№6003-25-00-2к/4292 (3)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 7 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор К[...],
талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкердің өкілі С[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Ұлттық қорғаныс университеті) жауапкер М[...] негізсіз төленген сомасын қайтару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің өкілі С[...] Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы шешіміне және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Ұлттық қорғаныс университеті жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Жауапкер М[...] мемлекет пайдасына 19 556 291 теңге сомасы және 586 688 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгерсізсіз қалдырылған.
Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс бойынша жинақталған
дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда жауапкер М[...] 2005 жылдан бастап 2024 жылдың қаңтарына дейін әр түрлі әскери бөлімдер мен әскери құрылымдарда әскери қызмет атқарған, Ұлттық қорғаныс университеті соңғы жұмыс орны болған.
Ұлттық қорғаныс университеті бастығының 2024 жылғы 16 қаңтардағы №1-ОҚ бұйрығымен М[...] әскери-дәрігерлік комиссиясының әскери қызметке бейбіт уақытында жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы негізінде денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен запасқа шығарылған.
Ұлттық қорғаныс университетінің тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 12 ақпандағы хаттамасына сәйкес М[...] 2009 жылдың маусымынан бастап 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге біржолғы тұрғын үй төлемдері төленуі қажеттігі туралы шешім шығарылған.
Осыған байланысты М[...] 35 453 891 теңге мөлшерінде біржолғы тұрғын үй төлемдері Ұлттық қорғаныс университеті бастығының 2024 жылғы 5 наурыздағы №86 бұйрығы негізінде төленген.
Ақмола гарнизоны әскери прокуратурасының Ұлттық қорғаныс университетінде 2022-2024 жылдарда заңдылықтың сақталуына жүргізген тексеріс нәтижесінде 2024 жылғы 6 желтоқсандағы №2-1805-24-01864 заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсынысы енгізілген. Анықтамаға сәйкес М[...] өзінің меншігінде болған тұрғын үйді иеліктен шығару кезеңі және одан кейінгі 5 жыл мерзімі үшін біржолғы 19 556 291 теңге сомасында тұрғын үй төлемдерін негізсіз алған.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-2-бабының 5-тармағына сәйкес әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқартылуына байланысты, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, өздеріне қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған
жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдері үшін: 1) бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері; 2) бұрын Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қ[...], басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен берілген М[...] меншік құқығындағы мүліктің бар жоғы туралы анықтамаға сәйкес оның жұбайымен ортақ меншігінде 2005 жылдан бастап Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Абай көшесі [...] үй [...] пәтер мекенжайында орналасқан тұрғын үйі болған, оны жауапкердің жұбайы Р[...] 2009 жылдың 11 маусымында сатып алу-сату шарты негізінде иелігінен шығарған.
Заңның 72-бабына сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру үшiн есепке қоюдан бас тарту негiздерi қарастырылған. Оның ішінде, егер азаматтың соңғы бес жылдың iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан, яғни оның Қазақстан Республикасының белгiлi бiр елдi мекенiнде орналасуына қарамастан, өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi, жергiлiктi атқарушы орган тұрғын үйдi осы Заңның 98-1-бабына сәйкес сатып алғаннан басқа жағдайларда, иелiгiнен шығаруы жолымен мұқтажға айналғаны анықталса мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай беру үшiн есепке қоюдан бас тартылады.
Ұқсас талаптар Заңның 103-1-бабының 3-тармағында бекітілген: әскери қызметшілерді, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы), зайыбының (жұбайының) некеге тұрғанға дейін тұрғынжайы болған жағдайды қоспағанда, өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізсе, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады.
Жауапкер М[...] пен оның жұбайы Р[...] заңды некесі 2004 жылғы 28 қарашада тіркелген, яғни жоғарыда аталған 2005 жылы сатып алынған пәтер ерлі-зайыптылардың ешқайсысының некеге тұрғанға дейінгі тұрғынжайы болмаған.
Сондықтан төменгі сатыдағы соттар жауапкердің Астана қаласы бойынша 2009 жылдың 11 маусымы - 2014 жылғы 10 маусымы аралығындағы
мерзімде тұрғын үйге мұқтаж деп танылуы мүмкін болмағандықтан оған осы мерзімге 19 556 291 теңге біржолғы тұрғын үй төлемдері негізсіз төленген деген дұрыс тұжырымға келген.
Сонымен қатар кассациялық сот төменгі сатыдағы соттар жауапкерге төленген тұрғын үй төлемдері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 960-бабында көзделген жағдайларда алынған мүлік болып есептелуге жатпайдығы туралы дұрыс тұжырым жасаған деп санайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында төменгі сатыдағы соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Кассациялық сот АПК-нің 126-бабының талаптарына сәйкес жауапкер өкілінің сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алғанын ескеріп, шағым беру мерзімі қалпына келтірді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жауапкердің өкілі С[...] сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырылсын.
Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 20 ақпандағы шешімі және Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкердің өкілі С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.