6003-26-00-2к/1341
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 23 маусым
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева,
судьялар А.О.Тогумбетова, А.К.Тлеубаева,
прокурор М[...], талап қоюшының Т[...], жауапкер Ш[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Ш[...], Ш[...], Т[...], Б[...], Ш[...], Ш[...], И[...], Б[...], Т[...], Т[...], Ш[...], Ш[...], Б[...] өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және үйден шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі
талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерлерге тиесілі жер учаскесі мен тұрғын үйлер үшін 53 539 027 теңге мөлшерінде өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен және жауапкерлер үйден шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 40 937 740 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған. Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі
- АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп
соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2019 жылғы 13 ақпандағы №510-227, қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Алматы» ауданы, И[...] көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін А[...] көшесі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1 полигон - 10,4638 га, 2 полигон - 2,1806 га жер учаскесін сатып алу арқылы «А[...] көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ берілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 13 маусымдағы №510-2023, қаулысына сәйкес Астана қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер енгізілген.
Алынатын жер учаскесінің шегіне Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, А[...] көшесі [...] үй, мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі [...], жалпы ауданы 0,0910 га оның ішінде үлесі 0,0340 га, жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 40 937 740 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкер талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «ПК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025 жылғы 29 шілдедегі №С.110-07.25 сараптама қорытындысына сәйкес жылжымайтын мүліктің құны 53 539 027 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін
иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.
Сарапшының қорытындысында аталған мән-жайлар толығымен ескеріліп, мүліктің нарықтық құны анықталып, бағаланған. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 53 539 027 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Л.Б.Мамырбаева
Судьялар: А.О.Тогумбетова
А.К.Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.