ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 қыркүйек 6003-25-00-4к/53 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева талап қоюшының өкілі Б.Ш.Урумбаев, жауапкердің өкілі Л.Калиеваның қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Нурмахан Ергешулы Баймусаевтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара Қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі –Департамент) тұрғын үй төлемдерін төлеуден бас тарту туралы хаттамалық шешімінің күшін жою, тұрғын үй төлемдерін төлеуге міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 тамыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қарашадағы қаулысына түскен талап қоюшының кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 тамыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі Б.Ш.Урумбаев, өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот, талап қоюшы өкілінің, жауапкер өкілінің пікірлерін тындап, кассациялық шағымын және оған қарсы пікірдін уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы 2005 жылғы 29 қарашадан 2024 жылғы 16 наурызға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаментінің түрлі әскери бөлімдерінде әскери қызмет атқарған.
2016 жылғы 11 қазандағы Шымкент қаласы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен талап қоюшы Н.Баймусаевқа мемлекеттік тұрғын үй қорынан «мемлекеттік, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер» санаты бойынша Шымкент қаласы, «Нұрсат» тұрғын алабы, №51 үйден № 109 пәтер берілген.
Осы негізде Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 4 тамыздағы хаттамалық шешімімен талап қоюшы «тұрғын үйге мұқтаждар» тізімінен алынып тасталған, ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылған.
Сонымен қатар, талап қоюшыға 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2022 жылдың маусым айын қоса есептегендегі аралыққа барлығы 11 751 22 теңге мөлшерінде ағымдағы тұрғын үй төлемдері төленген.
2024 жылдың 16 ақпанында талап қоюшы Департамент бастығының атына Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi №94 «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 101-2 бабының 5-тармағына сәйкес біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы баянат берген.
Департамент бастығының 2024 жылғы 16 наурыздағы №67 бұйрығымен талап қоюшы Н.Баймусаев Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561 «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 26-бабының 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес әскери қызметте болудың шектi жасына толуына байланысты әскери қызметтен босатылған.
Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 24 сәуірдегі №28 хаттамалық шешімімен мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрақты пайдалануында тұрғын үйдің болуы себепті тұрғын жайға мұқтаждар есебінен алып тастауы және ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылуы себепті, Н.Баймусаевтың біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеп беру туралы баянаты қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы сотқа берген талап қоюында даулы шешімнің күшін жойып, жауапкерді тұрғын үй төлемдерін төлеуге міндеттеуді сұраған. Дауды шешу кезінде талап қоюшының талаптарын қанағатандырусыз қалдыра отырып бірінші сатыдағы сот, Департаменттің тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 4 тамыздағы хаттамалық шешімімен талап қоюшы «тұрғын үйге мұқтаждар» тізімінен алынып тасталған, ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылған. Ал, бұл хаттамалық шешімге талап қоюшы шағымданбаған деген уәждер келтірген.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісе отырып, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Аталған қорытындыларды төмен тұрған соттар мерзімінен бұрын жасаған, ол қолданылуға тиіс материалдық құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге және істің мән-жайларын толық анықтамауға негізделген.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-1 баптың 1 тармақтарына сәйкес (құқықтық қатынастар туындаған сәтте қолданыста болған Занңың редакциясында) егер осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде өзгеше көзделмесе, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің (әскери, арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда) және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің тұрғынжай құқығын іске асыруы осы тарауда белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады.
Заңның 101-2-бабы 5-тармағының сәйкес, әскери қызметшілер әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша, штаттардың қысқартылуына байланысты, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша, өздеріне қатысты келісімшарт талаптары елеулі және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзылған жағдайда немесе отбасы жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз етілмеген кезеңдері үшін:
бұрын жүзеге асырылған тұрғын үй төлемдері;
бұрын Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе әрбір қызмет өткеру орны бойынша меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрған кезеңдері шегеріле отырып, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қызметке кірген күннен бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үй төлемдерін алады.
Бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайды. Осы тармақтың күші әскери қызметшілерге, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы):
тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асырса;
осы Заңның 101-1-бабы 5-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде, 6-тармағының бірінші бөлігінде, осы тармақтың бірінші және үшінші бөліктерінде, осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде көзделген тұрғын үй төлемдерін немесе өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алса;
осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындаса;
осы Заңның 101-5-бабының 1), 3) 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттеме орындалмаған жағдайларды қоспағанда, осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болса, қолданылмайды.
Бұл ретте әскери қызметшіге осы тармақтың бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген тұрғын үй төлемдері, егер оның тұрғынжай құқығы ол некеге тұрғанға дейін іске асырылса, оның зайыбы (жұбайы), сондай-ақ оның баласы (балалары) есепке алынбай жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау туралы Қағида Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы №49 қаулысымен бекітілген.
Қағиданың 34 тармағы бойынша Заңның 101-2-бабының 5- тармағында көзделген негіз бойынша біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындау үшін қызмет өткерудің барлық кезеңінде оны тұрғынжайға мұқтаж деп тануды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, әскери қызметшілер мемлекеттік мекеме басшысының атына баянатпен өтініш жасайды делінген.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тұрғынжайға мұқтаж деп тану баянат тіркелген күннен бастап тұрғын үй комиссиясының, ал Қарулы Күштерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі аудандық пайдалану бөлімі бастығының шешімімен күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады. Әскери қызметшілер шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етіледі, ал Қарулы Күштерде қызметтік тұрғынжайға мұқтаж Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін есепке қою не одан бас тарту туралы анықтама "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы әскери қызметшінің "жеке кабинетіне" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі аудандық пайдалану бөлімі бастығының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысанында жолданады. Бұл ретте тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күні және кезектілік нөмірі немесе мұқтаж деп танудан бас тарту себебі көрсетіледі (Қағиданының 14тармағы).
Шынында, Заңның 101-4 бабының 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес тұрғын үй төлемдері осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларын қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның, ішкі істер органының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшесінің қызметкері немесе әскери қызметші тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған жағдайларда тоқтатылады.
Соттар талапты қаннағатандырудан бас тарта отырып, оны талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін 2022 жылғы 4 тамыздағы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімінің негізінде жоғалтқанымен уәждеген.
Заңның 2-бабының 43-4) тармақшасына сәйкес, тұрғын үй төлемдері ағымдағы және біржолғы тұрғын үй төлемдері, тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына берілетін ақшалай өтемақы (бұдан әрі – ақшалай өтемақы) болып бөлінеді.
Ағымдағы тұрғын үй төлемдері деп осы Заңның 101-4-бабының 1- тармағына сәйкес ай сайынғы негізде жүзеге асырылатын төлемдер түсініледі.
Біржолғы тұрғын үй төлемдері деп осы Заңның 101-1-бабының 4- тармағында, 101-9-бабының 2 және 4-тармақтарында және 101-12бабының 1-тармағында көзделген біржолғы сипаттағы төлемдер, сондай-ақ 2025 жылғы 1 шілдеге дейін тұрғын үй төлемдерін алушыларға төленген біржолғы сипаттағы тұрғын үй төлемдері түсініледі.
Қағиданың 2-тармағы 3) тармақшасына сайкес біржолғы тұрғын үй төлемдері – Заңның 101-2-бабының 5 және 6-тармақтарында, сондай-ақ 101-9-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылатын және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есептелетін біржолғы сипаттағы төлемдер; Сонымен бірге, сотта Н.Баймусаевтың қызметке кіріскен сәттен, яғни 2005 жылдан бастап, тұрғын үйге мұқтаж деп танылғаны туралы құжаттардың бар-жоғы мәселесін зерттемеген және оған құқықтық баға бермеген. Алайда талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін қашан жоғалтқаны керісінше көрсетілген.
Сондай-ақ, талап қоюшының талаптары нақтыланбай, ол біржолғы тұрғын үй төлемін қай кезең үшін өндіруді талап етіп отырғаны белгісіз қалған.
АПК-нің 451-бабының 4-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.
Аталған даудың мән-жайлары соттар тарапынан толық нәтижесінде зерттелмеген, бағаланбаған, бұл кассациялық сатыдағы сотқа, даудын мәні бойынша жаңа шешім қабылдауға мүмкіндік бермейді. Төменгі тұрған соттардың, тараптардың құқықтық қатынастарын қате бағалауы және қолданылуға тиіс материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауы даудың дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.
Аталған кемшіліктер іс бойынша, елеулі болып табылады, сондықтан осы шығарылған сот актілерінің күшін жоюға және істі соттың басқа құрамда қайта қарауына жіберуге негіз болады.
Істі қайта қарау барысында соттар жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, іс үшін маңызды барлық мән-жайларды зерттеп, анықталған дәлелдерге тиісті құқықтық баға беріп, дауды қолдануға тиіс материалдық және процессуалдық құқық нормаларына сәйкес, заңды әрі әділ шешуі тиіс.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 28 тамыздағы шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші
Е. Нұралиев
Судьялар
Л. Кудекова
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.