№ 6003-25-00-2к/3059 Қ А У Л Ы
2026 жылғы 26 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар Г.Б.Тергемесова, А.К. Айкенова, талап қоюшының өкілі А.А.Жаримбетованың, жауапкер Д.С.Ысқақтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Шымкент қаласының Полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Ысқақ Дархан Сансызбайұлына көлік құралдарын жүргізу құқығын және жүргізуші куәлігін тоқтату туралы талабы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
«Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- ММ) жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, Д.С.Ысқаққа берілген көлік құралдарын жүргізу құқығы тоқтатылған. Талап қоюдың жүргізуші куәлігін тоқтату туралы бөлігі - қанағаттандырусыз қалдырылған. Д.С.Ысқақтан мемлекеттің пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспей, іс үшін маңызы бар мән-жайлар соттармен дұрыс анықталмауына байланысты , олардың күшін жоюды сұраған.
Сонымен қатар, 2025 жылы 4 қыркүйекке дейін сот кабинеті арқылы құжаттарды жіберу мүмкін болмай, кассациялық шағымды 9 қыркүйекте жолдаған. Алайда кассациялық шағым 10 қыркүйекте мемлекеттік бажды қаралатын жері бойынша төлеу үшін қайтарылып, қайта төленуіне байланысты шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішін қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот жауапкердің шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының қарсылығын тыңдап, кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына
келтіруі мүмкін.
Жауапкердің кассациялық шағым беру процестік мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандыруға жатады, өйткені жауапкер заңмен көзделген мерзімде Кассациялық сотқа кассациялық тәртіпте қарау туралы шағыммен жүгінген және кемшіліктерді түзеу үшін қайтарылған, яғни мерзім дәлелді себеппен өткізілген.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңының (бұдан әріЗаң) 75-бабының 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін жүргізуші денсаулығының нашарлауы көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіздер болып табылады.
Осы тармақтың 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату уәкілетті органның (лауазымды адамның) талабы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен сот шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Д.С.Ысқаққа бірінші рет 2021 жылы 26 наурызда, кейін 2024 жылғы 29 ақпанда жүргізуші куәлігімен рәсімделген көлік құралын басқару құқығы берілген. Емхананың 2023 жылғы 30 қазанда берген анықтамасына сай жауапкер G40.2 диагнозымен есепте тұрады.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «№2 қалалық аурухана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2024 жылғы 14 маусымдағы № 1115 санды дәрігерлікконсультациялық комиссиясының қорытындысына сәйкес, жауапкер Д.С.Ысқақтың диагнозы «169.3 Ми инфарктінің салдары». Деңсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізуге болмайды, диагнозы бойынша «Д» есепте 2023 жылғы 3 сәуірінен тұрады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 9 қарашадағы №853 «Адамдардың көлік құралдарын басқаруына тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» бұйрығына және Дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындысына сәйкес, жауапкердің сырқаты көлік құралдарын басқаруға қарсы көрсетілімдер тізбесіне кіреді, яғни жауапкерге денсаулық жағдайына байланысты көлік құралын басқаруға тыйым салынады. Жауапкер жүргізуші куәлігін алған кезде көлік құралдарын басқаруға кедергі келтіретін сырқатпен есепте тұрған.
Д.С.Ысқақ өзінің көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін
денсаулығының нашарлауы тоқтағаны жөнінде АПК-нің 72-бабына сәйкес дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Сондықтан жергілікті соттар жауапкердің көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату туралы дұрыс түйін жасаған. Сонымен қатар талап қоюдың жүргізуші куәлігін тоқтату туралы бөлігі негізді қанағаттандырусыз қалдырылған.
Анықталған мән-жайларға байланысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды дұрыс ішінара қанағаттандырған.
Шағым уәждері бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылуы анықталған жоқ.
Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым
қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 126-бабын, 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Жауапкердің кассациялық шағым жасау мерзімін қалпына келтіру өтініші қанағаттандырылсын.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші А.К.Рамазанова
судьялар Г.Б.Тергемесова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.