Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/860 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 2 қазан №6003-25-00-2к/860 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова,

Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Б.Б.Орынбековтың, жауапкер өкілі М.С.Мадияровтың, үшінші тұлға өкілі А.А.Кульмагамбетованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Әзілхан Жәмила» атауымен әрекет етуші дара кәсіпкер Жәмила Таңатарқызы Әзілханды (бұдан әрі - жеке кәсіпкер) жосықсыз өнім беруші деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жеке кәсіпкер тарапынан конкурстық құжаттамада дұрыс емес ақпарат берілгенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз өнім беруші деп танылған және мемлекет пайдасына сот шығыны 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында

тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.

Анықталғаны, 2024 жылғы 30 мамырда Басқармамен Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «№165 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үшін балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылған.

Осы конкурсқа жеке кәсіпкер қатысып, конкурстық құжаттаманың 6- қосымшасына сай өзінде аспазшы болып жұмыс істейтін қызметкерлер ретінде Д.Б.Кадированы, К.М.Нарымбетованы, Г.Т.Толебаеваны және Ж.Ә.Әлжанды көрсеткен және олардың аспазшы өтілін бағалау критерийі бойынша еңбек өтілін дәлелдеу мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жәй-күйі және қозғалысы туралы анықтамаларын ұсынған.

Анықтамада К.М.Нарымбетоваға 2023 жылғы 25 ақпан мен 25 желтоқсан аралығында, Ж.Ә.Әлжанға 2023 жылғы 24 ақпан мен 2024 жылғы 24 мамыр аралығында ай сайын жеке кәсіпкер әлеуметтік аударымдар жасап отырғаны көрсетілген.

Алайда, сотта аталған мерзім ішінде К.М.Нарымбетоваға «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен (Қызылорда қаласында орналасқан), Ж.Ә.Әлжанға зейнетақы аударымдары «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен (Астана қаласында орналасқан) аударылғаны анықталған.

Яғни, К.М.Нарымбетова мен Ж.Ә.Әлжан анықтамаларда көрсетілген мерзімде жеке кәсіпкерде жұмыс атқармаған, мектепте аспазшы болып жұмыс жасап жүрген тұлға басқа жерде жұмыс жасай алмайды, тиісінше жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамада дұрыс емес ақпарат берген, бұл ақпарат еңбек ресурсына қатысты біліктілік талаптарына жатады, талап қою мерзімі өтпеген.

Қағида талабына сай біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді.

Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық

шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкер «Әзілхан Жәмила» атауымен әрекет етуші дара кәсіпкер Жәмила Таңатарқызы Әзілханның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.