6001-22-00-6ап/646
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 23 маусым Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар - Г.К.Нурбаев, Г.Б.Дуйсенбаев болып,
талап қоюшылардың өкілдері Қ[...], И[...], С[...], О[...], Н[...], Б[...], Б[...],
жауапкердің өкілі Д[...],
мүдделі тұлғалардың өкілдері Ж[...], А[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшылар «Ақсеңгір», «Ерасыл», «Табыс», «Бесарық», «Батырхан», «Дос», «Мақұлбек» шаруа қожалықтарының жауапкерлер Қызылорда облысы, [...] әкіміне, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне
төтенше жағдай жариялауды міндеттеу және ол шешімді тіркеу туралы талабы бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 ақпандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
2021 жылғы наурыз айында Қызылорда облысы, [...] аумағында ауа райының күрт өзгеруі салдарынан тау беткейінде орналасқан бірнеше шаруа қожалықтарында мал шығыны орын алғандықтан, талапкерлер «Ақсенгір», «Ерасыл», «Табыс», «Бесарық», «Батырхан», «Дос», «Мақұлбек» шаруа қожалықтары сотқа әкімшілік талаппен жүгініп, Жаңақорған ауданының әкіміне жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау шешімін тіркеуді міндеттеуді сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, Жаңақорған ауданының әкіміне 2021 жылғы наурыз айында болған ауа райының қолайсыздығына қатысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылдау міндеттелген.
Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жаңақорған ауданының әкімі кассациялық шағымында жергілікті соттар материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол бергенін, себебі ауа райының өзгеруі қауіпті табиғи метеорологиялық құбылыстың өлшемшарттарына сай келмейтінін, сондықтан орын алған табиғат құбылысын төтенше жағдай емес, төтенше оқиға ретінде тіркелуге жататынын көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Жауапкер өкілінің және мүдделі тұлғалардың өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін, талап қоюшылардың өкілдері сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 1-бабында келтірілген түсіндірмелерге сәйкес:
төтенше жағдай - адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай; табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар - қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыс), табиғи өрттер, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы салдарынан қалыптасқан төтенше жағдайлар; зардап шегуші - табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зиян (нұқсан) келтірілген жеке тұлға. Заңның 18-бабының 5) тармақшасында жеке тұлғалардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан өздерінің денсаулығына келтірілген зиян мен мүлкіне келтірілген нұқсанды Қазақстан
Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтетуге құқығы бар екені бекітілген.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысына қосымша Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасының (бұдан әрі - Сыныптама) 2-тармағына сәйкес егер авария, табиғи зiлзала немесе апат салдарында төтенше жағдай аймағы өндiрiстiк немесе әлеуметтiк мақсаттағы объектiнiң аумағы шегiнен шықса және облыстың екi ауданының шегiнен шықпаса, бұл ретте мынадай салдардың бiрi туындаса немесе туындауы мүмкiн болса:
- 10-нан астам, бiрақ 50-ден көп емес адам қаза болса; 2) 100-ден астам, бiрақ 500-ден көп емес адамның тiршiлiк әрекеті жағдайлары бұзылса; 3) адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектiлерiне келтiрiлген материалдық залалдың мөлшерi он бес мыңнан жүз мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiштi құраса, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай жергiлiктiге жатады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 3 наурыздағы № 175 бұйрығымен бекітілген Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыру Қағидасында келтірілген түсіндірме бойынша метеорологиялық құбылыс - адамдардың, ауыл шаруашылық жануарлары мен өсімдіктерге, экономика объектілері мен қоршаған табиғи ортаға зақымдайтын әсер тудыратын немесе тудыруы мүмкін атмосферада әртүрлі табиғи факторлардың немесе олардың үйлесімі әсерінен туындайтын табиғи процестер мен құбылыстар.
Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, аталған заң нормаларын басшылыққа алып, Жаңақорған ауданында 2021 жылғы 13-14 наурызы аралығында жергiлiктi табиғи сипаттағы төтенше жағдай орын алған, деген тұжырымын сот алқасы заңды әрі негізді деп санайды.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылдың 13 - 14 наурызы аралығында ауа-райының күрт өзгеруі салдарынан Жаңақорған ауданының тау беткейінде орналасқан бірнеше шаруа қожалықтарында мал шығыны орын алған, атап айтқанда 782 бас аналық қой, 17 бас қошқар, 123 бас тоқты, 38 ешкі, 51 бас мүйізді ірі қара мал, 27 бас жылқы және 2021 жылдың төлі 370 бас.
Жаңақорған ауданы әкімінің аппараты жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің анықтамасына сәйкес мал шығынының жалпы жобалық сомасы 48 890 000 теңгені құраған.
Жеке тұлғалар төтенше жағдай салдарынан келтірілген нұқсанды өтетуге құқығы бар, сондықтан заңда белгіленген тәртіппен төтенше жағдай жариялануы қажет. Заңның 48-бабына сәйкес жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде төтенше жағдайды жариялауды әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері жүзеге асырады.
Іс материалдарына қарағанда жауапкер - Жаңақорған ауданы әкімі төтенше жағдай жариялау туралы шешімнің жобасын дайындап, келісу үшін Қызылорда облысының Әділет департаментіне ұсынған.
Әділет департаменті 2021 жылғы 6 сәуірдегі хатымен шешім жобасын келісуден бас тартып, негіздемесінде - мал шығынының орын алуына шаруалардың өздерінің қамсыздығы себеп болғанын және 2021 жылдың 31 наурызындағы төтенше жағдайларлың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның хаттамасында бірқатар комиссия мүшелері орын алған жағдай төтенше жағдай болып саналмайды деген уәждерін негізге алған.
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18 - бабының 6-тармағына сәйкес заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әділет органдарының келісуі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, құқық нормаларының бар-жоғы және мемлекеттік тіркеу қажеттілігі тұрғысынан заң сараптамасын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Заң сараптамасы дегеніміз - нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына, заң техникасына сәйкестігі тұрғысынан тексеру.
Алайда, Әділет департаменті тарапынан тиісті заң сараптамасы жүргізілмеген, керісінше өзінің құзыретіне кірмейтін мәселені талқылап, төтенше жағдай орын алған-алмағаны жөнінде баға беріп, мал шығыны шаруа қожалықтарының кінәсінен орын алған деп қорытынды жасауы, заң талаптарына қайшы келеді.
Жаңақорған ауданы әкімдігінің 2021 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен бекітілген Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның ережесіне сәйкес комиссия қабылдайтын шешімдер ұсынымдық сипатта қабылданатыны аудан әкімінің назарынан тыс қалған. Сондықтан, комиссия мүшелерінің барлығы түгел төтенше жағдай жариялауды қолдамаған деген негізбен Әділет департаментінің жобаға келісім беруден бас тартуы негізсіз. ӘРПК-нің 14-бабында көзделген формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу қағидатына сәйкес әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынатыны Әділет департаменті тарапынан жол беріліп, аудан әкімінің қабылдаған шешім жобасына келісім беруден формальды негіздермен бас тартқан.
Мемлекеттік органдардың тарапынан орын алған қателіктер үшін жеке тұлғалар зардап шекпеуі тиіс, бұзылған құқықтар қайта қалпына келтірілуге жатады.
Шағым иесінің орын алған табиғат құбылысын төтенше жағдай емес, төтенше оқиға ретінде тіркелуге жатады деген уәжін, сот алқасы негзсіз деп санайды, себебі 2021 жылдың 13-14 наурыз аралығында жергілікті табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың орын алғаны, нәтижесінде жеке тұлғалардың мүлкіне 48 890 000 теңге көлемінде материалдық залал келгені сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелін тапқан.
Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.
ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мәнжайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Қызылорда облысы, [...] әкімінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Г. Нурбаев
Г. Дуйсенбаев
Көшірмесі дұрыс Судья
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.