6001-25-00-3гп/50
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12-наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Шәріпов,
судьялар Е.Айтжанов, Р.Қуанышбаева,
талап қоюшының өкілі Н[...],
жауапкер М[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер М[...], М[...], жеке сот орындаушысы А[...] сатып алу-сату шартын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының өкілі Н[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
М[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлер М[...], М[...] және жеке сот орындаушысы (бұдан әрі - ЖСО) А[...] қатысуымен жасалған 2023 жылғы 25-сәуірдегі Түркістан облысы, [...] тұрғын үй мен жер учаскесін (бұдан әрі - даулы тұрғын үй) сатып алу-сату № 2 шартын (бұдан әрі - даулы шарт) заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 14-мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Ж[...] М[...], М[...] және ЖСО А[...] қатысуымен жасалған 2023 жылғы 25-сәуірдегі тұрғын үй мен жер учаскесін сатып алу-сату шарты заңсыз деп танылып, күші жойылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Арыз беруші талап қоюшының өкілі Н[...] өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, істі қарау барысында материалдық құқық нормалары бұзылуына байланысты дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы) іс бойынша өтінішхаттың уәждерін қолдаған талап қоюшының өкілінің түсінігін, жауапкердің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.
Іс кұжаттарына қарағанда, 2006 жылғы 7-тамыздағы шарт негізінде «Темір банк» АҚ-мен (қазіргі «ForteBank» АҚ) М[...] 2 191 000 теңге несие беріліп, 2026 жылғы 8-тамызға дейін қайтару міндеттелген.
Осы шартты борышкермен уақтылы орындау мақсатында М[...] тұрғын үй кепілге берілген. Бұл кепілге кепіл беруші М[...] жұбайы М[...] «Темір банк» АҚ-на 2006 жылғы 6-шілдеде жазған арызында даулы тұрғын үйді кепілге қоюға рұқсатын берген.
2006 жылғы 28-тамыздағы нотариус П[...] куәландырылған М[...] арызында тұрғын үйді өзінің жолдасы М[...] сатуға рұқсатын берген.
2014 жылғы 24-қарашада М[...] қайтыс болған.
2015 жылғы 12-мамырдағы № 1836 меншік құқығы туралы куәлікке және № 1837 заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікке сәйкес даулы тұрғын үй ортақ бірлескен меншік құқығымен М[...] 11/12 үлесі, М[...] 1/12 үлесі берілген.
Сайрам аудандық сотының 2014 жылғы 5-тамыздағы шешімімен М[...] талап қоюшы «Темір банк» АҚ-ның пайдасына 3 457 416 теңге қарыз және 103 723 теңге төленген мемлекеттік баж өндірілген.
ЖСО А[...] 2020 жылғы 3-тамыздағы қаулысымен борышкер М[...] қатысты атқару өндірісі қозғалған.
2023 жылғы 25-сәуірде ЖСО А[...], жауапкерлер М[...] пен М[...] қатысуымен даулы тұрғын үйді сатып алу-сату шарты жасалған.
2023 жылғы 31-мамырда М[...] қайтыс болған.
Бірінші сатыдағы сот дау айтылған сатып алу-сату шартын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талаптарды қанағаттандыра отырып, 2023 жылғы 25-сәуірдегі М[...], М[...] және ЖСО А[...] қатысуымен жасалған даулы тұрғын үйді сатып алу-сату туралы № 2 шарты М[...] қатысуынсыз жасалған, мүлікті сатуға одан ешқандай нотариалды түрде келісім немесе сенімхат алынбаған, М[...] сатуға келісімін бермеген, яғни оның даулы шартты жасауға ниеті болмаған, себебі ол туралы бейхабар болған, М[...] ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған деп тапқан.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдай отырып, 2023 жылғы 25-сәуірде ЖСО А[...] қозғалған атқарушылық іс жүргізу өндірісі аясында, жауапкерлер М[...] пен М[...] және ЖСО А[...] қатысуымен үш жақты сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңының 74-бабының 2-бөлігіне сәйкес жасалған, себебі шарт бойынша борышкер М[...] сатушы, ал сатып алушы М[...] болған, М[...] кепіл шарт жасалғанда келісім берген, ол туралы сатып алушы М[...] даулы үйді атқару өндірісінде борышкер М[...] сатып алғанда білген, соңғының атқару өндірісі барысында қарсы болғаны сатып алушыға белгілі болғанын көрсететін туралы дәлелдемелерді талап қоюшы ұсынбаған және де даулы үй іс жүзінде сатып алынып, ақшасын төлегенін ескеріп, М[...] даулы мүліктің адал алушысы деп танып, соңғының Азаматтық кодекстің 261-бабының 1-бөлігі негізінде меншік құқығы қорғалуға жатады деген тұжырымға келген.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын негізсіз деп санайды.
Сотта анықталғандай, М[...] қайтыс болғаннан кейін, М[...] даулы тұрғын үйдің [...] бөлігінің иесі атанған, ал М[...] 1/12 бөлігі тиесілі болған.
Сонымен бірге, даулы шартты жасау кезінде М[...] мүліктің көп бөлігінің меншік иесі ретінде өз үлесін сатуға келісім бермеген.
Оның үстіне, сол уақытта ол ауырып, емдеу мекемесінен шығарылып, тараптармен шартқа қол қойылғаннан соң бір айдан кейін қайтыс болған.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың ЖСО-ның әрекеті М[...] тұрғын үйді сатуға берген келісімінің негізінде жасалған деген уәждерін заңсыз деп санайды, себебі М[...] өз келісімін 2014 жылы қайтыс болған жұбайы М[...] 2006 жылы берген және ол қайтыс болған соң даулы мүліктің 11/12 бөлігінің иесі атанған. Тиісінше, даулы тұрғын үйді сатуға 2023 жылғы сәуірде оның мүліктің иесі ретіндегі келісімі міндетті түрде қажет болған.
Сонымен қатар, даулы тұғын үй Банктің кепілге салынған мүлкі болып табылады, бірақ аталған кепілге қойылған даулы мүлікті өндіріп алу туралы сот актісі шығарылмаған.
Сондықтан дауланған сатып алу-сату шарты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейді.
Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылып, іс бойынша жиналған барлық дәлелдерге тиісті баға берілгендіктен, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күші жойылуға, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 109-бабына сәйкес сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты берген кезде 2024 жылғы 19-желтоқсанда 1 846 теңге мөлшерінде төленген мемлекеттік баж соммасы М[...] қайтарылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын, Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 14-мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Жауапкер М[...] талап қоюшы М[...] пайдасына 1 846 (бір мың сегіз жүз қырық алты) теңге мемлекеттік бажды төлеу шығыстары өндірілсін. Талап қоюшының өкілі Н[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н.Шәріпов Судьялар Е.Айтжанов Р.Қуанышбаева
Көшірмесі дұрыс Судья Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.