КСАД РК - Постановление от 15.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/121 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 15сәуір №6003-26-00-4к/121 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар - М.А. Қасымов, Г.М. Ыдырысова,

ашық сот отырысында талап қоюшы Науша Абикеновна Кенжегулованың (ары қарай - талап қоюшы) жауапкер «Алматы қаласы Қала Құрылысын бақылау басқармасы» коммуналды мемлекеттік мекемесіне (ары қарай - жауапкер) берген 15.09.2025 жылғы ЖТ-2025-02908875 саңды жауабын заңсыз деп тану, арызың қайта қарау туралы əкімшілік талап қою арызын қарап, әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі - МАӘС) 2025 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі - ӘІжСА) 2025 жылғы 18 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Н. Кенжегулова жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

МАӘС-тің 2025 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпау салдарынан Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайтарылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 18 желтоқсандағы ұйғарымымен МАӘС-тің ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылды.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Талап қоюшы соттың атына істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат жолдаған.

Жауапкер өкілі кассациялық сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Әкімшілік істің материалдарынан басқарманың талап қоюшының өтініштерін алғаннан кейін, заңмен жүктелген міндеттерін орындағаны анықталды: тексерулер тағайындап, өткізген, олардың нәтижелері бойынша объектінің меншік иесіне қатысты актілер жасалған, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, қаралған. Осы процестік әрекеттердің барлығы және олардың нәтижелері туралы талап қоюшы дауланатын жауаптарда хабардар етілген.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттей келе, кассациялық сот қабылданған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытындыға келеді, өйткені олардың негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды қайтару туралы тұжырымдардың дұрыстығын көрсетеді. ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сай жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, ӘРПК-де көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігіне сәйкес:

  1. әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе айқындалатын тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;

  2. әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) - әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Бұл ретте дау нысанасы әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, оларды шектейтін, тоқтататын не оған белгілі бір міндеттер жүктейтін, сондай-ақ оның құқықтық жағдайын өзге де түрде нашарлататын акті немесе әрекет (әрекетсіздік) болып табылады.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер соттармен қаралып, оларға тиісті баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық сот шағымданып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер таппайды.

Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылдың 14 қарашадағы ұйғарымы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев

Судьялар М. Қасымов

Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.