ВС РК - Постановление от 09.11.2020 по делу 6001-20-00-3Г/5699 (Гражданское)

№ 6001-20-00-3г/5699

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 9 қараша

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С[...] талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне, Шымкент қаласының жер қатынастары бөліміне, «Азаматтарға арналған үкіметі» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, Шымкент қаласының Әділет департаментіне, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасына

тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2020 жылғы 24 маусымдағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы Шымкент қаласы әкімдігінің келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2020 жылғы 24 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, Шымкент қаласы, Солтүстік саяжай шағын ауданы, № 4312 тұрғын үйге Ж[...] меншік құқығы танылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 9 қыркүйектегі шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Шымкент қаласының әкімдігі (бұдан әрі – Әкімдік) жергілікті соттардың сот актілері заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Алайда Әкімдік дауланып отырған сот актілерін заңды және негізді деп санамайды. Осыған орай осы шешім мен қаулы бұзылуға және талап арыз толық көлемде қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Шешім шығарған кезде іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенін, осы іс бойынша қандай заң қолдануға тиісті екенін айқындамаған.

Ж[...] талап арызынан анықталғандай, талап қоюшы тұрғын үйді салуға заңдарда белгіленген тәртіппен осындай мақсатқа жер учаскесі бөлінгенін растайтын құжаттары болмағаны, тұрғын үй өз бетімен салынған құрылыс болып табылатындығы және аталған жылжымайтын мүлікке талап қоюшының құқық белгілейтін құжаттары жоқ екені, заңсыз құрылыс орналасқан жер учаскесін құқық растайтын құжатсыз иемденгенін көрсеткен.

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы 2020 жылғы 23 шілдедегі № 20-04-13/6920 хатында Қазақстан Республикасы Құрылыс нормалары 3.01-102-2012 ережесінің 5.2.1 тармақшасы негізінде, тұрғын үй ғимараты мен шаруашылық ғимараттарды орналастыру (салу) кезінде іргелес орналасқан жер телімінің шекарасынан тұрғын үйдің қабырғасына дейін кемінде 3 м, шаруашылық ғимаратқа 1 м қашықтықты қамтамасыз ету қажет деп көрсетілген.

Бірақ талапкердің тұрғын үйі жердің шекарасынан ондай қашықтықты қамтымайды.

Тұрғын үйдің құрылысы көрсетілген ереженің талаптарына сай емес.

Осындай мақсаттарға арналып бөлінбеген жер учаскесінде өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап аталған жер учаскесі талапкерге заңда белгіленген тәртіппен берілетін жағдайда ғана қанағаттандырылуы мүмкін. Алайда сот Шымкент қаласы әкімінің орынбасары тарапынан берілген жауап хатқа сілтеме жасаған.

Қала әкімі орынбасарының аталған хатында егерде соттың меншік құқығын тану туралы заңды шешімі қабылданған жағдайда, Шымкент қаласының әкімдігі қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жер учаскесіне тиісті құқықтарды табыстау мәселесін қарайтын болады деп көрсеткен.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде аталған азаматтық іс бойынша қала әкімінің өкілдері іс құжаттарымен танысып, АПК-нің талаптарына сай қала әкімдігінің түпкілікті пікірін сотқа ұсынатындығын хабарлаған. Яғни, қала әкімінің орынбасары жер учаскесін табыстауға өз келісімін бермеген.

Атап айтқанда, жер учаскесін табыстау мәселесі сот шешімі негізінде қаралатындығын түсіндіріп, азаматтық іс бойынша түпкілікті пікірді қала әкімінің өкілдері беретіндігін соттың назарына жеткізген.

Алайда сот қала әкімі өкілінің талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы пікірін назарға алмай, тұрғын үйге меншік құқығын таныған.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2020 жылғы 24 маусымдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысына Шымкент қаласы әкімдігінің келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья

С[...]

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.