Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2373 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/2373 іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 шілде Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, А.К.Есдаулетов болып, талап қоюшы өкілі А[...],

жауапкер өкілі А[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 13 қазандағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 28 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Ақтөбе облысының білім басқармасы Шалқар ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Ү[...] атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне біліктілік санатын төмендету туралы бұйрықтарды заңсыз деп танып күшін жою, біліктілік санаты төмендетілген кезең үшін жалақы айырмасын төлеуді міндеттеу жөніндегі электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Ж[...] талап қоюында, аттестаттау ережелерінің бұзылуына, оның өткізілетін мерзімі туралы жазбаша хабарланбауына, олармен таныстырылмауына байланысты «Ү[...] атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мектеп) 2022 жылғы 1 қыркүйектегі № 2-254, 2023 жылғы 4 қаңтардағы № 2-22-1, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі №№ 2-274, 2-274-1, 2025 жылғы 19 мамырдағы №2-209 біліктілік санатын төмендету туралы бұйрықтарды заңсыз деп танып күшін жоюды, біліктілік санаты төмендетілген кезең үшін ақшалай қаражат пен жалақысындағы айырмасын төлеуді міндеттеуді сұраған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 28 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 13 қазандағы шешімімен Ж[...] бұл талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың іс бойынша талап қою мерзімінің өтіп кеткені, даулы бұйрықтардың заңға сәйкес қабылданғаны және олармен талап қоюшының құқықтары бұзылмағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.

Ж[...] кассациялық шағымында, соттың бұл тұжырымдарымен келіспей, іс бойынша талап қою мерзімі дұрыс есептелмеуіне, бұйрықпен таныстыру актісінің кейіннен жасалып, бір күнде мазмұны бөлек екі бұйрықтың қабылдануына, талап қоюдың жалақы айырмасын өндіру бөлігінің дербес зерттелмеуіне, сотпен шешім қабылдауда бір-біріне қарама қайшы түйіндердің жасалуына байланысты сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарау үшін жіберуді сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждеріне қарсылық білдіріп, талап қоюшымен тиісті тәртіппен, уақытында аттестаттаудан өту жөнінде өтініш берілмегендіктен даулы бұйрықтардың қолданыста болған заңдарға сәйкес қабылдануына байланысты, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 449-бабының талабы бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ Заңының 15-бабы 1-тармағы 3)-тармақшасының талабына сәйкес, педагог өзінің кәсіби шеберлігін, зерттеушілік, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үнемі жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санатының деңгейін кемінде бес жылда бір рет арттыруға міндетті.

Ж[...] «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығының 65-тармағына сәйкес, аталған талапты білген немесе білуге тиіс болған.

«Ақтөбе облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2017 жылғы 17 мамырдағы № 631 бұйрығымен Ж[...] «Өзінде бар біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты дене шынықтыру пәні мұғалімі» біліктілік санатының талаптарына сәйкес келетіні бекітілген.

Яғни, бұл біліктілік санатының күші 2023 жылға дейін жарамды болған.

Іс құжаттарына қарағанда, Мектептің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі №2254 бұйрығымен кезекті аттестаттауға өтініш уақытында берілмегендіктен Ж[...] біліктілік санаты «педагог» санатына дейін төмендетілген.

Кейіннен, Мектептің 2023 жылғы 4 қаңтардағы №2-22-1 бұйрығымен, Облыстық білім басқармасының 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №1/5217 хаты негізінде, 2022 жылғы аттестаттау кезеңі 2023 жылғы қаңтар – мамыр айларына ауысуына байланысты Ж[...] өзінде бар санаты 2023

жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылған.

2023 жылғы 1 қыркүйектегі №2-274 Мектеп бұйрығымен жоғарғы санатты Ж[...] аттестаттау кезеңінде біліктілік санатын жаңартуға өтініш уақытылы берілмегені және біліктілік санатының жарамдылық мерзімі өтіп кетуіне байланысты бір санатқа түсірілген.

Сол күнгі №2-274-1 Мектеп бұйрығымен жоғарғы санатты Ж[...] аттестаттау кезеңінде бір санатын жаңартуға өтініші уақытылы берілгені және санатының жарамдылық уақыты өтіп кетуіне байланысты санаты бір саты төмендетіліп, бір санатқа түсірілген.

Өз кезегінде, Ж[...] осы бұйрықтардың заңдылығын даулап сотқа талап қоюмен бастапқыда тек 2025 жылғы 19 маусымда, келісу комиссиясына арызбен 2025 жылғы 22 шілдеде жүгінген.

Сотта істі қарауда Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 160бабында көзделген мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері анықталмаған. Мерзімді қалпына келтіруге негіз болатындай ерекше жағдайлар, талап қоюшының жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және тағы басқа) болмағандықтан, талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн соттар орынсыз деп дұрыс таныған.

Іс бойынша заңда көзделген талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұруға немесе оның өтуiне үзiлiс болатын негіздер анықталмаған, Ж[...] талабы талап қою қолданылмайтын талаптар қатарына жатпаған. Мерзімді өткізіп алуға қатысты уәждері расталмаған және сотта анықталған мән-жайлармен жоққа шығарылған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 179-бабының 3- тармағына сәйкес талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Сондықтан талап қоюдың бұл бөлігі бойынша сотқа жүгіну мерзімі дәлелді себептерсіз өткізіп алынғандықтан, сотпен іс бойынша өзге де іс жүзіндегі мән-жайлар зерттелмей, талап қоюдан бас тарту туралы заңды шешім қабылданған.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 533 бұйрығымен өзгерістер еңгізілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығының (бұдан әрі-Бұйрық) 3-Параграфы 125-тармағының талабы бойынша, педагог тамыз-желтоқсан (қаңтар-мамыр) аттестаттау кезеңінде біліктілік санаттарын алуға (растауға) кезекті аттестаттау үшін өтінішті уақытылы бермеген жағдайда, біліктілік санаты бір деңгейге төмендетіледі. Осы біліктілік санаты келесі тамыз-желтоқсан (қаңтар-мамыр) аттестаттау кезеңіне дейін сақталады.

Мектептің 2025 жылғы 19 мамырдағы №2-209 бұйрығымен ескі санаттардың қолдану мерзімі аяқталғандықтан Ж[...] санаты «педагог» санатына дейін төмендетілген.

Сотта Ж[...] Бұйрықтың 1-тарауында көзделген тәртіппен (педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары) қолданыстағы санат мерзімі өткенге дейін одан әрі аттестаттау өту жөнінде өтініш осы күнге дейін берілмегені анықталған, аталған мән-жайлар талап қоюшымен жоққа шығарылмаған.

Сондықтан, жұмыс беруші жоғарыда аталған Бұйрықтың талабы бойынша оның санатын «педагог» санатына дейін төмендетуге міндетті болған.

Еңбек заңнамасында жұмыс берушінің бұл актісінің жұмыскерді міндетті түрде сақталуы тиіс белгілі бір таныстыру тәртібі қаралмаған.

Осыған орай бұйрықпен таныстырылмағаны жөніндегі талап қоюшының уәждері өздігінен оның заңсыздығына әкеп соқтырмайды, одан бөлек оның шынайылығы сотта расталмаған.

Бастысы, Ж[...] аттестаттау кезеңінде біліктілік санатын жаңартуға өтініш берілмегені анық, сәйкесінше оның бұл әрекетсіздігі талапқа сәйкес біліктілік санатының жарамдылық уақыты өтіп кетуіне байланысты өзінде бар біліктілік санатының төмендетуіне әкеп соқтырған.

Сотпен жеке ұйғарым жұмыс беруші тарапынан орын заңнаманың бұзушылығына байланысты емес, даулы бұйрықтарды рәсімдеуде орын алған кемшіліктерге қатысты шығарылған.

Онда көрсетілген қателіктер талап қоюшының құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырмаған. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Негізгі басты талап қою қанағаттандырусыз қалдырылғандықтан, одан туындаған төмендетілген кезең үшін жалақы айырмасын төлеуді міндеттеу жөніндегі талаптың іс жүзіндегі мән-жайларын зерттеудің маңыздылығы болмаған, талап қоюдың бұл бөлігі негізді қанағаттандырусыз қалдырылған.

Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге соттармен тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген. Талап қоюшының сот тұжырымдарымен құқықтық негізсіз келіспеуі, өздігінен сот актілерінің заңсыздығының дәлелі болып табылмайды.

Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.

Сондықтан бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шалқар аудандық сотының 2025 жылғы 13 қазандағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 28 қаңтардағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші

Г.Джаппарова

А.Айкенова

Судьялар

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.