ВС РК - Постановление от 20.11.2023 по делу 6001-23-00-3Г/5185 (Гражданское)

6001-23-00-3Г/5185

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 20 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж.Мырзаке,

«Қазақ әуендерінің орындаушылары» республикалық қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі - Б[...]) жеке кәсіпкер Т[...] (бұдан әрі Ж[...] кәсіпкер, Пайдаланушы), «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігіне (бұдан әрі - «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ, Қоғам): -168 350 000 теңге авторлық өтемақыны өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі шешіміне, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б[...] жауапкерлер Ж[...] кәсіпкерге, Қоғамға жоғарыда көрсеткен талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Б[...] өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Іс материалдары мен өтінішхатта көрсетілген уәждерді зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты сот актілерін қайта қарауға негіз бар деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға арызданушының пікірінше іс бойынша жол берілген.

Іс материалдарының мазмұнына қарағанда, жауапкерлердің арасында «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды және оның ішінде жазылған орындауды пайдаланғаны үшін авторлық сыйақы төлеу туралы 2018 жылғы 1 мамырдағы №П-0012 лицензиялық шарты жасалған (бұдан әрі - Шарт).

Шарттың негізінде Ж[...] кәсіпкер 2018 жылғы 3 қазанда 16.58 сағатта Семей қаласы, [...] мекенжайдағы «Шығыс» кешенінің ішінде орналасқан «Буль Бар» Б[...] ұжымдық негізде басқаруындағы А[...] «Не жаздым», Д[...] «Кешір ана», С[...] «Ай мүсіні», Қ[...] «Сағындым Алматымды», Ж[...] пен А[...] «Мені ойла» туындыларын техникалық құрылғылар арқылы көпшілік алдында пайдаланған. Ж[...] кәсіпкер 2022 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін авторлық сыйақы төлеуден бас тартқан.

Б[...] жауапкерлерден үлестік негізінде өтемақы өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюдан бас тартуын талапкермен сыйақы жинауды жүзеге асыратын аккредитеу туралы куәлікті ұсынбағанымен негіздеген. Шартқа сәйкес Ж[...] кәсіпкер ай сайын авторлық сыйақы төленгені анық болды. Талап қоюшының өкілдері техникалық құрал санатына жататын «Samsung» құралын пайдаланған, алайда оның қандай техника екенін құжатта көрсетпеген, «Буль Бардың» әкімшілігін авторлық құқықтың бұзылуын тоқтату жөнінде ескертпеген деген тұжырымға келген.

Сонымен қатар соттардың тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді.

Атап айтқанда, Шарттың 1.1-тармағына сәйкес «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ-не құқықиеленушілер тізіліміне және аккредиттеу туралы куәлікке сәйкес, Қоғам Ж[...] кәсіпкерге «Буль Бар» барының аумағында көпшілік алдында орындауға айрықша емес құқықтарды береді.

Қ[...].Е[...] республикалық бұқаралық ақпарат құралы арқылы Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 46 бабының 2-тармағымен көзделген құқықтарын пайдаланып, 2013 жылғы ақпан айында Қоғам мен пайдаланушыларға иелігіндегі құқықтарды пайдалануға тыйым салып, рұқсаттардан алып тастауды талап еткен. Заңның 46-бабының 2-тармағына сәйкес мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын, авторлық және сабақтас құқықтардың иелері оның репертуарынан туындылар мен сабақтас құқықтардың объектілерін алып тастаған ұйым осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен соң пайдаланушыларға оларды пайдалануға рұқсат беруге құқылы емес.

Яғни, «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ-гі тізілімінде жоқ құқықиеленуші Е[...] «Не жаздым», «Кешір ана», «Ерке қыз», «Айқаракөз», «Ай мүсіні», «Сағындым Алматымды», «Мені ойла» атты сабақтас құқық объектілерін Ж[...] кәсіпкерге пайдалануға бере алмайды, ал Ж[...] кәсіпкер ол құқықтарды көпшілік алдында пайдалана алмайды.

Заңның 46-1 бабымен көзделгендей, аккредиттеу туралы куәлікті алған мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым құқықтарды басқару туралы шарттар жасасқан құқық иеленушілердің құқықтарын басқарумен қатар

мұндай шарттар жасаспаған құқық иеленушілер үшін де сыйақы жинауды жүзеге асыруға құқылы.

Бұл ретте, құқықиеленушімен тыйым салынған сабақтас құқықтар объектілеріне аккредиттеу куәлігінің күші жарамайтыны ескерілу қажет. Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың жауапкерлер арасында Шарт жасалған, аккредитация туралы куәлікке сәйкес сыйақы жинауды жүзеге асырады деп, заңға сілтеме жасай отырып, талап қоюдан бас тарту туралы тұжырымы заңсыз және негізсіз болып табылады.

Жауапкер ұсынған Шарттың 2.1, 2.2. тармақтарына сәйкес Пайдаланушы Қоғамға 6 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), оның ішінде авторлық сыйақы 3 АЕК, сабақтас сыйақы 3 АЕК төлеуге міндетті және әр айдың 5 күнінен кешіктірмей сыйақыны Қоғамның есеп шотына аудару арқылы жүзеге асырады.

Жауапкерлер сотқа белгісіз тұлғаның есеп шотынан «Fortebank» АҚ есеп шотқа авторлық және сабақтас құқықтар деп көрсетілген 2021 жылғы 1 шілдедегі 15:59 сағатта аударылған 313 400 теңгеге төлем құжатын тіркелген.

Алайда, аталған есеп шоттар не Ж[...] кәсіпкерге не «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ-не тиесілі екендігі белгісіз.

Яғни, төлем құжатының іске қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы тұрғысында сотпен баға берілмеуіне қарамай, дәлелдеме ретінде қабылданған.

Сондықтан, бірінші сатыдағы соттың жауапкер 2020 жылғы 1 қаңтар-2021 жылғы 31 желтоқсан аралығында авторлық сыйақы төлеуден бас тартқан және ай сайын авторлық сыйақыны төлегені анық деген тұжырымы заңсыз және негізсіз.

Талапкердің сотқа табыстаған бенетаспасынан Ж[...] кәсіпкеріне тиесілі «Шығыс» кешеніндегі кафе мен «Буль Бар» барында сабақтас құқық объектілері техникалық құрылғылар арқылы орындалып келетіні және талапкер өкілінің сөйлеген сөздерінен қай жер, қандай ғимарат, қай уақыт екендігі мен қандай мақсатта бейнетүсірілім жүргізілгені толығымен анықталады.

Ал, туындыларды/ фонограммаларды пайдалану оқиғасын белгілеу құжаты бейнежазбадағы мәселені толық қамтиды.

Яғни, талапкердің сотқа табыстаған бейнетүсірілімі жазылған бейнетаспа АПК-нің 63,65 баптарына, ал туындыларды/ фонограммаларды пайдалану оқиғасын белгілеу құжаты 99 бабына сәйкес келетіндігі мәлім.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 131 бабының 1 тармағына сәйкес, кәсiпкерлiк субъектiлерiнің қызметін мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңдарымен осындай құқық берілген мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

Іс бойынша талапкердің құқықтық жағдайы қолданыстағы заңнама мен жарғысына сай қоғамдық бірлестік болып құрылғандықтан, бақылау және қадағалау функциялары бар мемлекеттік органдар санатына жатпайды. Сондықтан, талапкер өкілдерінің кәсіпкерлік субъектілермен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануын анықтауы тексеру болып табылмайды және қалыстар, куә, куәгерлер мен объект өкілдерін қатыстыруды міндет етпейді. Сонымен бірге, талапкер өкілдерінің бейнетүсірілім жасау мерзімі даулы мәселедегі тараптардың процессуалдық қатынасына жатпайды және мәліметтер жауапкердің нақты жеке басына, жүріс тұрысына мүлдем қатысы жоқ болып, оның Конституция мен азаматтық заңнамада белгіленген құқықтарын бұзбайды.

Яғни, объект иесін не қызметкерін алдын ала ескертудің қажеттілігі жоқ.

Сондықтан, апелляциялық сот алқасының талапкер өкілінің туындыларды пайдалануы туралы белгілеу құжатын Ж[...] кәсіпкермен құқықты бұзу фактісін сөзсіз бекітетін, дәйекті дәлелдеме ретінде қабылдануға жатпайды, ол құжат біржақты жасақталып, жауапкерлердің тиісті өкілі немесе бар әкімшілігі таныстырмаған және авторлық құқықтың бұзылуын тоқтату жөнінде ескертпеген деген тұжырымдары заңсыз болып табылады.

Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа да уәждері кассациялық сот алқасының отырысында тексерілуге жатады.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 сәуірдегі қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Ғ.Ж.Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.