6001-23-00-6ап/1782
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 9 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Ү. Қайыпжан, судьялар Ғ.У. Альжанов, Б.Т. Нажмиденов прокурор Е.Е. Көшербаевтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «IAШ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай – ЖШС, Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қармақшы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Басқарма, салық органы) әкімшілік актілерге дау айтқан әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 сәуірдегі ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы ұйғарымына Серіктестіктің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Шағымдалып отырған 2023 жылғы 10 сәуірдегі сот ұйғарымымен талап қоюшы «IAШ[...]» ЖШС-нің жауапкер Басқарманың 2023 жылғы 5 қаңтардағы №3304Н8800007, №3304Н8700009 және 6 қаңтардағы №3304Н9200004, №3304Н9300002, №3304Н9400004 камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық есептілігінің кемшіліктерін жою туралы хабарламаларына дау айтқан талабы бойынша талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы арызын қанағатандырудан бас тартылған, талабы кері қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы ұйғарымымен сот ұығарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы Серіктестік кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.
Прокурордың кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатпайды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Жоғарғы Соттың сот алқасы (бұдар әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заңбұзушылықтар орын алған.
Іс материалдарына қарағанда Серіктестік электрондық салық төлеуші ретінде тіркелген және салық төлеушінің электрондық кабинеті арқылы мемлекеттік кіріс органымен электрондық құжат айналымына қатысушы болып табылады.
Даулы хабарламалар Серіктестіктің электрондық салық төлеушінің кабинеті арқылы 2023 жылғы 5 қаңтарда және 6 қаңтарда жолданып, 8 қаңтарда жеткізілген. Хабарламалар жеткізілген күн жексенбі күнге сәйкес келгендіктен, оларға дау айтылатын мерзімді сот келесі жұмыс күні, яғни 2023 жылғы 9 қаңтардан бастап есептеген.
Осы күні электронды құжат айналымы аясында хабарламалар табысталғанын талап қоюшы тарап жоққа шығармайды.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Талап қоюшы сотқа талап қоюмен 2023 жылы ақпан айының 20 жұлдызында жүгінген және өздерінің мерзімді өткізіп алуларының басты себебін, хабарламалармен 2023 жылдың ақпан айының 13 жұлдызында ашып танысқандарын және салық органы басшыларының қабылдауында болып хабарламадағы мән-жайдың Серіктестікке қатысы бар екенін білген күннен бастап есептеуді сұраған.
ӘРПК-нің 136-бабының 7-бөлігіне сәйкес дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін.
АПК-нің 126-бабының 2-бөлігінің талабына сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Бірінші және апелляциылық саты соттары Серіктестіктің талап қоюын кері қайтарғанда жоғарыда көрсетілген мерзімді оның себепсіз өткізіп алғанымен негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымдары негізсіз, себебі Серіктестіктің арызындағы электронды хабарламаларда тиісті лауазымды адамның электронды қолы және мекеменің мөрі болмағандықтан, бұл хабарламалардың салық органының хабарламасы екендігіне күмәнданып, сол мекеменің басшыларының қабылдауында болып, салық органының хабарламалары екендігін білгеннен соң ғана сотқа талап қоюмен жүгіндік деген уәждеріне соттар тиісті түрде құқықтық баға бермеген.
Талап қоюмен сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтіруден бас тартқан кезде соттар хабарламалардың Серіктестікке уақытылы жеткізілгенімен ғана негіздеген, яғни формальді түрде баға беріп, хабарламаларда электронды қол болмағанын, мекеме мөрі болмағанын, сондықтан Серіктестіктің бұл хабарламалардың салық органынан түскеніне күмәнданғанына тиісті баға бермеген.
Талап қоюшы өкілінің хабарламаларда оны жолдаған тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы болмағандықтан, яғни хабарламалар белгіленген талаптарға сай түзілмегендіктен, оларды уақтылы табыс етілген деп санауға болмайды деген уәжі негізді.
Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот ұйғарымдарының күші жойылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 7) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛ Ы ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 сәуірдегі ұйғарымының, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы ұйғарымының күші жойылсын. Әкімшілік іс Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына негізінен қарау үшін жолдансын.
Талап қоюшы «IAШ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Судьялар Ғ. Альжанов Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.