КСАД РК - Постановление от 20.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/393 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 20 мамыр 6003-26-00-4к/393, (2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.А.Туғанбаев, судьялар - Р.М.Айнақұлова, Л.С.Кудекова,

ашық сот отырысында, талап қоюшы Қасым Көпжасарұлы Ақбердиевтың жауапкер Түркістан облысының жеке сот орындаушылар палатасының жеке сот орындаушысы Жунисбек Жакыпбекулы Кожамжаровқа атқарушылық өндірісті тоқтату туралы қаулы қабылдауға мәжбүрлеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған, Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтар қаулысына жауапкер жеке сот орындаушысы Ж.Ж. Қожамжаров пен мүдделі тұлға «Дебиторлармен жұмыс бюросы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Э.Ж.Абишеваның кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған, жауапкерге 2013 жылғы 14 тамыздағы Алматы қаласының № 2 Алмалы аудандық сотымен берілген атқарушылық құжаттың талабы толық орындалғанына байланысты №1774/25-51-1737 атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдау міндеттеліп, сот шығындары туралы мәселе шешілген.

Соттың қаулыларымен келіспей, жауапкер шағымында атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартуға незіздердің болмағанын, өндіріп алушы құқықтарының бұзылғанын көрсетіп, сот қаулыларының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығаруды сұраған. Соттың қаулыларымен келіспей, мүдделі тұлға «Дебиторлармен жұмыс бюросы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Э.Ж.Абишева кассациялық шағымында қаражаттың бір бөлігі өндіріп алушының шотына түспей, жеке сот орындаушы Н.О. Алдабергеновке түскенін көрсетіп, сот қаулыларының күшін жойып, істі жаңа құрамда қайта қарауға жіберуді сұраған.

Жауапкер жеке сот орындаушысы Ж.Ж.Кожамжаров пен мүдделі тұлға өкілі Э.Ж.Абишева сот отырысын бейнебайланыс арқылы жүргізу туралы өтінішхаттарын берді.

Кассациялық сот жауапкер мен мүдделі тұлға өкілінің сот отырысын бейнебайланыс арқылы жүргізу туралы өтінішхаттарын қанағаттандырусыз қалдырды, өйткені тараптарға сот отырысы Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ғимаратында тараптар мен өкілдердің

міндетті қатысуымен өтетіні жайлы алдын ала хабарланған болатын. Алдынала бекітілген сот отырысын жүргізу рәсімін өзгертуге негіз жоқ. Сот отырысына талап қоюшы келмеді.

Тиісті түрде хабарланған тараптар өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының ӘРПК 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарымен аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Алматы қаласының «Евразия-Фемида» аралық сотының 12 қазан 2012 жылғы шешімімен Қ.К. Ақбердиевтен «Дебиторлармен жұмыс бюросы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 789 683,49 теңге өндірілген.

Алматы қаласының Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 14 тамыз 2013 жылғы ұйғарымы бойынша 14 тамыз 2013 жылы атқарушылық парағы берілген.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының 126-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

Алайда жауапкерге белгілі болғандай, борышкер мектеп мұғалімі Қ.К.Ақбердиевтің айлық жалақысынан 868 651 теңге толығымен ұсталып, атқару парағы кері қайтарылғаны жайлы борышкердің жұмыс берушісі Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы М.Накиповтың 26 қазан 2015 жылғы №4-2/870 жеке сот орындаушысы Н.О.Алдабергеновке жолдаған хатында хабарланғынымен, талап қоюшыға қатысты атқарушылық өндірісті жалғастырған.

Борышкерге қатысты соманы мәжбүрлеп өндіру жүргізілгендіктен, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымындағы, қаражат өндіріп алушыға емес,

жеке сот орындаушысы Н.О.Алдабергеновке жолданғандықтан, борышкер Қ.К.Ақбердиевтің талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген уәжі негізсіз.

Іс бойынша борышкер Қ.К.Ақбердиевтің айлық жалақысынан толықтай қарыз сомасы өндірілгені анықталған, сол себепті қарыз сомасын екі мәрте өндіріп алуға жол берген жауапкердің әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану негізді.

Кассациялық шағымдардағы уәждер апелляциялық шағымдардың уәждерін қайталайды, оларға екінші сатыдағы сот тарапынан дұрыс құқықтық баға берілген.

Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 13 қаңтардағы қаулысы өз күшінде қалдырылсын.

Жауапкер жеке сот орындаушысы Ж.Ж. Қожамжаров пен мүдделі тұлға «Дебиторлармен жұмыс бюросы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Э.Ж.Абишеваның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

М. Туғанбаев

Төрағалық етуші:

Р. Айнақұлова

Судьялар:

Л. Кудекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.