6001-23-00-3гп-457
2024 жылғы 26-қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева, Ғ.Ж.Мырзакенің,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Е.К.Аубакировтың,
жауапкерлер: «AA BUILDING GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі Е.С.Ибрагимовтің, «SERHAT YAPI» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі А.З.Сейтахинованың, дара кәсіпкер «Мергалимов» Есен Жанабаевич Мергалимовтің өкілдері М.У.Мусиновтің, Б.Ж.Мергалимовтің, дара кәсіпкер «Samal» Айгуль Жарденовна Абдыкаримованың, аудармашы К.Б.Мусралимнің қатысуларымен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма, Салық органы), жауапкерлер «AA BUILDING GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), «SERHAT YAPI» ЖШС-не, «ӘділҚұрылыс» ЖШС-не, дара кәсіпкер «Мергалимов» Есен Жанабаевич Мергалимовке (бұдан әрі – ДК Мергалимов), дара кәсіпкер «Samal» Айгүл Жарденовна Абдыкаримоваға (бұдан әрі – ДК «Samal»), дара кәсіпкер Адильбек Калдыбаевич Омаровқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20-қарашадағы шешімін және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30-қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы Басқарманың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20-қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30-қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта Басқарма жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерімен келіспей, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерін өзгертуді сұраған.
ДК Мергалимовтің өкілі Б.Ж.Мергалимов өтінішхатқа қарсы пікірінде жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерін күшінде, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Жауапкерлер «Әділ-Құрылыс» ЖШС-нің, дара кәсіпкер А.К. Омаровтың өкілдері кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, аталған жауапкерлердің өкілдерінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын олардың өкілдерінің қатысуынсыз өткізді.
Сот алқасы іс бойынша Басқарма өкілі Е.К.Аубакировтың, «AA BUILDING GROUP» ЖШС-ң өкілі Е.С.Ибрагимовтің өтінішхатты қолдаған түсініктерін, «SERHAT YAPI» ЖШС-нің өкілі А.З.Сейтахинованың, ДК «Мергалимовтің» өкілдері М.У.Мусиновтің, Б.Ж.Мергалимовтің, ДК «Samal» А.Ж.Абдыкаримованың дауланған сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға апелляциялық сатыдағы сот алқасына жолдауды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін, оған қарсы пікірді талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2023 жылдың 11-тамызында «АА BUILDING GROUP» ЖШС-і Басқармаға есепшілердің заңсыз әрекеттері фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тәуелсіз аудиторлар банктің
үзінді көшірмесін зерделеу кезінде бірқатар тұлғаларға іс жүзінде жұмыстар мен қызметтерді орындаусыз, заңсыз ақша аударымдары жүргізілгенін көрсетіп арызданған.
Басқарма осы негізде сотқа талап қоюмен жүгініп, оны нақтылап «АА BUILDING GROUP» ЖШС-нің «SERHAT YAPI» ЖШС-мен арасында жасалған айналым сомасы 48 885 246 теңге және қосылған құн салығы (бұдан әрі-ҚҚС) 5 472 801 теңге, ДК «Samal» арасында түзілген шарт бойынша айналым сомасы 14 813 500 теңге және корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі-КТС) 2 700 962 теңге, ДК «Мергалимовпен» жасалған шартпен айналым сомасы 21 053 000 теңге және КТС сомасы 4 210 600 теңге, «Әділ-Құрылыс» ЖШС-мен айналым сомасы 4 464 286 теңге, ҚҚС 535 714 теңге, ДК «Кабимен» айналым сомасы 1 800 000 теңге және КТС 360 000 теңге, ДК А.Қ.Омаровпен айналым сомасы 1 327 881 теңге, КТС 265 576 теңге электрондық шот фактуралармен (бұдан әрі-ЭШФ) расталатын, шарттар түзумен жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұраған.
«SERHAT YAPI» ЖШС 2022 жылдың 13-маусымынан бастап Басқармаға орналасқан жері бойынша, мекенжайын Астана қаласы, Ш.Иманбаева көшесі, 8/2 үй деп көрсеткен. Жетекшісі М.Б.Еркебұланов, қызмет түрі: тұрғын ғимараттар құрылысы. Салық төлеуші жалпы режимді қолданады. ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген.
ДК «Samal» 2019 жылдың 6-ақпанынан бастап Басқармаға орналасқан жері бойынша, мекенжайын Астана қаласы, Абай көшесі, 73/4 (кеңсе) деп көрсеткен. Жетекшісі А.Ж. Абдыкаримова, қызмет түрі: жүк автомобиль көлігінің қызметі. Салық төлеуші арнайы салық төлеу режимін қолданады. ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген.
ДК «Мергалимов» 2020 жылдың 20-ақпанынан бастап Екібастұз қаласы бойынша есепке тұрып, мекенжайын Екібастұз қаласы, 20 шағын аудан, 7 үй деп көрсеткен. Қызмет түрі: жүк автомобиль көлігінің қызметі, жетекшісі Е.Ж.Миргалимов. Салық төлеуші арнайы салық төлеу режимді қолданады. ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген.
«Әділ-Құрылыс» ЖШС 2019 жылдың 10-қаңтарынан бастап Басқармаға орналасқан жері бойынша, мекенжайын Астана қаласы, АБА даңғылы, 34 үй, 13 пәтер (кеңсе) деп көрсеткен. Жетекшісі С.Т.Алиев, қызмет түрі: тұрғын үй құрылысы. Салық төлеуші жалпы режимді қолданады. ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген.
ДК «Каби» 2022 жылдың 21-сәуірінен бастап Есіл ауданы бойынша есепке тұрып, мекенжайын Астана қаласы, А.Храпатый, 25 үй, 4 пәтер (кеңсе) деп көрсеткен. Қызмет түрі: басқа топтамаларға енгізілмеген өзге де
жеке қызметтерді ұсыну, жетекшісі Д.Е.Қаби. Салық төлеуші арнайы салық төлеу режимді қолданады. ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген.
ДК А.Қ.Омаров 2019 жылдың 12-наурызынан бастап Басқармаға орналасқан жері бойынша, мекенжайын Астана қаласы, күйші Дина көшесі, 25/1 үй, 19 пәтер (кеңсе) деп көрсеткен. Жетекшісі Ә.Қ.Омаров, қызмет түрі: компьютерлер мен перифериялық жабдықтарды жөндеу. Салық төлеуші арнайы салық төлеу режимді қолданады. ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеген.
Талап қоюшы тәуелсіз аудиторлар банктің үзінді көшірмесін зерделеу кезінде «АА BUILDING GROUP» ЖШС бірқатар ЖШС мен ДК-ге заңсыз аударымдар жіберген, олар іс жүзінде жұмыстар мен қызметтерді орындамаған, салық есептіліктерін тапсырмаған, олардың жеткізушілері жоғары, орташа және төмен тәуекел дәрежесінде, бұл мекемелер арасында жасалған мәмілелер заң талаптарына қайшы келетін мақсатта жасалған деп көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, шарттардың жалғандығы туралы Басқарманың түйіні іс құжаттарымен дәлелденбегенін, дара кәсіпкерлер техникалық төлқұжаттары бойынша жалға берілген арнайы техникалардың меншік иелері екенін, ДК А.К.Омаров әртүрлі компьютерлік қызметтерді атқарғанын, аталған жұмыстарды жүргізу үшін қызметкерлердің немесе өндірістік құрылғылардың болуы қажет емес екенін, көрсетілетін қызметтер салық органдарында тіркелгенін, салық кезеңінде олар жеке табыс салығын төлеу міндетемесінен босатылғанын; жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің орындалмаған хабарламалары жоқ екенін, тауарлар жағдайы бар жеткізушілерден алынғанын, қажетті салықтар төленгенімен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың түйіндерімен келісіп, талап қоюшы шешімде көрсетілген негіздерді жоққа шығармағанын және ол жауапкерлерге хабарламалар жолдамағанын, қозғалған қылмыстық іс оның қылмыстық нышаны болмауына байланысты Астана қаласы ішкі істер Департаментінің 2023 жылғы 4-мамырдағы қаулысымен қысқартылғанын көрсеткен.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 8-бабының 4-тармағына сай, салық төлеуші (салық агенті) жол берген Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталған болуға тиіс. Тұжырымдарды негіздеу және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын мән-жайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК)
458-бабына сәйкес кәсiпкер болып табылатын сатушы (тауар берушi) сатып
алушыға өзі өндіретін немесе сатып алатын тауарларды кәсіпкерлік қызметке немесе жеке өзіне, отбасына, үй ішіне және сол сияқты өзге де пайдалануға байланысты емес өзге мақсаттарға пайдалану үшін келісілген мерзімде немесе мерзімдерде беруге міндеттенеді.
«SERHAT YAPI» ЖШС-і (сатушы, тауар беруші) «АА BUILDING GROUP» ЖШС-мен (сатып алушы) 2022 жылы 1-сәуірде жасалған келісім-шарт арқылы Астана қаласы, Алматы ауданының К.Әзірбаев көшесінің, А199 және А200 үйлерінің қиылысында салынып жатқан «Future Home Astana» көпқабатты тұрғын үй кешені құрылыс объектісіне қажетті арматура, труба, швеллер, сым және тағы басқа да құрылыс материалдарын жеткізген, оларды сатып алушы - бас мердігер ретінде өз қажетіне пайдаланып, тиісті өтем банк арқылы жасалған.
Құрылыс материалдарының жеткізілгені және оны қабылдап алғаны жұмысшыларға берілген сенімхаттармен, накладнойлармен, орындалған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдау актілерімен, ЭШФ-мен, олардың «Future Home Astana» көпқабатты тұрғын үй кешені құрылыс объектісіне есепке алынғаны туралы бөлім басшысының актіге қойған қолымен расталады.
«SERHAT YAPI» ЖШС-нің жеткізушілері Басқарманың талап қоюында көрсетілген, бірақ соңғы ол жеткізушілермен арадағы болған тауар айналымы бойынша мәмілелердің жалған болғаны туралы дәлелдер сотқа ұсынбаған.
Сонымен қатар іске «SERHAT YAPI» ЖШС-нің 2023 жылы 2-наурызда өткен жылдың, яғни 2022 жылдың 4 тоқсанында өткізген ҚҚС бойынша кезекті декларациясында тауардың (қызметтің, жұмыстың) жалпы айналымы 689 784 058 теңге, ҚҚС 82 774 087 теңге екені көрсетілген.
Демек, «SERHAT YAPI» ЖШС-і өз айналымын жасырмай, салық есептілігінде көрсеткен, бірақ оның жалған екені туралы деректер іс құжаттарымен бекуін таппаған, Басқарма тарапынан оған хабарламалар жолданбаған, оның бюджет алдындағы қарызы бар екені туралы деректер ұсынылмаған.
«SERHAT YAPI» ЖШС-нің 2022-2023 жылдарға төлеген салық сомасы:
«Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге ҚҚС» КБК 105101 бойынша – 24 590 282 теңге.
«Ірі кәсіпкерлік субъектілерінен және мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын КТС» КБК 101111 бойынша – 22 003 587 теңге.
Жоғарыда аталған төлемдер Басқармамен жоққа шығарылмаған.
АК-тің 540 және 585-баптарына сәйкес жасалған мүлікті жалдау, оның ішінде көлік құралын экипажымен жалдау шарттары бойынша ДК «Мергалимов» тиегіш пен мұнараны жалға (2022 жылы 20-қазанда), ал ДК «Samal» арнайы техника қызметін экипажбен (2022 жылы 1-сәуірде және 20-қазанда), «Әділ-Құрылыс» ЖШС-і монолитті грильяж құрылғысын жалға беру шарттарына сәйкес «АА BUILDING GROUP» ЖШС-нің «Future Home Astana» көпқабатты тұрғын үй кешені құрылыс объектісіне арнайы техникамен ақылы қызмет көрсеткен және олар банк арқылы төленген.
Тиегіш пен мұнараның ДК «Мергалимовке» тиесілі екені олардың техникалық төлқұжаттарымен расталады, соңғы ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелмеген, арнайы техниканың жалға 2022 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейін берілгені өзара қол қойылған орындалған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдау актілерімен, мұнараның күнделікті жұмыс істегенін растайтын жұмыс уақытын есептеген картамен, құрылыс орнынан түсірілген суреттермен (мемлекеттік номерлері AND 849 S, XCMG 975 ACI14) дәлелденген.
ДК «Samal» мен «АА BUILDING GROUP» ЖШС-ң арасында түзілген шарттар бойынша соңғыға арнайы техника фронтальді тиегіш LW 300 F, мемлекеттік номері AVD104Z6 экипажбен жалға берілген, оның ДК «Samal»-ға тиесілі екені техникалық төлқұжатпен расталған, соңғы ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелмеген, арнайы техниканың жалға берілгені өзара қол қойылған орындалған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдау актілермен дәлелденген.
Алқа отырысында А.Ж.Абдыкаримова фронтальді тиегіштің жүргізушісі өзінің жолдасы Булембеков С.О. екенін көрсеткен.
ДК А.Қ.Омаров «АА BUILDING GROUP» ЖШС-нің пайдасына әртүрлі компьютерлік қызметтерді атқарған, соның ішінде 2 000 теңгеге принтерді орнату, Xerox B205NI құрылғысын 151 000 теңгеге, ақпараттық үдеткішті 360 900 теңгеге, антивирус орнату, Windows, Autocad офистік бағдарламалары сатып орнатуды 813 981 теңгеге көрсеткен, яғни АК-тің 683- бабында көрсетілген өтелмелі қызмет көрсеткен.
Аталған жұмыстарды жүргізу үшін қызметкерлер мен өндірістік құрылғылардың болуы қажет етілмейді және оның атқарған қызмет түрі салық органында тіркелген қызмет түрімен сәйкес келеді.
Жергілікті соттар Салық органының салық төлемегені туралы уәжін «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16-наурыздағы № 287 Жарлығын салық салу мәселелері бойынша іске асыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20- сәуірдегі № 224 қаулысында төлем көзінен ұсталатын жеке табыс
салығының мөлшерлемелеріне «0» түзету коэффициенті белгіленгенімен еске алмаған.
Демек, аталған салық кезеңінде дара кәсіпкерлер жеке табыс салығын төлеу міндетінен босатылған.
«Әділ-Құрылыс» ЖШС-і тәуекелділігі төмен салық төлеушілер қатарына жатады, орындалмаған хабарламалары жоқ.
2022 жылға төлеген салық сомасы:
«Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге ҚҚС» КБК 105101 бойынша – 36 677 456 теңге.
«Ірі кәсіпкерлік субъектілерінен және мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы» КБК 101111 бойынша – 1 003 375 теңге.
Бұл төлемдер де Басқармамен жоққа шығарылмаған.
Сонымен қатар, «АА BUILDING GROUP» ЖШС-нің басшысы А.Е.Кайрлиевтің арызымен қозғалған қылмыстық іс тергеумен анықталмаған белгісіз адамдардың әрекеттерінде қылмыстық нышан болмауына байланысты Астана қаласы ішкі істер Департаментінің 2023 жылғы 4-мамырдағы қаулысымен қысқартылған.
Салық органы талап қоюында АК 158-бабының 1-тармағына сілтеме жасаған, бірақ даулы мәмілелердің мазмұны қандай заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалғаны, жауапкерлердің бiрi мәмілені мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқаны, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлгені немесе бiлуге тиiс болғаны, мәміленің құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғаны жөніндегі дәлелдерді сотқа ұсынбаған.
АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сондықтан кассациялық сот алқасы осы іс бойынша жергілікті соттардың шығарған сот актілері істің мән-жайларына сәйкес және қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтай отырып қабылдағанын мәлімдейді.
Даулы Шарттар мен Шот-фактураларда көрсетілген жұмыстардың орындалғаны Салық органымен жоққа шығарылмаған.
Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлікпен айналысу үшін міндетті түрде оның атында тіркелген жылжымайтын және жылжыйтын мүліктердің болуы міндеттелмеген. Кәсіпкерлік қызмет көрсету барысында
мүлікті уақытша жалға алуға, тауарды бір мекемеден сатып алып екінші мекемеге тікелей жеткізуге заңмен шектеу қойылмаған.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы Салық органының келтірген уәждерімен келіспейді, себебі жергілікті соттар істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, Басқарманың талап қоюын заңды қанағаттандырусыз қалдырған.
Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырады.
Басқарма сотқа берген талап қоюында «АА BUILDING GROUP» ЖШС мен ДК «Каби» арасындағы айналым сомасы 1 800 000 теңге болатын, ЭШФ-мен расталатын мәмілені жарамсыз деп тануды сұраған.
Бірақ Басқарманың ол талабы жергілікті соттармен шешуін таппаған.
АПК-нің 236 бабының 1-тармағының 1) тармақшасы бойынша іс бойынша шешiм шығарған сот iске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша егер iске қатысатын адамдар дәлелдемелер ұсынған және түсiнiктемелер берген қандай да бiр талап бойынша шешiм шығарылмаса қосымша шешім шығара алады.
Сол себепті Басқармаға бірінші сатыдағы сотқа ДК «Каби» бойынша қосымша шешім шығару үшін арыз беруге құқылы екенін түсіндіреді.
Сондықтан сот алқасы Салық органының ДК «Каби» жөніндегі өтінішхатын қараусыз қалдырады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20-қарашадағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30-қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н.К.Шәріпов
Судьялар
Б.Р.Ералиева Ғ.Ж.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.