ВС РК - Постановление от 13.01.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1386 (Административное)

6001-22-00-6ап/1386

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 13 қаңтар

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Н.Ү. Қайыпжан, судьялар – Г.Б. Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов., талапкер өкілі Ж[...],

жауапкер өкілдері Б[...], А[...],

мүдделі тұлға өкілдері К[...], М[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] жауапкер «Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті» мемлекеттік мекемесіне, мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі» мемлекеттік мекемесін тарта отырып, 2021 жылғы 26 шілдедегі №03/ЖТ-А-155, 2021 жылғы 22 қыркүйектегі №03/ЖТ-А-206, 2021 жылғы 29 қарашадағы №06-26-03/1091 жауап хаттарын заңсыз деп тану туралы,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Корпорация) Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Б[...] мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізімінде көрсетілген қызмет көрсетуден заңсыз бас тартқанын, осыған байланысты «Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істер жөніндегі департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) шағымданғанын, ол бойынша Департаменттің 2021 жылғы 26 шілдедегі №03/ЖТ-А-155, 2021 жылғы 22 қыркүйектегі №03/ЖТ-А-206, 2021 жылғы 29 қарашадағы №06-26-03/1091 жауап хаттардың заңсыз екендігін негіздеп, сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.

Талапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олар заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан күштерін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы аталған жауап хаттармен келіспей, 2021 жылдың 2 шілдесінде Департаментке шағымданып, Корпорацияның Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Б[...] мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы емес екендігін, оны әкімшілік жауаптылыққа тартуды сұраған. Департамент тарапынан 2021 жылы 26 шілдеде №03/ЖТ-А-155 жауап хат беріліп, онда жер учаскесіне актілерді дайындау және беру мемлекеттік көрсетілетін қызметті «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 2-қосымшасының екінші санаттағы рұқсаттар тізбесіне енгізілмегендіктен, Филиал директорының орынбасары Б[...] әкімшілік жауапкершілігін қарау мүмкіндігі жоқ екендігі жөнінде мәлімдеген.

Талап қоюшы аталған жауап хатпен келіспей, 2021 жылғы 13 қыркүйекте және 9 қарашада Департаментке қайта шағым келтірген.

Департамент аталған шағымдар бойынша жауап бере отырып, Филиал директорының орынбасары Б[...] әкімшілік жауапкершілігін қарау мүмкіншілігі жоқ екендігін хабарлаған.

Сот алқасы, төменгі саты соттарының талап арызды қанағаттандырудан бас тару туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, ӘРПК-ге және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыруы тиіс.

Әділдік қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшымен ұсынылған шағымдар Департамент тарапынан ӘРПК-нің 91-бабына сәйкес тиісті түрде тіркеліп, олар жан-жақты қаралып, заңда қарастырылған мерзімде тұжырымды жауаптар берілген.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Талап қоюшының сотта зерттелген дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Қайыпжан Судьялар Б.Нажмиденов Г.Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.