ВС РК - Постановление от 18.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2330 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 ақпан 6001-24-00-6ап/2330 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «БеМир-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Сарысу ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Білім бөлімі) 2024 жылғы 4 сәуірдегі қорытынды хаттамасын заңсыз деп тану, күшін жою, мемлекеттік сатып алу туралы шартын жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Серіктестік кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.

Басқарманың өкілінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы Әл-Фараби көшесі №1 мекенжайындағы Абай атындағы орта мектебінің аумағын абаттандыру және қасбетін жөндеу, ішкі әрлеу (спортзал және жабдығы бар асхана) №69131551КРБС1 лоттан тұратын рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып №11902404-1 электронды ашық конкурс өткізілген.

2024 жылғы 4 сәуірдегі №11902404-КРБС1-ОК1 қорытынды туралы хаттамаға сай «КазЭлитСтройСервис» ЖШС-гі конкурс жеңімпазы болып танылған. «Лидер-НС Строй» ЖШС-гі екінші орын, талап қоюшы Серіктестік жетінші орын алған.

Серіктестік конкурс қорытындысымен келіспей, электрондық портал оның соңғы он жылдағы жұмыс тәжірибесін есепке алмағанын. Себебі құрылыс нысаны абаттандыру бола тұра, электрондық порталда құрылыс түрін жаңа құрылыс деп енгізілген, бұл іс-әрекет өтінім беруші мердігерлердің автоматты түрде есептейтін порталда құқықтарын шектейтінін көрсетіп, сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.

Жоғарыда аталғандай талап қоюшы өзінің талап қоюын конкурстық құжаттамамен келіспеушілігімен негіздеген.

Конкурстық құжаттамаға 5-қосымшаға сәйкес әлеуетті өнім берушіге ұсынылған біліктілік талаптарының 6-тармағында белгіленген жұмыс тәжірибесі конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшем шарттарда құрылыс түрі ретінде «Жаңа құрылыс» деп көрсетілген.

Яғни, құрылыс нысаны абаттандыру бола тұра, электрондық порталда құрылыс түрін жаңа құрылыс деп белгілеген.

2024 жылғы 12 наурызда мемлекеттік сатып алу туралы хабарлама жарияланған, 2024 жылдың 12 мен 19 наурызы аралығында конкурстық құжаттама жобасын алдын ала талқылау өткізілген.

Серіктестік конкурстық құжаттама жобасына ескертулер бермеген немесе шағым келтірмеген.

Жергілікті соттар конкурс өткізілгенде қолданыста болған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабының талаптарына сай конкурстық құжаттама жобасына талап қоюшы ескертулер бермегенін, конкурстық құжаттама ережелерін түсіндіру туралы сұрау салу түсірмегенін негізге алып талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымға келген.

Заңның 47-бабының бірінші бөлігіне сай әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттама жобасына осы Заңның 22-бабында айқындалған тәртіппен ескертулер берілмеген конкурстық құжаттаманың талаптарына, оның ішінде оларда көрсетілген біліктілік талаптарына жасаған шағымдары қаралуға жатпайды.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 мамырдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «БеМир-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын .

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.