Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Определение от 04.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1723 (Гражданское)

ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ

2025 жылғы 4 қараша №6003-25-00-2к/1723 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің,

талап қоюшының өкілі Б.К.Серикбаевтың, жауапкер Б.А.Ахметбайдың және оның өкілі А.Б.Сейдалиеваның, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Н.Ешенкуловтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің - (бұдан әрі Департамент) жауапкерлер Тоқтарбек Тәңірбергенұлы Мұратбековқа, Ғани Әбуұлына, Айдар Каниевич Абуовқа, Берік Аманбекұлы Ахметбайға, Айғаным Бағдатқызы Асылханға, Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, нотариустар: Нурия Муталиевна Мадыбековаға, Агиля Мамыровна Борыкбаеваға, Меруерт Тажибековна Хусайноваға

Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының 17 сәуір 2007 жылғы №43359 Т.Т. Мұратбековтың атына берілген шешімін жарамсыз деп тану,

2008 жылғы 24 қаңтардағы №781 Т.Т.Мұратбеков пен Ғ.Әбуұлы арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану,

2015 жылғы 29 қазандағы №13874 Ғ. Әбуұлы мен А.К.Абуовтың арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану,

2017 жылғы 26 қаңтардағы №119 А.К.Абуов пен Б.А.Ахметбайдың арасында жасалынған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен жайда орналасқан, кадастрлық №19-309-075-348 жер телімін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану,

2015 жылғы 29 желтоқсандағы №3679 санды салынған объектіні қабылдау комиссиясының актісін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешімімен Департаменттің жоғарыда аталған талап қою қанағаттандырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер Б.А.Ахметбайдың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың 2025 жылғы 4 қарашадағы қаулысымен көрсетілген сот актілері күшінде, жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Іс құжаттарына сәйкес, Шымкент қаласы прокуратурасының 2024 жылғы 14 тамыздағы №2-40-24-12849 заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсынысымен Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 17 сәуірдегі №43359 шешімі негізінде рәсімделген №19-309-075-348 кадастрлық іс құжаттарына зерделеу жұмыстары жүргізілген.

Зерделеу барысында анықталғандай, Т.Т.Мұратбековке Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан құрылған жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 17 сәуірдегі №43359 шешімімен Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен-жайынан жер телімін жария етіп, жер иелену құқығын беретін кадастрлық №19-309-075-348 сәйкестендіру актісі табысталған.

2008 жылдың 24 қаңтарында Т.Мұратбеков пен Ғ.Әбуұлы арасында

№781 даулы жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалынған.

2015 жылдың 29 қазанында Ғ.Әбуұлы мен А.Абуов арасында №13874 даулы жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалынған.

Жауапкер А.Абуов сатып алған даулы жер учаскесіне тұрғын үй салып 2015 жылдың 29 желтоқсанында №3679 қабылдау комиссиясының актісін тіркеуші органда тіркеген.

2017 жылдың 26 қаңтарында А.Абуов пен Б.А.Ахметбай арасында №119 Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен - жайда орналасқан кадастрлық №19-309-075-348 тұрғын үйді жер учаскесімен сатып алу-сату келісім шарты жасалынған.

«Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі №157 Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабында, мүлікті жария ету-табысты жариялау мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсімделмеген не тиесілі емес тұлғаға рәсімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі деп және осы Заңның 11 бабында, Қазақстан Республикасы аумағында тұрған, оған құқықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, рәсімделмеген

жылжымайтын мүлікті жария ететін жария ету субъектілері болып белгіленген, ал осы баптың 3 тармағында, жер учаскесіне жеке меншік құқығына актіні рәсімдеу «Мүлікті жария етілген жер учаскелеріне құқықтарды» рәсімдеу ережелерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатындығы көрсетілген.

Заңның 9-бабына сай, жария етуге жататын мүлікке қатысты ұсынған мәліметтердің толықтығына және дұрыстығына, соны ұсынған жария етушінің өзі жауапты.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 5 және 6 тармақтарында азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтіруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетіндей етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттеріне жол берілмейтіндігі көрсетілген.

Жергілікті соттар істі қарау барысында Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясы Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен-жайыда орналасқан мемлекеттің меншігіндегі бос жатқан, алаңы 0,0800 га, жер учаскесіне 2007 жылғы 17 сәуірдегі №43359 шешімімен Т.Т.Мұратбековтың меншік құқығы заңсыз танылғаны анықталған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 270-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді.

Сондықтан кассациялық сот Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының аталған шешімін қабылдау кезінде заңдылықтың бұзылғаны туралы Шымкент қалалық прокурорының назарына жеткізу қажет деп санайды.

АПК-нің 268, 269,270 баптарын басшылыққа алып, сот

ҰЙҒАРДЫ:

Шымкент қаласы әкімдігінің мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясы Шымкент қаласы, Бозарық мөлтек ауданы, №10 «А» мекен-жайыда орналасқан мемлекеттің меншігіндегі бос жатқан, алаңы 0,0800 га, жер учаскесіне 2007 жылғы 17 сәуірдегі №43359 шешімімен Т.Т.Мұратбековтың

меншік құқығын тануда заңдылықтың бұзылғаны туралы Шымкент қалалық прокурорының назарына жеткізілсін.

Осы жеке ұйғарым бойынша қабылданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа хабарлансын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.