КСАД РК - Постановление от 10.06.2026 по делу 6003-26-00-4к/1008 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 маусым 6003-26-00-4к/1008 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,

прокурор К[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] кәсіпкер Е[...] жауапкер «Алматы қаласы білім басқармасының О[...] атындағы №105 гимназиясы» қоммуналдық мемлекеттік мекемесіне «Балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер» атауындағы конкурстың №67428919-КПОПО1» «Балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер» лоты бойынша әлеуетті өнім беруші жеке кәсіпкер Е[...] конкурс жеңімпазы деп тану туралы шешімді қабылдаумен конкурс қорытындылары туралы жаңа хаттаманы жасауға және оған қызмет көрсету туралы шартты жасасуға міндеттеу (мәжбүрлеу), 2026 жылғы 30 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулары» вебпорталында «Тәрбиеленушілер мен білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді сатып алу» атты конкурстың №843311661-КПОПО1 «Балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер» лоты бойынша жаңа конкурсты жариялауды заңсыз деп тану және оны 2026 жылғы 30 қаңтардағы жарияланған конкурсты кері қайтарып алуға міндеттеу (мәжбүрлеу) туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2026 жылғы 12 ақпандағы ұйғарымына, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 2 сәуірдегі ұйғарымына талап қоюшының өкілі М[...] берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2026 жылғы 12 ақпандағы ұйғарымымен – іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот ұйғарымымен оған қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге талап қоюшыға қайтарылады деген негізбен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 2 сәуірдегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды, мәні бойынша қарауға жіберуді сұраған. Талап қоюшы өкілінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы туралы өтініш келіп түсті.

Алайда, бұл өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

ӘРПК-ның 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымы мен іс құжаттарын зерттеп, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Төмен тұрған сатыдағы соттарымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшының мәлімдеген талаптары соттың бұрын қабылданған шешімі және апелляциалық инстанцияның қаулысы негізінде туындайды, олармен талап қоюы қанағаттандырылған. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 маусымындағы қаулысымен:

Конкурсты ұйымдастырушы (тапсырыс беруші) Алматы қаласы білім басқармасының О[...] атындағы №105 гимназиясы конкурстық комиссиясының 2024 жылғы 08 тамызындағы конкурс қорытындылары туралы №12390881-ОК2 хаттамасы бойынша, №67428919-КпОПО1 «Балаларды

тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер» лоты бойынша Н[...] атынан жеке кәсіпкер «Омарханованы» конкурстың жеңімпазы деп тану туралы шешімі заңсыз деп танылған және жойылған.

Алматы қаласы білім басқармасының О[...] атындағы №105 гимназиясы және Н[...] атынан жеке кәсіпкер «Омарханова» арасындағы 2024 жылғы 09 тамызындағы қызмет көрсету туралы №108 шарты жарамсыз деп танылған.

Алматы қаласы білім басқармасының О[...] атындағы №105 гимназиясынан және Н[...] атынан жеке кәсіпкер «Омархановадан» жеке кәсіпкер Е[...] пайдасына 11 250 теңге мемлекеттік баж, өкілдің қызметіне 900 000 теңге теңдей өндірілген.

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық сотының 2025 жылғы 06 қарашадағы қаулысымен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 маусымындағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Сот шығындарын өндіру тек Алматы қаласы білім басқармасының О[...] атындағы №105 гимназиясына жүктеліп, жеке кәсіпкер «Омарханова» сот шығындарын төлеуден босатылған, өкілдің қызметіне төленген 900 000 теңге 200 000 теңгеге азайтылған.

Сәйкесінше, сот актісін орындау бөлігі бойынша дау, ӘРПК-нің 28тарауы тәртібінде сот қадағалауы шеңберінде қаралуға тиіс.

Жауапкердің 2026 жылғы 23 қаңтардағы жазбаша жауабы түсіндірме сипатта берілген, сот актісін орындауға байланысты ұсынылған және әкімшілік акт не әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) болып табылмайды, сондықтан ол дербес даулануға жатпайды.

Талап қоюшының 2026 жылғы 30 қаңтардағы жарияланған жаңа конкурсты заңсыз деп тану және оны кері қайтаруға міндеттеу туралы талабы да әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды, себебі бұл талап ӘРПК-нің 4-бабының мәніндегі әкімшілік актіні немесе әрекетті (әрекетсіздікті) даулауға жатпайды.

Сонымен қатар, сот әкімшілік органды жарияланған конкурсты жоюға міндеттеуге құқылы емес.

ӘРПК-нің 133-бабының мазмұнына сәйкес, мәжбүрлеу туралы талап қою тек қолайлы әкімшілік актіні қабылдаудан бас тартылған немесе ол әрекетсіздік салдарынан қабылданбаған жағдайда ғана қойылуы мүмкін. Аталған мән-жайлар бұл іс бойынша анықталмаған.

Осылайша, талап қоюшы таңдаған талап қою тәсілі заңда көзделген қорғау тәсілдеріне сәйкес келмейді.

ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес, іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпаса, талап қою қайтарылуға жатады.

Кассациялық шағымның уәждері – мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге

ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Кассациялық сот, бірінші сатыдағы соттың конкурсты жариялауы әкімшілік акт (әрекет) болып табылмайды деген тұжырымымен келіседі.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот, жергілікті сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2026 жылғы 12 ақпандағы ұйғарымы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 2 сәуірдегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы өкілі М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.