ВС РК - Постановление от 12.06.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3653 (Административное)

№6001-24-00-6ап/3653

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өміралиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры

Н.А.Молдахановтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Жамигатова Гүлсімнің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) және Маңғыстау облысының білім басқармасының Бейнеу ауданы бойынша білім бөлімінің «Есет «мектеп-бөбекжай» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 02.07.2024 жылғы №471010000-КпОПО-32-299097 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның күшін жою, 04.07.2024 жылғы №12749782 санды қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, 01.08.2024 жылғы №89 санды келісім шартты жарамсыз деп тану туралы,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға жеке кәсіпкер А.Б.Бердібаеваның келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жеке кәсіпкер Г.Жамигатова жоғарыда көрсетілген талаптарымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен жеке кәсіпкер Г.Жамигатованың талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылғы 2 шілдедегі №471010000-КпОПО-32299097 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықты жою туралы хабарламасы аспаз өтіліне 0 балл есептелуі тиіс деген бөлігінде және 2024 жылғы 4 шілдедегі №12749782 қорытындылар туралы хаттаманың күші жойылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша шешім қабылдағанда соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Есет «мектеп-бөбекжай» кешені» КММ-мен (бұдан әрі - Ұйымдастырушы) мемлекеттік сатып алу порталында №12446783-1 «1-4 сынып және аз қамтылған отбасы оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі» мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Конкурсқа талап қоюшымен бірге жеке кәсіпкер А.Б.Бердібаева қатысқан.

Ұйымдастыруышының 2024 жылғы 4 шілдедегі жылғы қорытындылар туралы хаттамасына сай талап қоюшы жеңімпаз деп танылған.

Жеке кәсіпкер А.Б.Бердібаева конкурстық комиссияның қорытындылар туралы хаттамасымен келіспеу туралы шағымы негізінде, Департаментпен камералдық бақылау жүргізіліп, талап қоюшы конкурстық өтініміне біліктілік талаптарында жұмыс тәжірибесі конкурстық комиссия мүшелерімен негізсіз 3 балл есептелгені, 2 балл есептелуі тиіс, аспаз өтіліне конкурстық комиссия мүшелерімен негізсіз 1 балл есептелген, оның орнына 0 балл есептелуі тиістігі туралы бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны ұйымдастырушыға жолдаған.

Аталған хабарламаның негізінде ұйымдастырушымен жаңа қорытындылар туралы хаттамасы қабылданып, жеке кәсіпкер А.Б.Бердібаева жеңімпаз болып танылып, ұйымдастырушы мен жеке кәсіпкер А.Б.Бердібаеваның арасында 2024 жылғы 1 тамыздағы қызмет көрсету туралы шарт түзілген.

Талап қоюшы аталған конкурс нәтижесімен келіспей сотқа жүгінген. Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда, Департаменттің хабарламасында ЖК Г.Жамигатова ұсынған аспаз Л.Уразбаеваның еңбек өтілін растайтын құжат ретінде аударылған міндетті зейнетақы жарналары соңғы он екі айда басқа жұмыс берушіден, яғни жеке кәсіпкер Н.Т.Мейірманнан аударылғанына байланысты аспаз өтілі үшін 0 балл берілуі тиіс деген тұжырымен келіспей, Қағиданың 7 қосымшасының 3 тармақшасында аспаздың еңбек өтілі 1 жылдан кем емес (4 баллдан аспайды) өлшемшарты бойынша аспаздың жалпы еңбек өтілі көрсетілгенімен негіздеген.

Бірақ сот алқасы жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді.

Бұл кемшілік заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасына сай Әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп жарияланған және (немесе) шартқа сәйкес ағымдағы конкурсты өткізу кезеңінде қызмет көрсететін және (немесе) басқа ұйымда қызметін жүзеге асыратын бұрын өткізілген конкурстарда әлеуетті өнім беруші ұсынған аспаздардың болуы туралы мәліметтерді ұсынған кезде конкурстық комиссия балл қоймайды.

Сотта анықталғандай, талап қоюшының өтінімінде аспаз Л.Уразбаева жеке кәсіпкер Н.Т.Мейірманның жұмысшысы екенін, бұл аспаз жеке кәсіпкер Н.Т.Мейірманның Маңғыстау облысының білім басқармасының Түпқараған аудандық білім бөлімінің «Е.Өмірбаев» атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-не тамақтануын ұйымдастыру қызметтін көрсету туралы №12173963-1 конкурстың №68377023-КпОПО1 лотына қатысу өтінімінде еңбек ресурстары ретінде ұсынылған.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Н.Т.Мейірман қатысқан конкурсы талап қоюшы қатысқан конкурсынан бұрын өткізілген.

Демек, талап қоюшы конкурсқа қатысу кезінде еңбек ресурстарын растамаған, себебі аспаз Л.Уразбаева басқа ұйымда, яғни жеке кәсіпкер Н.Т.Мейірманда №12173963-1 өткізілген конкурста ұсынылған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңның 9-бабының 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы біліктілік талабы қойылады. Сондықтан конкурстық комиссиямен Департаменттің хабарламаның негізінде талап қоюшыға аспаз өтіліне 0 балл есептелгені негізді.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер Жамигатова Гүлсімнің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» мемлекеттік мекемесіне және Маңғыстау облысының білім басқармасының Бейнеу ауданы бойынша білім бөлімінің «Есет «мектепбөбекжай» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 02.07.2024 жылғы №471010000-КпОПО-32-299097 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның күшін жою, 04.07.2024 жылғы №12749782 санды қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, 01.08.2024 жылғы №89 санды келісім шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.

Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер А.Б.Бердібаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е.Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.