КСАД РК - Постановление от 21.08.2025 по делу 6003-17-00-19/309 (Административное)

ҚАУЛЫ № 4к/250

21 тамыз 2025 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев,

судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

ашық сот мәжілісінде Халмуратов Шавкатжон Кулахмедовичтің (әрі қарай – талап қоюшы) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (әрі қарай – жауапкер), Тукеев Бекжан Амангельдиевичті тарта отырып (әрі қарай – мүдделі тұлға), №19-309-178-024 (№19-295-082-259) кадастрлік нөмірлерін жою туралы іс-әрекетін заңсыз деп танып, №19-309-178-024 сәйкестендіру құжатты, мемлекеттік актіні қайта қалпына келтіруге міндеттеу туралы талап қою арызы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгінген.

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қаңтардағы қаулысымен аталған талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Төменгі сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысымен келіспеген талап қоюшы өзінің сенімді өкілімен бірігіп кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Іс бойынша тараптар сот мәжілісіне қатысқан жоқ, мүдделі тұлға қашықтан қатысуға рұхсат сұрады. Кассациялық сот, тараптардың келмеуіне байланысты, ал мүдделі тұлғаны қашықтан қатыстыруға жағдайдың шектеулі болуына байланысты, істі олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санады. Бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.

Даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, АПК қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен.

Туындаған дауды қарау барысында, олар оған қатысты Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде дұрыс дәрежелеген.

Іс бойынша анықталғаны, талап қоюшының атына Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы әкімінің 1999 жылғы 03 мамырдағы №634 шешімімен, алаңы 0,95 га жер телімі шаруа қожалығын жүргізу мақсатында беріліп, оған кадастрлік №19-295-082-259 сәйкестендіру құжаты рәсімделген. Кейіннен бұл жер телімі Шымкент қаласының аумағына өтуіне байланысты, оған басқа кадастрлік №19-309-178-024 сәйкестендіру құжаты толтырылып, оны алғашында жалға беру туралы 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №2911 келісім шарты жасалып, соңынан 2008 жылғы 31 қаңтарда №240 сату-сатып алу келісім-шарты рәсімделген. Сонымен қатар, талап қоюшы Шымкент қаласындағы 178-орам №24 мекен-жайында орналасқан, алаңы 0,950 шаршы метр, кадастрлік №19-309-178-024 жер телімін А.С.Тулендиев есімді өзге тұлғаға 2008 жылғы 05 ақпандағы реестр №869 сату-сатып алу келісім шарты негізінде берген. Ал А.С.Тулендиев бұл жер телімін 11 бөлікке бөліп, әрқайсысына жеке-жеке кадастрлік құжат алған (№19-309-178-134,... -144).

2023 жылғы 26 маусымда Шымкент қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімі шығарылып, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің Ш.Халмуратов, М.Х.Азизова, А.Тулендиев және нотариусқа қарсы талабы қанағаттандырылып, 2008 жылғы 05 ақпандағы №866 және №869 сату-сатып алу келісім шарттары жарамсыз деп танылған.

Бұдан тыс, Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымымен осы қаралып отырған іс бойынша жауапкер мен Б.Тукеев арасында өзара медиация бекітіліп, оның шарты бойынша Б.Тукеевтің Шымкент қаласындағы кадастрлік №19-309-178-138 (алдыңғы кадастрлік №19-309-178-024) жер телімінің құқықтық кадастрді тіркеу парағындағы жазбаның күші жойылатындығы көзделген.

Ал жауапкердің әрекеттеріне келсек, ол тіркеуші орган ретінде «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай – Заң) талаптарын жүзеге асырған. Атап айтқанда, осы Заңның 33-бабы 1-тармағында көзделгеніндей, құқықтық кадастрді тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюды тіркеуші орган соттың заңды күшіне енген актілерінің негізінде жүзеге асырады. Осыған орай, жоғарыда келтірілген 2023 жылы шығарылған, заңды күші бар сот шешімі мен сот ұйғарымын орындау үшін жауапкер «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрі» мемлекеттік дерекқорындағы бірнеше кадастрлік нөмірлері бар жер телімдері бойынша талап қоюшы мен А.Тулендиевтің арасындағы, сондай-ақ А.Тулендиев пен М.Азизованың арасында орын алған сату-сатып алу келісім шарттары негізінде жасалған құқықтық кадастрді тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жойған.

Яғни, талап қоюшыға кезінде тиесілі болған кадастрлік №19-309-178024 жер теліміне қатысты қандай да бір заң талаптары жауапкер талапынан бұзылмаған.

Жалпы қаралып отырған жағдайда, төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған шешімінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне қатысты лайықты құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан олар туралы қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.

Жоғарыда айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір дәлелдемелер анықталмады деп санайды. Оның үстіне шығарылған сот актілері нақты мән-жайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған, әрі олар ӘРПК-нің 155-бабы төртінші бөлігінің талаптарына қайшы келмейді.

Талап қоюшы тарапының кассациялық шағымындағы уәждер дауланып отырған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге себеп бола алмайды, ондағы деректер төменгі соттарда негізінен дұрыс бағаланған, қазіргі кезде жауапкердің заң бұзғандығын растайтыг дәлелдер жоқ. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен қазіргі кезде де кассациялық сотқа ұсынылмады. Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі шешімі, Шымкент қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова

Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.