6001-22-00-6ап/962
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 6 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.У.Баймаханов,
судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
талап қоюшы – У[...], оның өкілі – Ш[...], жауапкерлер: Қызылорда қаласы әкімінің өкілі – Б.Ж.Баймаханов, Тасбөгет кенті әкімінің өкілі – К[...],
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі К[...],
мүдделі тұлға: К[...] өкілі С[...],
«Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекеменің өкілі Б[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы У[...] жауапкерлер Қызылорда қаласы әкіміне, Тасбөгет [...] мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына мүлікті жария етудің хаттамалық шешіміне дау айту және «Нұр Арай» дүкенінің жапсарлас ғимарат пен шатырын бұздыруды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысына мүдделі тұлғаның өкілі С[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы мүлікті жария ету жөніндегі қалалық комиссияның 2016 жылғы 15 қаңтардағы №441 хаттамалық шешімімен келіспей, жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Даулы хаттамалық шешім заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлғаның өкілі С[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы және жауапкер өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2015 жылғы 27 сәуірдегі Тасбөгет [...] шешімімен К[...] Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті, наурыз шағын ауданы, №[...] үй, [...] пәтер мекенжайында орналасқан дүкенге қосымша құрылыс салу үшін көлемі 72,0 шаршы метр бөлінбейтін жер учаскесіне жеке меншік құқығы ақы төлеу арқылы табысталған.
Осы шешімге сәйкес «Қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мемемесі мен К[...] арасында 2015 жылы 8 қыркүйекте №64 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жасалып, 2015 жылғы 5 қарашада меншік құқығы тіркеуші органда тіркелген.
2016 жылғы 15 қаңтардағы мүлікті жария ету жөніндегі қалалық комиссияның №441 хаттамалық шешімімен К[...] Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті, Наурыз шағын ауданы, №[...] үй, тұрғын емес №9-А құрылыс жария етілген.
Бұл құрылыстың техникалық паспортында 2014 жылы салынғаны және шатыры профилді тақтадан жасалғаны деп көрсетілген.
Басқарманың 2021 жылғы 30 қыркүйектегі №ЖТ-2021-771531 хатына сәйкес, даулы құрылыс құрылыс нормаларына сай емес екені айқындалған.
У[...] 2019 жылғы 27 мамырдағы тұрғын пәтерді сатып алу-сату шартына сай даулы құрылыс дүкеннің жоғарғы 2 қабатында орналасқан №[...] пәтердің меншік иесі болғанына байланысты, сотқа талап қоюмен жүгінген.
Соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, даулы құрылыс жария етілген уақытта ол құрылыс нормаларына сәйкес болмағанын негізге алған.
Жергілікті соттар істі мәні бойынша қарап, келесі мән-жайларды ескермеген.
ӘРПК-нің 136 - бабының бесінші бөлігіне сай, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Іс бойынша талап қоюшы У[...] әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды, өйткені даулы хаттамалық шешім К[...] қатысты шығарылған.
Сонымен қатар, даулы хаттамалық шешім 2016 жылғы 15 қаңтарда қабылданған, тиісінше оны қабылдаудың әкімшілік рәсіміне қатыспаған адам үшін, яғни У[...] үшін де оны даулау туралы талап қою мерзімі 2017 жылғы 15 қаңтарда аяқталған.
ӘРПК-нің 136 – бабының нормасына сай, көрсетілген бір жылдық мерзім ол тыйым салынатын мерзім болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды.
ӘРПК-нің 136 - бабының сегізінші бөлігіне сай, сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
Бірақ жергілікті соттар ӘРПК-нің аталған талаптарын бұза отырып, тыйым салынатын мерзімді қалпына келтіріп, істі мәні бойынша қараған.
ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
ӘРПК-нің 138 - бабының үшінші бөлігіне сай, осы баптың екінші бөлігінің 15) тармақшасы негізінде талап қою қайтарылғанда, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, әкімшілік талап қою қайтаруға жатады деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.
У[...] жауапкерлер Қызылорда қаласы әкіміне, Тасбөгет [...] мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына мүлікті жария етудің хаттамалық шешіміне дау айту және «Нұр Арай» дүкенінің жапсарлас ғимарат пен шатырын бұздыруды міндеттеу туралы талап қою кері қайтарылсын.
Мүдделі тұлғаның өкілі С[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.