6001-24-00-6ап/785
ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ
2024 жылғы 24 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшы Адил Батыкбаевтың жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Бакитжан Сайдыгалиевич Кзылбаевқа инкассалық өкім негізінде өндіру әрекетін және сот орындаушының қызмет ақысын бекіту туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.Батыкбаев жоғарыда аталған талап бойынша сотқа жүгініп, онда жеке сот орындаушысының (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) ақшалай өндіріп алуды инкассалық өкім негізінде өзінің зейнетақысынан заңсыз өндіріп алуымен негіздеген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.
Сот орындаушысы Б.Кзылбаевтың борышкер А. Батыкбаевтың 351 589 теңге зейнетақы төлемдерін инкассалық өкім негізінде өндіру әрекеттері және өзінің қызметі үшін ақы өндіру туралы 2022 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюшының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында ЖСО Б.Кзылбаевқа заңсыз ұсталған 281 477 теңгені қайтару міндеттелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 126-бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Істі негізінен қарау барысында жеке сот орындаушысы Б.Кзылбаевтың заң бұзушылықтарға жол бергені, яғни өндіріп алуды талап қоюшының «Казпочта» акционерлік қоғамындағы әлеуметтік төлемдер аударылатын шоттағы қаражатынан жүргізгені, борышкердің шотына түскен сомалардың төлем мақсатын, оның ішінде өндіріп алу қолданылуға болмайтын төлемдер бар-жоғын тексермей, инкассалық өкім арқылы негізсіз өндіріп алғаны анықталған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы А.Батыкбаев 2-топ мүгедегі және зейнеткер болып табылады.
ЖСО Б.Кзылбаев борышкер А.Батыкбаевтан өндіріп алушы «AsiaCreditBank» акцинерлік қоғамының пайдасына 400 093 теңге өндіру туралы Алматы қаласының Медеу аудандық сотының атқару парағы негізінде 2022 жылы 1 шілдеде атқарушылық іс өндірісін қозғаған.
Іс материалдарына қарағанда, ақшалай өндіріп алуды А.Батыкбаевтың «Казпочта» акционерлік қоғамындағы әлеуметтік төлемдер аударылатын шоттағы қаражатынан жүргізген.
Даулы атқарушылық іс жүргізу кезінде заңды күшінде болған «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабында Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты заңдылық, ізгілік, адам құқықтарының сақталуы; әлеуметтік қорғауға кепілдік берілу приниптері негізінде жүргізілетіні бекітілген.
Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек ретінде мемлекеттік жәрдемақылар, өтемақылар түріндегі төлемдер және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де төлемдерді төлеу көзделген. Заңның 98-бабының 5) және 10) тармақшаларында зейнеткерлерге төленетін жәрдемақылардан, арнайы мемлекеттiк жәрдемақылардан өндіріп алуды қолдануға болмайтыны көрсетілген.
Сондай-ақ, жеке сот орындаушысы Заңның 95-бабында көрсетілген - борышкердiң жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс деген шектеуді де ескермеген.
Сонымен қатар, жергілікті соттармен жеке сот орындаушысының борышкердің зейнетақысынан төлем жүргізу туралы қаулы шығармағаны анықталған, яғни Заңның 93-бабының талаптары да өрескіл бұзылған. Сот алқасы осы заңдылықтардың сот орындаушысы Б.С.Қзылбаевтың тарапынан орын алған заң бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында және тиісті шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының назарына жеткізу қажет деп санайды.
АПК-нің 270-бабын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҰЙҒАРДЫ:
Талап қоюшы Адил Батыкбаевтың жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Қзылбаев Бакитжан Сайдыгалиевичтің инкассалық өкім негізінде өндіру әрекетін және сот орындаушының қызмет ақысын бекіту туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша Б.С.Қзылбаевтың тарапынан орын алған заң бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында және тиісті шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының назарына жеткізілсін.
Осы жеке ұйғарымды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына хабарлансын. Жеке ұйғарым жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Әлжанов Ғ.Ө. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.