№6003-25-00-2к/4883
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 2 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, прокурор Л.Е.Жоламанованың,
талап қоюшы А.Б.Нурханованың, өкілі Б.Г.Рахмановтың,
жауапкер өкілі А.М.Абилованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Аксулу Базарбаевна Нурханованың жауапкер «Атырау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жол көлік оқиғасының салдарынан келтірілген материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен А.Б.Нурханованың аталған талап қоюы ішінара қанағаттандырылған, «Атырау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінен (бұдан әрі - Мекеме) 2 704 248 теңге материалдық шығын өндіріліп, талап қоюдың 1 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіру жөніндегі бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген, талап қоюдың 2 704 248 теңге материалдық шығынды өндіру жөніндегі бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылып, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Шешімнің өзгертілуіне апелляциялық сатыдағы соттың зиянның тікелей жауапкердің әрекетсіздігінен орын алғаны сотта өз дәлелін таппағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына, сот актісінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, жол көлік оқиғасының орын алуына жолдағы шұңқырлардың себеп болуына байланысты, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, тас жолда жүргiзiлiп жатқан жұмыстардың қауiпсiздiгiне мердiгер жауапты болуға тиіс болғандықтан және жол көлік оқиғасына көлік
құралының жүргізушісінің кінәсі анықталғандықтан, шағым берілген сот актісін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде апелляциялық сатыдағы сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 917бабының 1 және 2 - тармақтарының талаптарына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.
Зиян келтiрушi, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, егер зиян өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегендiгiн дәлелдесе, оны өтеуден босатылады.
Демек заңның ұғымы бойынша келтірілген зиянды өтеу, оны келтірген тұлғаға жүктелуге тиіс.
Сотта анықталған мән-жайларға, 2024 жылғы 25 шілдеде, сағат 10:25тер шамасында талап қоюшы А.Б.Нурханованың меншігіндегі, Ж.С.Каржауовтың басқаруында болған «NISSAN TEANA» маркалы, мемлекеттік тіркеу белгісі 638AFF06 көлік құралы, «Атырау-Индер» тас жолының шамамен 148-шақырымы тұсында жолдан шығып кетіп, жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі-ЖКО) орын алған.
Оқиға орнына барған полиция қызметкерлерімен ЖКО-ның орын алуына жүргізу Ж.С.Каржауовтың жол қауіпсіздігі ережелерінің сақтамауы, көлік құралының басқару жүйесін игере алмауы себеп болғаны анықталып, оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 620-бабымен «ескерту» түріндегі әкімшілік жазасы қолданылған. Қаулының заңдылығы соңғымен дауланбаған, қаулы заңды күшінде.
Оқиға орнына қарау жүргізуде ЖКО-ның орын алуына тас жолдағы шұқырлардың себеп болғаны анықталмаған.
Өз кезегінде, ЖКО-сы орын алған тас жолы аймағының күтіп ұстау Мекемеге жүктелуі, өздігінен оның кінәсінің бұлтартпас дәлелі бола алмайды, ол басқа дәлелдемелердiң жиынтығымен бірге бағалануға тиiс.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген «Жол жүрісі» қағидаларының 10тараудың 72-тармағына сәйкес, жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге осы Қағидалардың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді.
Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады.
Жиынтығында, АПК-тің 72-бабының талабына сәйкес, орын алған ЖКОна Мекеменің тікелей кінәлілік әрекеті себепкер болғаны іске қатысты, анық, жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығынмен расталмаған.
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 11тармағының талабы бойынша шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімді әрбір тараптың тең негіздерде дәлелдемелерді зерттеуге қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.
Осы мән-жайларға байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Джаппарова
Судьялар
Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.