2025 жылғы 6 тамыз 6003-25-00-4к/49 Астана қаласы
ҚАУЛЫ
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова болып,
талап қоюшының өкілі Е.Бейсембаевтың, жауапкердің өкілі
Е.Ө.Жеделғазинның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Гульзира Ашировна Сандыбаеваның «Абай облысының білім басқармасының Үржар ауданының білім бөлімі «Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақша» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Абай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне конкурстардың қорытындылары туралы хаттамаларына дау айту, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларға дау айту және жасалған шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 қазандағы шешіміне, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «Звезда» шаруа қожалығы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 қазандағы шешімімен жеке кәсіпкер (әрі қарай - ЖК) Г.А.Сандыбаеваның талап қоюы қанағаттандырылған.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Абай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 14 мамырдағы № 101010000-КпОПО-32-286787 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Абай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 20 мамырдағы № 101010000-КпОПО-32-288271 камералдық бақылау нәтежелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Абай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 20 мамырдағы № 101010000-КпОПО-32-288278 камералдық бақылау нәтежелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Абай облысының білім басқармасының Үржар ауданының білім бөлімі «Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақша» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 13 маусымдағы № 11925986-ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Абай облысының білім басқармасының Үржар ауданының білім бөлімі «Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақша» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2024 жалғы 3 маусымдағы № 11921220-ОК1 конкурс қорытындылары туралы No67311188-КпОПО1, No67312543- КпОПО1 лоттар бойынша хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Абай облысының білім басқармасының Үржар ауданының білім бөлімі «Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақша» мемлекеттік мекемесі мен «Звезда» шаруа қожалығы арасындағы 2024 жылғы 2 шілдедегі №67 қызмет көрсету шарты жарамсыз деп танылған.
«Абай облысының білім басқармасының Үржар ауданының білім бөлімі «Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақша» мекемесі мен «Звезда» шаруа қожалығы арасындағы 2024 жылғы 3 шілдедегі №69 қызмет көрсету шарты жарамсыз деп танылған.
«Абай облысының білім басқармасының Үржар ауданының білім бөлімі «Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақша» коммуналдық мемлекеттік – мекемесіне оқушыларды, мектеп бақша тәрбиенушілерді тамақтандыруды ұйымдастыруы бойынша болған қателіктері жаңа конкурсты жариялау арқылы жоюға міндеттелген.
Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға «Звезда» шаруа қожалығының (әрі қарай - ШҚ) өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот отырысында талап қоюшы мен жауапкердің өкілдері кассациялық шағыммен келіспейтіндерін білдіріп, оны қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Мүдделі тұлғаның өкілі Е.М.Аққожадан істі оның қатысуынсыз қарау туралы өтініші келіп түсті.
Басқа іске қатысушылар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің ( әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Абай облысының білім басқармасының Үржар ауданының білім бөлімі «Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақша» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақшасы) оқушыларды, мектеп – бақша тәрбиеленушілерді тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметтеріне сатып алу конкурстары №11925986-ОК1 (оқушылардың тамақтандыруын қамтамасыз етудегі ұйымдастыру қызметі), № 11921220-ОК1 (мектеп – бақша тәрбиенушілерін ыстық тамақпен қамтамасыз етуді жүзеге асыруды ұйымдастыру бойынша қызметі) № 67311188-КпОПО1, 67312543-КпОПО1 лоттар бойынша электрондық веб-портал арқылы жарияланған.
2024 жылғы сәуір айындағы қорытынды хаттамаларымен Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақшасымен өткізілген конкурстар бойынша ЖК «Сандыбаева Г.А.» жеңімпаз деп танылған.
Екі конкурстағы үш лот бойынша әлеуетті өнім беруші «Звезда» ШҚ-ы шағым берген.
«Абай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (әрі қарай- Аудит Департаменті) камералдық бақылау нәтижелері бойынша: 2024 жылғы 14 мамырда №101010000-КпОПО-32-286787 Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақшасы бойынша; 2024 жылғы 20 мамырда №101010000-КпОПО-32-288271 Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақшасы бойынша; 2024 жылғы 20 мамырда №101010000-КпОПО-32-288278 Сейфуллин атындағы орта мектепбақшасы бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары қалыптастырылып, орындауға жолданған.
Аудит Департаментінің Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақшасына жолдаған барлық хабарламалары орындалып, мемлекеттік сатып алу конкурстары бойынша қорытындылары қайта қаралып, №11925986-ОК1, №11921220-ОК1 қорытынды хаттамалары негізінде «Звезда» ШҚ жеңімпаз болып танылған.
Талап қоюшы ЖК «Сандыбаева Г.А.» бұл хаттамалармен келіспей, шағым келтірген.
2024 жылғы 23 шілдеде Аудит Департаменті талап қоюшының шағымы бойынша шаралар қабылдауға негіздері жоқ екендігі туралы қорытындыға келіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.
Талап қоюшы Аудит Департаментінің хабарламаларымен келіспей, оларды және конкурстың қорытындыларын даулаған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру жөніндегі тұжырымға келе отырып, өз шешімін дауланып жатқан әкімшілік актілер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың талаптарын бұза отырып қабылданған деп негіздеген. Аталған тұжырыммен апелляциялық сатыдағы сот келіскен.
Кассациялық сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарын келесі негіздер бойынша заңды әрі негізді деп есептейді. Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақшасындағы балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру – мемлекеттік сатып алудың негізгі мәні. Ал, тараптар арасындағы дау мектептерде өткізілген оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету конкурстарынан туындаған. Мұндай конкурстарды өткізу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен» (әрі қарай - Қағида) реттеледі.
Жергілікті соттар аталған хабарламаларды заңсыз деп тани отырып, «Звезда» ШҚ-ның өтінімі біліктілік талаптарына сәйкес емес, ал Аудит Департаментінің қорытындысы қолданыстағы заңнамаға негізделмеген деп дұрыс тұжырымға келген. Сотта анықталғандай, әлеуетті өнім беруші кем дегенде 2 аспазшы, 4 асхана қызметшісі бар екендігін растайтын құжаттарды ұсынуы қажет болған.
Ал, Қағиданың 6-қосымшасына сәйкес әлеуетті өнім беруші еңбек ресурстарының болуы жөнінде куәландыратын құжаттарды Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес көрсетуге тиіс.
«Звезда» ШҚ-ның конкурстық өтінімінде техникалық және кәсіптік білімі бар аспаздар ретінде А.Т. Жетписбаева (Мырзалина), С.Д. Алжанова, А.Е. Кайракбаева, Л.В. Степанованы жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтары мен зейнетақы қорынан алынған үзінді көшірмелері қоса көрсетілген.
Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдамасымен келісе отырып, аталған қызметкерлерді жұмысқа қабылдау жөніндегі бұйрықтары мен зейнетақы қорынан алынған үзінді көшірмелері еңбек қатынастарын дәлелдейтін негізгі құжаттар болып табылмайды деп санайды.
«Звезда» ШҚ-ның тарапынан аталған адамдарға зейнетақы төлемдері тек ағымдағы жылдың наурыз айына ғана төленген, оған қоса еңбек келісім шарттары Еnbek.kz порталында жоқ, яғни бұл мән-жай олардың арасындағы еңбек қарым-қатынастарын растамайды.
Осыған орай, «Звезда» ШҚ-на бұл конкурстарға қатысуға жауапкердің тарапынан негізсіз жол берілген.
Істің бұл тұрғысында соттардың талапты қанағаттандыруы заңға сәйкес қабылданған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 1 қазандағы шешімі, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Звезда» шаруа қожалығы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
М. Қасымов
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.