімен танылған шот-фактурада және (немесе) өзге де құжатта көрсетілген сома бойынша шығыстар шегерімге жатпайды.
Салық кодексінің 403-бабының 1-тармағында көрсетілгендей, бұрын есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылған қосылған құн салығы мынадай жағдайларда:
- шот-фактураны және (немесе) өзге де құжатты жазып беру әрекетін (әрекеттерін) сот жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасады деп таныған мәміле (операция) бойынша алып тастауға жатады. Салық кодексінің 96-бабы 2-тармағының 1) тармақшасының және 3-тармағының 1) тармақшасының талаптарына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) анықталған бұзушылықтарға қатысты салық кезеңі үшін хабарлама бойынша салық есептілігін табыс ету арқылы жоюы салық төлеушінің камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауы деп танылады. Мұндай бұзушылық бойынша салық төлеуші түсініктеме беруге құқылы емес.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, мәміленің жарамсыздығы шағым беріліп отырған хабарламалардың заңдылығының салдары ретінде анықталған заңды күшіне енген сот шешімінің преюдициялық мәнін басшылыққа алғаны дұрыс.
Аталған сот үкімі бойынша И.А. Тен өз атына «Story Group Best» ЖШС-ны тіркеген және 2021 жылғы сәуір айынан 2023 жылғы наурыз айына дейінгі кезеңде іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды жеткізбей, «Ернияз-1» ЖШС-ның атына жалпы сомасы 29 017 857 теңгеге шот-фактураларды жазумен айналысқан. Осылайша, ЭШФ210440027356-20210929-26733813 «Story Group Best» ЖШС-ның қылмыстық әрекеттерді жасау кезеңіне қатысы бар және Серіктестіктің атына берілген басқа ЭШФ жиынтығымен бірге сот үкімінде көрсетілген айналым сомасынан артық емес.
Осыған байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың дауланып отырған актісі ӘРПК-нің 8-бабының екінші бөлігінде көрсетілген әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемдеріне сәйкес келетіні туралы тұжырымдарымен келіседі.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігінде жаңа дәлелдердің болмауына байланысты қаулының уәждеу бөлігінде сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым авторының уәждері өзінің мазмұны, мәні мен мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда келтірілген уәждермен бірдей. Бұл уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Жергілікті соттар іс бойынша мән-жайларды дұрыс анықтаған, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған, сол себепті кассациялық сот дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ деп есептейді.
Мұндай жағдайларда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Ернияз-1» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М.Туганбаев
Судьялар
Н. Нуралыева
Ж. Оспанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.