ҚАУЛЫ
2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-2к/3551 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,
прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі С.Х.Тастыбайдың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкерлер Серик Дулатбекович Кусаиновқа, Румина Жиганшиевна Кусаиноваға өтемақы төлеумен жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерлер С.Д.Кусаинов пен Р.Ж.Кусаиноваға 10 335 000 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеу арқылы Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» б/с, Литейная көшесі, №184 мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-318-092-1264, жалпы ауданы 0,0592 га жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны 8 744 083 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.
Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген жауапкерлер кассациялық соттың отырысына келмеді және байлынысқа шықпады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 450-бабының 2-бөлігіне сай, істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген кассациялық шағым берген адамның, прокурордың болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сондықтан кассациялық сот азаматтық істі жауапкерлердің қатысуынсыз қарады.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, құжаттары мен
кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.
АК-тің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 84бабының 1-тармағынд жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін екені көзделген.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасында мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы
үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылатыны қарастырылған.
Заңның 67-бабының 2, 3 -тармақтарына сай мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 3 шілдедегі №510-2205 «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Ш.Қалдаяқов және С.Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 2,9956 га жер учаскелері сатып алу арқылы «Балабақша» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін берілген қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
2023 жылғы 2 қазандағы шарт бойынша Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» б/с, Литейная көшесі, №184 мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі №21-318-092-1264, жалпы ауданы 0,0592 га, жер учаскесі (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) жауапкерлер Кусаиновтардың меншігінде.
Алынатын жер учаскесінің шегіне жауапкерлердің даулы жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Талап қоюшы иеліктен шығаруға жататын даулы жер учаскесі үшін жауапкерлерге 2024 жылғы 2 қазандағы «НОК «Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) №03367/24-ASTANA жылжымайтын мүлікті бағалау есебімен анықталған 8 744 083 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақы сомасын ұсынған.
Жауапкерлерге жеке меншігіндегі жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға жататындығы туралы 2024 жылғы 5 шілдеде және 12 қыркүйекте хабарлама жіберілген.
Жауапкерлер жер учаскесін мемлекет мұқтажына алуға қарсы болмағанымен ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
Соттың 2024 жылғы 23 желтоқсандағы ұйғарымымен тағайындалған «Экспертно-оценочный центр города Астана» ЖШС-нің 2025 жылғы 13 қаңтардағы №С-05-25 сарапшысының қорытындысына сәйкес жауапкерлерге тиесілі жер учаскесінің нарықтық құны 10 334 854 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 10 334 854 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Касациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.