ВС РК - Постановление от 04.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1195 (Административное)

6001-22-00-6ап/1195

ҚАУЛЫ

4 қазан 2022 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б. Дуйсенбаевтың,

судьялар Ж.Б. Ермағамбетованың, Д.А. Токмурзинаның,

талап қоюшы М[...],

жауапкер өкілдерінің М[...], К[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы М[...] жауапкерлер «Шымкент қаласының полиция департаменті» ММ-нің (бұдан әрі – Департамент), «Шымкент қаласы полиция департаментінің Еңбекші аудандық полиция басқармасы» ММ-нің (бұдан әрі – Басқарма) жергілікті полиция бөлімінің ювиналдық полиция инспекторы Қ[...] іс-әрекетін, әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымына және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

М[...] сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда Департаменттің және Басқарманың жергілікті полиция бөлімінің ювиналдық полиция инспекторы Қ[...] әрекетін заңсыз деп тануды сұраған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымымен талап қоюшы М[...] сотқа талап беру үшін процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырып, оның талап қою арызы кері қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

М[...] кассациялық шағымында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, жергілікті соттардың ұйғарымдарының күшін жоюды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға берген қарсылығында дауланып отырған сот актілерінің күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Департамент талап қоюшы М[...] әрекеттеріне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізіп, 2020 жылдың 17 маусымдағы №541 ж/қ бұйрығымен мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланып, А[...] қатысты оңды шешім қабылдап беремін деп, алаяқтық жолмен ақша талап етіп, 11 маусым 2020 жылы соңғыдан 20 000 теңгесін алып, құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 80 бабының 1 тармағының 13) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ішкі істер органы қатарынан шығарған.

Шымкент қаласы Еңбекшіқазақ аудандық сотының 2020 жылғы 19 тамыздағы үкімімен ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен М[...] кінәлі деп танылып, 200 000 теңге мөлшеріндегі айыппұл жазасына сотталған.

Сонымен қатар, М[...] құқық қорғау органдарына кір келтіретін теріс қылық жасағандығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаментінің 2022 жылғы 1 ақпандағы хатында да көрсетілген.

Талап қоюшы өз талабында жауапкердің өзіне қатысты қызметтік жазалауға және сот үкіміне негіз болған 2020 жылы орын алған әрекеттерді сот тәртібімен даулаған.

АПК-нің 136 бабының 1 бөлігіне сәйкес, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Демек, М[...] заңмен белгіленген жауапкердің әрекетіне дау айту мерзімін өткізіп алған, ал оның талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы арызы негізссіз болғандықтан қанағаттандырусыз қалдырылған.

Себебі, талап қоюшыға жауапкердің оған қатысты қызметтік тергептексеру жүргізген әрекеттері 2020 жылы белгілі болған, аталған мәнжайлар 2020 жылдың 17 маусымындағы №541 бұйрықпен және Шымкент қаласы Еңбекшіқазақ аудандық сотының үкімімен дәлелденеді.

Сондықтан іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілері заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г. Дуйсенбаев

Ж. Ермағамбетова

Судьялар

Д. Токмурзина

Көшірмесі дұрыс

Судья Д. Токмурзина

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.