6кп-75-18
Қ А У Л Ы
2019 жылғы 10 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева,
судьялар М. Балкен, Б. Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның қорғаушысы Қ[...] 2018 жылғы 12 желтоқсандағы ордері негізінде,
«Алматы облысының полиция департаменті Көксу ауданының полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) өкілі М[...] 2018 жылғы 9 қаңтардағы сенімхат негізінде қатысуымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Алматы облысы Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2016 жылғы 02 маусымдағы және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 15 шілдедегі қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен
М[...] (B[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Алматы облысы Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2016 жылғы 02 маусымдағы қаулысымен М[...] (B[...]) ӘҚБтК-нің 517-бабының 7-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы және он бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандырылған сот алқасының төрағасы ұсынуда соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды ұсынады. Ұсынуды қолдаған прокурор Т[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның қорғаушысы Қ[...]
пікірлерін, керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Департаменттің өкілі М[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
Жергілікті соттардың қабылдаған қаулылары ӘҚБтК-нің 851бабының 5-бөлігінде көзделген кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес Қ[...] Республикасының азаматы 1996 жылғы 26 тамызда туған М[...] (B[...]) Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотының 2015 жылғы 26 тамыздағы қаулысымен ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
М[...] (B[...]) 2016 жылғы 18 мамырда Алматы облысы, [...] ішкі істер бөлімінің көші-қон полициясымен жүргізілген жедел іс-шара өткізу барысында визада не тіркеу кезіндегі көші-қон карточкасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін үш тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарған. Осылайша, М[...] (B[...]) өзінің іс-әрекетімен әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзған. Осы факт бойынша оған қатысты ӘҚБтКнің 517-бабының 7-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.
Жергілікті соттар М[...] (B[...]) кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп әкімшілік жауаптылыққа тартқан. Алайда соттардың әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі қаулылары негізсіз және заңсыз болып табылады. «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 13-тармағына сәйкес, сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманың талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Аталған нормативтік қаулының 6-тармағының талаптарына сай, заңнамаға сәйкес сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде білмейтін іске қатысатын адамдардың ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқықтары қамтамасыз етіледі және қорғалады.
Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде болған әңгімелерді жете түсінбейтін немесе жеткілікті дәрежеде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, сұрақтарға жауап бергенде, ауызша және (немесе) жазбаша тілде басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататындығын назарда ұстаған жөн.
Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 738-бабы 5-бөлігіне сәйкес, құқық бұзушы мен жәбiрленушiге тапсырылуға жататын процестік құжаттар олардың ана тiлiне немесе олар бiлетiн тiлге аударылуға тиiс.
Алайда, жергілікті соттардың назарынан азамат М[...] (B[...]) Қ[...] Республикасында туып - өскені, ол елде, жалпы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен басқа әлемнің ешбір елдерінде кирилица қарпімен оқытылмайтындығы тыс қалған. Сонымен қатар, құқықбұзушы сот кезінде қабылданған бірде бір актіні оқи алмайтыны, тиісінше түсіне де алмайтыны оның іс материалдарындағы құжаттарға қойған қолтаңбасынан анық көрінеді. Соған қарамастан, сот және уәкілетті органмен іс құжаттарын және қабылданған қаулыларды М[...] еркін меңгерген латын қарпіне аудару қамтамасыз етілмеген.
Сонымен қатар, нормативтік қаулының 14-тармағына сәйкес, процеске қатысушылардың аты-жөні, тегі актілерде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарға дәл сәйкестікте көрсетілуі тиіс.
Алайда, бірінші және апелляциялық сот актілерінде де құқық бұзушының аты-жөні төл құжатында B[...] деп көрсетілгеніне қарамастан, айтылуы бойынша қазақ тілінде М[...] деп жазылған.
Сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманың талаптарын сақтамау процестік заңды елеулі түрде бұзу болып табылады және шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде заңды бұзуына жол берілмейді және заңда белгіленген жауаптылыққа, қабылданған актілердің жарамсыз деп танылуына және олардың күшінің жойылуына әкеп соғады. ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-бөлігінің 5)-тармақшасына сәйкес, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмдерiнiң өтуi кезінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады. ӘҚБтК-нің 843-бабы 3-бөлігінің 4, 5) тармақшаларына сәйкес егер: өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның ана тiлiн немесе өзi бiлетiн тiлдi және аудармашы көрсететін қызметтерді пайдалану құқығы бұзылса; өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға iстiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме беру құқығы берiлмесе кез келген жағдайда қаулының күшi жойылуға жатады.
Сот қаулыларын сөзсіз жою үшін негіздердің болуын және кассациялық қайта қарау сәтінде іс бойынша ескіру мерзімінің өтіп кетуін ескере отырып, алқа аталған қаулылардың күшін жою және істі жаңадан қарауға жібермей іс бойынша іс жүргізуді тоқтату қажет деп есептейді.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Алматы облысы Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2016 жылғы 02 маусымдағы және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 15 шілдедегі қаулыларының күші жойылсын.
Әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты М[...] (B[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517бабының 7-бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Судьялар
М. Балкен
Б. Шермұхаметов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.