6001-19-00-3г/8569
2020 жылғы 24 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Тоқтарова,
«АТФ Банк» АҚ-мы Б[...] банк қарызын кепілдегі мүлігін жария саудадан сату арқылы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының 2019 жылғы 22 сәуірдегі ұйғарымын және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшы «АТФ Банк» АҚның өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
«АТФ Банк» АҚ-мы (бұдан әрі-Банк) жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда борышкер Р[...] банк алдындағы қарызын, жауапкерге тиесілі кепілдегі Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 13 шағын ауданы, [...] үй, [...] пәтерді, бастапқы бағасын 11 604 800 теңге көлемінде анықтап, жария саудадан сату арқылы өндіруді сұраған.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының 2019 жылғы 22 сәуірдегі ұйғарымымен Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі-АПК) 277-бабының 2-бөлігіне сәйкес іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта талап қоюшы сот актілерімен келіспей, олардың күштерін жоюды сұрап келесідей уәждер келтірген.
Заңды күшіне енген Ақтау қаласы №2 сотының 2018 жылғы 30 мамырдағы шешімімен Банктің жауапкер Б[...] банк қарызын кепілдегі мүлігін жария саудадан сату арқылы өндіру туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Соттар талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру кезінде, өздерінің тұжырымын талап қоюшымен талап қою арызы ерте келтірілгенімен, яғни борышкердің бас бостандығынан айыру орындарынан жақын арада босатылғанын және сол тұлғаға банктің алдындағы берешегін өз еркімен өтеуге мүмкіндік берумен негіздеген. Алайда қарызды өндіру туралы сот шешімі бүгінгі күнге дейін орындалмаған.
«Сот шешiмi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес талап-арыздың мәнi талапкердiң (арыз берушiнiң) нақты талаптарымен келiсiледi және жүгiнушiнiң құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделерi бұзылуының немесе бұзылуына қауiп төнуiнiң мәнi көрсетiле отырып, материалдық-құқықтық талап ретiнде анықталады.
Талап-арыздың негiздемесi деп мүдделi адам көрсеткен, өзiнiң талапарызының мәнi болып табылатын материалдық-құқықтық қатынастардың пайда болуына, өзгеруiне немесе тоқтатылуына әсер ететiн фактiлер түсiнiлуге тиiс.
Талап қоюшы осы талап арызының негіздемесі ретінде борышкер Р[...] қарызды өндіру туралы заңды күшіне енген сот шешімін орындамайтынын көрсеткен. Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу барысында борышкердің мүлкінен қарызды өндіріп алуға мүмкіндігі болмаған, себебі оның қандай да бір мүлкінің жоқтығын анықтаған. Сонымен қатар несие беруші сот шешімді орындау бойынша барлық шараларды қабылдаған.
Жеке сот орындаушыларымен сот шешімді орындау барысында борышкердің ақша қаражаты, сондай-ақ өзге де мүлкі жоқ екендігі анықталған. Осы талап қою арызды берген кезде борышкердің Банктің алдындағы қарыз сомасы 17 762 269 теңгені құраған.
Сонымен қатар, үшiншi тұлға болып табылатын кепiл берушiге (заттай кепілгер) Азаматтық кодексіндегі 332-баптың 3-тармағының ережелерін қолдануға болады. Осыған орай қосалқы жауапкершiлiктi мойнына алған кепiл болушыға талаптар қойылғанға дейiн несие берушi бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгiленген тәртiп бойынша борышқордың мүлкiнен ақы өндiрiп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиiс.
Көрсетілгендердің негізінде, талап қоюшының азаматтық іс бойынша іс жүргізуі АПК-нің 277-бабы 2-тармақшасына сәйкес қысқартылуға жатпайды деген уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 444-бабы 1- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Талап қоюшы «АТФ Банк» АҚ-ның Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының 2019 жылғы 22 сәуірдегі ұйғарымын және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Б.Тоқтарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.