ВС РК - Постановление от 30.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1803 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 30 қаңтар 6001-23-00-6ап/1803 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Е.Ж. Өміралиев, Ғ.Ө. Әлжанов болып, прокурор М[...], мүдделі тұлға Н[...] өкілі А[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шардара ауданы әкімінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай жауапкер –Департамент) жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 мамырдағы қаулысына жауапкер Департаменттің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен әкімшілік талап қою қанағаттандырылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 мамырдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Жауапкер Департамент кассациялық шағымында жергілікті соттардын сот актілерімен келіспей, қарау барысында құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерін күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Сот алқасы мүдделі тұлға өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған уәждерін тындай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, келесідей тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Бірінші сатыдағы соттың анықтағаны,

«Шардара аудандық жер қатынастары бөлімі» мемелекеттік мекемесінің ұйымдастырумен 2022 жылдың сәуір-маусым айлары арасында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беру туралы конкурс ұйымдастырылған.

2018 жылғы 14 маусымдағы конкурстық комиссияның №2 хаттамалық шешіміне сәйкес, №51 лот бойынша 14,1 га суармалы жер учаскесін жалға алу құқығын Н[...] «С[...]» шаруа қожалығы жеңімпаз деп танылып, аталған суармалы жер учаскесі оған 49 жылға ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жалға берілген.

Бүгінгі танда аталған жер учаскесі 14,1 га кадастрлық нөмірі №[...] суармалы жерге «С[...]» шаруа қожалығымен жүгері дақылдары егіліп отырғаны анықталған.

2022 жылғы 18 тамызда С[...] Жер ресурстарын басқару департаментіне 2018 жылғы 14 маусымда өткен 14,1 га жер учаскесін жалға беру конкурсының қортындысымен келіспей, заңдылығын тексеру туралы шағым берген.

С[...] арызы негізінде 2022 жылғы 19 тамызы мен 7 қыркүйегі аралығында Шардара ауданы әкімдігінде жер учаскелерін жалға беру конкурсының заңдылығына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тексеру қорытындысы туралы актісінде Н[...] конкурсқа қатысу өтінімде инвестицияның тартылуы және мал анықтамасы ұсынылмағаны, комиссиямен балдық бағалау дұрыс берілмегені көрсетілген.

Осы тексеру нәтижесінде Департаментпен Шардара ауданы әкіміне Шардара ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 15 маусымдағы №320 қаулысының күшін жою туралы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 2022 жылғы 19 қыркүйектегі №36 нұсқамасы берілген, онда конкурс өткізу барысында комиссия конкурсқа қатысушылардың құжаттарын бағалауда Н[...] негізсіз басымдық беріліп, оны заңға қайшы жеңімпаз деп танылғанымен негіздеген.

Бұл шешімімен келіспеген Шардара ауданы әкімі аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Жер кодексінің 148-бабы 6-тармақшасына сай жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, мемлекеттік корпорацияның лауазымды адамдарына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы орындау үшін міндетті нұсқамалар беруге құқығы бар.

Департаменттің дауланып отырған Н[...] кодексінің 48-бабы бұзылғанын көрсеткен қортындысын сот негізсіз деп санайды. Аталған конкурсқа қойылған Көксу ауылдық округінде орналасқан 14,1 га суармалы жер ауданының арнайы жер қорындағы ауыл шаруашылығы мақсатында берілетін жерге жатады.

Сондықтан бұл жердің табысталуы Жер кодексінің 43-1 – бабына көрсетілген негіздермен және Қағида талаптарымен реттелген.

Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов Е. Өміралиев

Судьялар

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.