Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5273 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5273

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 26 мамыр

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор А.Е.Кадылбековтың,

талап қоюшының өкілі Ә.Ш.Естекованың, жауапкердің өкілі А.М.Касимжановтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауаркер «Golden sky» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шарттық міндеттемелерді орындауды міндеттеу туралы азаматтық істі жауапкердің Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылы 12 тамыздағы шешіміне және Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылы 12 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Golden sky» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұзылған жерлерді қалпына келтіру жобасын әзірлеу және келісу жөніндегі шарттық міндеттемелерді бір ай мерзімде орындауға міндеттелген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда «Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) мен «Golden sky» жауапкершілігі шектеулі серіктестік (бұдан әрі – Серіктестік) арасында 17 сәуір 2024 жылы №21-22/06 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың

(жалдаудың) шарты жасалған (бұдан әрі – Шарт).

Шарттың 1-тармағына сәйкес, Мекеме, жалға беруші ретінде өзіне тиесілі мемлекеттік меншік құқығындағы Қарағанды облысы Шет ауданының босалқы жерлерін қатты пайдалы қазбаларды өндіру үшін 2025 жылғы 30 желтоқсанға дейінгі мерзімге Серіктестікке ақылы жалға берген.

Шарттың 6-тармағының 16-тармақшасында, Серіктестік 2025 жылғы 9 сәуірге дейін бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын әзірлеуге және келісім алуға міндеттелген.

Серіктестік бұл міндетін белгіленген мерзімінде орындамаған, сол себептен, талап қоюшы жауапкерге 2025 жылдың 6 ақпанда жолдаған хабарламасында бүлінген жерді қалпына келтіру жобасын 2025 жылдың 9 сәуірге дейін ұсынуды міндеттеген.

Апелляциялық сот жауапкер Шарттың 6-тармағының 16-тармақшасының талаптарымен және онда көрсетілген рекультивация жобасын ұсыну мерзімімен келіскен, алайда Шарт бойынша алған міндеттемелер белгіленген мерзімде орындалмаған, яғни мiндеттеме шарттары бұзылған.

Кассациялық сот, төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдары заңды деп санайды. Өйткені, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 140-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға міндетті. Демек, жауапкер Жер кодексінде көзделген жердi қорғау жөнiндегi iсшараларды жүзеге асыруға міндетті.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Кассациялық сотқа ұсынылған бітімгершілік келісімі бекітілуге жатпайды, себебі бітімгершілік келісімнің 2.2-тармағында міндеттемелердің орындалуы кейінге қалдыру шартымен жасалған. АПК-нің 176-бабының 3-бөлігінде татуласу келісімін кейінге қалдыру шартымен жасауға жол берілмейді.

Сонымен қатар, кассациялық сот атқарушылық iс жүргiзу барысында татуласу келісімін сот арқылы бекіту құқығын тараптарға түсіндірді. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын

басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылы 12 тамыздағы шешімі және Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.