6003-26-00-2к/451(2)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 9 маусым
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К.Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
арыз беруші Е[...] өкілі Н[...], мүдделі тұлға «Ақтөбе облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мекемесінің өкілі М[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында
арыз беруші Е[...] заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы электрондық форматтағы азаматтық істі арыз беруші Е[...] өкілі Н[...] Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Арыз беруші жоғарыда көрсетілген арызбен сотқа жүгінген. Онда «Ақтөбе облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мекемесінде (бұдан әрі-Басқарма) қызмет атқарғанын, 2007 жылғы 15 шілде мен 2012 жылғы 23 қаңтар аралығында «СНПСАқтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының Жаңажол газ өндеу зауытын күзететін полиция батальонында және 2015 жылғы 1 қаңтар мен 2019 жылғы 1 тамыз аралығында Мұғалжар ауданы, Қандағаш қаласында қызмет атқарғаны туралы бұйрықтарда нақты өңір, аймақ көрсетілмеу себебінен зейнеткерлікке шығу барысында еңбек өтілі дұрыс есептелмегенін көрсетіп, аталған аралықта жоғарыда көрсетілген қызметті атқарғандығы жөнінде заңдық маңызы бар фактіні анықтауды сұраған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі шешімімен Е[...] арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Арыз беруші кассациялық шағымында сот актілерімен келіспей, іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде арыз беруші Е[...] қызмет өткерген кезеңдері мен лауазымдары Басқарманың
бұйрықтарымен және еңбекақы туралы анықтамаларымен расталған, бұл құжаттарда нақты аймақ көрсетілмегенімен, олардың мазмұны арыз берушінің атқарған лауазымдарын куәландырады, яғни, арыз берушіде қызмет өткергенін растайтын ресми құжаттар бар, оларды қалпына келтірудің қажеттілігі туындаған жоқ деген қорытындыға келген.
Сондықтан заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арыз қанағаттандырудан бас тартылуға жатады дегені заңды. Өйткені Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» 2002 жылғы 28 маусымдағы № 13 нормативтік қаулысының талаптарына сай, соттар заңдық маңызы бар фактілерді тек өзге ресми тәртіппен расталмайтын, не құжаттар жоқ болған жағдайда ғана анықтайды.
Кассациялық сот, жергілікті соттардың қорытындыларымен толығымен келіседі.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірмеген. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті сотпен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі шешімі және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Арыз беруші Е[...] өкілі Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.