Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1204 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/1204 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова, прокурор О.Пернеевтың,

талап қоюшылардың өкілі А.И.Садыковтың,

жауапкердің өкілі Д.Айдарбектің қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшылар Ділдабек Бақытжан Ділдабекұлының, Габитжан Темирбекович Примкуловтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты және бұйрыққа өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы жұмыс орнына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талабы бойынша қабылданған,

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

Б.Д.Ділдабек, Г.Т.Примкулов сотқа жлғарыда аталған талап қоюымен жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

  • Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

  • 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымында сот актілерімен келіспей, күшін жоюды сұраған, өздерінің әрекеттері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Занының (бұдан әрі - Заң) 80-бабы 2-1-тармағында көрсетілген теріс қылықтарға жатпайтынын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысында Заңның 80-бабының 2-1-тармағында қызметтік тәртіпті өрескел бұзуға жататын нақты негіздемелер тізімі бар екенін, құқық қорғау органы қызметкерінің жасаған әрекеттері бұл негіздемелерге сәйкес келмейді деп таныған. АПК-нің 76-бабының 2-тармағына сәйкес, аталған Жоғарғы Сот қаулысының Заңды қолдануына қатысты тұжырымдары, осы азаматтық істі қарайтын сот үшін міндетті деп есептейтінін көрсеткен.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым

уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдыруға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар Заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге сот заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Іс құжаттарына сәйкес Б.Д.Ділдабек Департамент қарамағына 2019 жылдың 29 наурызындағы № 154ж/қ бұйрығы негізінде ауысып, 2019 жылдың 15 қарашасынан бастап Департаменттің жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция ротасының (бұдан әрі -ҚОПД ЖПҚБ ППР) аға қызмет инспекторы лауазымына тағайындалған.

Г.Т.Примкулов Департаменттің қарамағына 2023 жылдың 21 қарашасындағы № 477 ж/қ бұйрығы негізінде ауысып, 2024 жылдың 12 қаңтарынан бастап ҚОПД ЖПҚБ ППР-ның қызмет инспекторы лауазымына тағайындалған.

Жауапкердің 2024 жылғы 20 маусымдағы №281ж/қ бұйрығымен талап қоюшылар Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) және 14) тармақшалары негізінде ішкі істер органдарынан тәртіптік түрде шығарылған.

Департаментінің 2024 жылғы 24 шілдедегі №327 ж/қ бұйрығымен 2024 жылғы 20 маусымдағы №281ж/қ бұйрығының 1 бөлігі 2-абзацына талап қоюшыларға қатысты 14) тармақшасы қате көрсетілуіне байланысты өзгерту енгізіп, Заңының 80-бабы 1-тармағы 13) тармақшасына ауыстырылған.

Анықталғандай, 2024 жылғы 23 мамырда талап қоюшылар жасақ құрамында республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолында қоғамдық тәртіпті және жол жүру қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету үшін кезекшілікте болған. Осы күнге ЖПҚБ ППР жеке құрамы мен күшқұралдарының орналастыру жоспарына сәйкес талап қоюшыларға 08.00-20.00 қызметін атқару уақытына тамақтануға 12.00-12.30 аралығында уақыт берілген.

2024 жылғы 23 мамырдағы сағат 15:05 шамасында талап қоюшылар өздеріне бекітілген аймақтарында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау, жолын кесу міндеттері жүктелгеніне қарамастан, міндеттерін атқармай, қызмет көрсететін аймақтарын тастап, Жаманбай батыр ауылы маңындағы қоғамдық орын «Айнұр» асхана ішінде нысандық киім үлгісімен ұйықтап, әлеуметтік желіде полиция имиджіне кір келтіретін резонанстық бейнежазбаның таралуына жол беріп және кезекшілік атқару барысын бекітілген портативтік бейнежетонға толық бейнелемеген.

Аталған мән-жайлар қызметтік тергеу барысында берген талап қоюшылардың түсініктерімен және әлеуметтік желісіне таралған бейнежазбамен расталады. Талап қоюшылар ішкі істер органдарының абыройына нұқсан келтіргені, полиция қызметкері ретінде қызметтік міндетіне сай өзіне жүктелген міндеттемелері мен заң талаптарын тікелей ниетпен бұзған.

2024 жылдың 5 маусымда Қызметтік тергеу қорытындысы шығарылған. 2024 жылғы 14 маусымдағы №154 Тәртіптік комиссия отырысының шешімімен, талап қоюшыларды ішкі істер органдарынан тәртіптік түрде шығару туралы ұсыныс қабылданған.

Сондықтан, Департамент тарапынан Заңның 80-бабының 1-тармағының 12),13) тармақшалары талап қоюшыларға қатысты негізді қолданылып, тәртіптік жаза ретінде атқарып жүрген лауазымынан және ішкі істер органдарынан теріс қылықпен дұрыс шығарылған.

Істің мұндай тұрғысында, Заңның 57-бабына сай Департаментпен талап қоюшылармен жасалған теріс қылықтың мазмұны мен сипаты, ауырлығы мен оқиғаның мән-жайлары нақты анықталып, тиісінше қызметкерлердің кінәлілік дәрежесі дұрыс бағаланған.

Өз кезегінде, талап қоюшылар АПК-нің 72-бабына сәйкес Департаменттің уәждерін теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.

Талап қоюшылардың АПК-нің 76-бабын қолдану туралы уәжі негізсіз, өйткені ол басқа тараптардың арасындағы, басқа азаматтық іс бойынша талап қоюшылар (тап сол тұлғалар) қатыспаған. Сондықтан, өзге іс бойынша шығарылған шешім қаралып отырған дауды шешуге негіз болып табылмайды.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық баға берілген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова

судьялар А.К.Айкенова

Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.