ВС РК - Постановление от 23.02.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1630 (Административное)

6001-22-00-6ап/1630

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 23 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев, талапкер өкілі И[...]., жауапкер өкілі Р[...]., мүдделу тұлғалардың өкілдері А[...], К[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы) жауапкер «Түркістан облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) автокөлік құралын тіркеуден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану, автокөлік құралын тіркеуді, техникалық құжаты мен мемлекеттік нөмірлік белгіні беруді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 маусымдағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы Департаменттің автокөлікті тіркеуден бас тарту әрекетімен келіспей, талапкердің өнім (тауар) өндірушілер мен импорттаушыларға, сондай-ақ автокөлік құралын бастапқы тіркеу кезінде кеңейтілген міндеттемелер бойынша салық немесе баж төлеушіге жатпайтындығын, автокөлікті тіркеуге қою үшін кедендік рәсімдерді қолдануға болмайтынын көрсеткен.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 наурыздағы шешімімен талап қоюшының талаптары толық көлемде қанағаттандырылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы іске қатысушылардың кассациялық шағым бойынша пікірлерін тыңдап, шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, сот үкімімен тәркіленген автокөлік құралы кедендік рәсімдеуге жатпайтындығы жөнінде тұжырым жасаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп тапты.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің (бұдан әрі - Кеден кодексі) 36-бабының 1-тармағына сай, соттың шешімі бойынша тәркіленген немесе мемлекет меншігіне айналдырылған шетелдік тауарлар - кедендік рәсімдермен орналастырылуға, ал жеке пайдалануға арналған тауарлар еркін айналымға шығаруға жатпайды.

Іс материалдарына қарағанда, Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 13 мамырдағы үкімі бойынша «Toyota Highlander Hybrid» маркалы, 2008 жылы шығарылған, ақ түсті, шанақ №[...] автокөлік құралы тәркіленіп, мемлекеттің кірісіне айналдырылған.

Автокөлік құралы 2021 жылғы 12 тамыздағы мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актісіне сәйкес, Ақтөбе облысының Әділет департаментінің сот орындаушысымен «Ақтөбе мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемесіне өткізілген. Ақтөбе мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің арыздарды қарау нәтижелері туралы 2021 жылғы 8 қазандағы №222665 хаттамасы негізінде, даулы автокөлік Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының теңгеріміне қайтарымсыз және ақысыз берілген.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген Қағиданың 16 тармағы 4) тармақшасына сәйкес, тiркеу іс-қимылдарын жасау үшін көлік құралдарының иелерi Салық кодексінде белгіленген баждар мен алымдарды төлеуді, Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінде белгіленген көлік құралын бастапқы тіркеу кезінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындауды растайтын құжаттарды ұсынады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» 2-тармағының 1), 2)-тармақшаларына сәйкес, импорттаушылар - Қазақстан Республикасының аумағына өнімді әкелуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, ал өндірушілер - Қазақстан Республикасының аумағында өнімді өндіруді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілікті соттардың АқсуЖабағылы мемлекеттік табиғи қорығы импорттаушылар мен өнімді өндіруді жүзеге асыратын тұлғалардың қатарына жатпайтынын назарға ала отырып Полиция департаментінің автокөлік құралын тіркеуден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану жөніндегі тұжырымен толық келіседі.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілі Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.
Судьялар Нажмиденов Б.Т.
Нұрбаев Г.К.
Көшірмесі дұрыс. Судья

Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.