Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4568 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 ақпан №6003-25-00-2к/4568 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Б.Б.Орынбековтың, жауапкер өкілі Х.А.Усеиновтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер дара кәсіпкер Калила Кулымбетованы (бұдан әрі - Кәсіпкер) жосықсыз өнім беруші деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Кәсіпкердің Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Кәсіпкер анық емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 14 тамыздағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қоюды қанағаттадырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Кәсіпкер жосықсыз өнім беруші деп танылып, одан мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Кәсіпкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар

білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.

Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді.

Анықталғаны, Басқармамен 2024 жылғы 23 мамырда «Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің «№184 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер конкурсы ұйымдастырылып, 2024 жылғы 25 маусымдағы конкурстық өтінімдерді қарау нәтижесімен Кәсіпкер жеңімпаз деп танылған.

Кәсіпкермен осы конкурсқа қатысу үшін ұсынылған конкурстық құжаттамада өзінде аспазшы болып жұмыс істейтін қызметкер ретінде Г.Т.Таштенованы көрсеткен.

Алайда, заң консультанты И.Махшатовтың 2025 жылғы 13 маусымдағы хабарламасы бойынша уәкілетті органмен жүргізілген тексеру қорытындысымен Кәсіпкермен аспазшы ретінде көрсетілген Г.Т.Таштеноваға аспазшы дипломы берілмегені және мұндай мамандық мүлдем оқылмағаны анықталған («Абылай хан» атындағы жоғарғы колледждің 2025 жылғы 16 маусымдағы хатына сай).

Яғни, Кәсіпкер конкурстық құжаттамада аспазшы Г.Т.Таштеноваға қатысты дұрыс емес ақпарат берген, бұл ақпарат еңбек ресурсына қатысты біліктілік талаптарына жатады, тиісті талапқа сәйкес Кәсіпкер конкурстық құжаттамада ұсынған құжаттардың шынайлылығына жауап беруге міндетті.

Бұл ретте бірінші сатыдағы сот талап қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындыға дұрыс келмеген.

Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған алқа қаулысының күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкер дара кәсіпкер Калила Кулымбетованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.