ВС РК - Постановление от 08.12.2022 по делу 6001-22-00-6ап/359 (Административное)

6001-22-00-6ап/359 (2)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.У.Баймаханов,

судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

талап қоюшы – Е[...], жауапкердің өкілдері М[...],

мүдделі тұлға Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкер «Н[...]-Сұлтан қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) тұрғын үй беруге мұқтаждар кезегін қалпына келтіруді міндеттеу, Басқарма комиссиясының «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың бірыңғай республикалық электрондық базасының» күту тізімінен шығарған бұйрығының күшін заңсыз деп тану және кезегіне сәйкес тұрғын үй беруін міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Н[...]-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 5 қарашадағы шешімі мен Н[...]-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н[...]-Сұлтан қаласының әкімдігі жанындағы Тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 8 қаңтардағы талап қоюшының қарындасы - Е[...] Қошқарбаев даңғылы, 43/2 - үй, 36 – пәтер мекенжайында орналасқан екі бөлмелі пәтер беру туралы шешім қабылдауына байланысты талап қоюшыны «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен кезегі бойынша баспана алу құқықы бұзылып, оның 2010 жылдан бастап тұрған кезегі сақталмағанын көрсеткен.

Н[...]-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 5 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер кезекке тіркеу кезегін қалпына келтіру міндеттелген.

Н[...]-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшымен мүдделі тұлғаның сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74- бабының 2 және 3- тармағына сәйкес есепте тұрған азамат тұрақты тұруға басқа жаққа қоныс аударған не ол қайтыс болған жағдайда, егер бұл орайда мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшiн негiздер жойылмаса, отбасының онымен бiрге есепке тұрған өзге мүшелерiнiң кезегi сақталады.

Соттармен анықталғандай, Н[...]-Сұлтан қаласының әкімдігі жанындағы Тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 8 қаңтардағы Е[...] екі бөлмелі пәтер беру туралы шешім қабылданған уақытта талап қоюшының «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен кезегі бойынша баспана алу құқығы бұзылып, оның 2010 жылдан бері тұрған кезегі сақталмай, Е[...] берілген пәтерге отбасы құрамына кірмеген.

Жергілікті соттар Е[...] жауапкер тарапынан есепке алу жұмыстары толығымен жүргізілмеген, соның нәтижесінде талап қоюшының «жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатымен кезегі бойынша баспана алу құқығының бұзылуына негіз болғаны туралы дұрыс тұжырымға келген.

Соттардың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні апелляциялық шағымда келтірілген дәлелдермен, сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге жергілікті соттар тиісті құқық баға берген.

Кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

«Н[...]-Сұлтан қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.