КСАД РК - Постановление от 06.08.2025 по делу 6003-00-00-5242/23 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 тамыз № 6399-2500-4а/69 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,

судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,

талап қоюшы Б.Е. Каржаубаева, жауапкер жеке сот орындаушысы С.Қ. Айтбайдың қатысуымен ашық сот отырысында Каржаубаева Бейне Ералханқызының Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Айтбай Спартак Қалиұлына атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулы қабылдауды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қантардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б.Е. Каржаубаева Н.Джуманбаевтан алған қарыз ақшаны танысы Е.Пірәлі және оның достары М.Молдашев, Е.Мәлік өздерінің бас пайдаларына жаратқандарын, ақшаны соңғылардан өндіріп алу үшін сотқа жүгінгенін, ол ақша өндірілген жағдайда, қарызды қайтаруға мүмкін болатынын көрсетіп, жеке сот орындаушысы С.Қ. Айтбайды атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулы қабылдауді міндеттеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешімімен Б.Е. Каржаубаеваның талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қантардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Әкімшілік процеске қатысушылар әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 3 мамырдағы №5242-23-002/7343-1 атқару парағының негізінде ЖСО С.Қ. Айтбай 2024 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен борышкер Б.Каржаубаевадан өндіріп алушы Н.Джуманбаевтың пайдасына жалпы 9 688 000 теңге өндіру туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған.

2024 жылғы 3 желтоқсанда талап қоюшы ЖСО С.Қ. Айтбайға үшінші тұлғалардан ортақ тәртіпте сома өндіру туралы талап қоюы шешімін тапқанша осы атқарушылық іс жүргізуді уақытша тоқтата тұру туралы арыз берген.

2024 жылғы 9 желтоқсанда ЖСО С.Қ. Айтбай талап қоюшыға заң нормаларын түсіндіре отырып, атқарушылық іс жүргізуді аталған негіздермен тоқтата тұруға мүмкіндік жоқ екенін хабарлаған.

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261 IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 3-бабының 1,2-тармақшаларына сәйкес атқарушылық iс жүргiзу заңдылық, атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізу мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың уақтылы және айқын болуы принциптері бойынша жүзеге асырылады.

Соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда Заңның 42-бабында сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру мiндетi көзделгенімен жоғарыда аталған негізбен атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру қарастырылмағанымен уәждеген.

Кассациялық сатыдағы сот соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды, себебі Заңның 42-бабы атқарушылық өндірісті тоқтату негіздерінің толыққанды тізбесін қамтиді, талап қоюда көрсетілген негіз тізбеде көзделмеген, жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді, сот орындаушысының даулы қаулысы оған берілген өкілеттіктер шеңберінде қабылданған және жауапкердің ісәрекетінің салдарынан талап қоюшының құқықтары мен бостандықтары бұзылды немесе оларды жүзеге асыруда кедергілер туындады деп бағалауға негіз жоқ.

ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қантардағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшы Б.Е. Каржаубаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Е. Тулеев

Судьялар

Р. Айнакулова

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.