Қ А У Л Ы
2025 жылғы 7 қазан 6003-25-00-2к/1006 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші С.К.Нурабай, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор О.С.Пернеевтің, талап қоюшының өкілі Ж.Камалдың жауапкердің өкілі С.К.Оспановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Дана Маханбетовна Калдыбаеваға, Сауран ауданы «Иассы ауылдық округінің әкіміне», Түркістан қаласының әкіміне, Түркістан қаласының әкімдігінің «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына Иассы ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 26 желтоқсандағы №575 шешімін және Түркістан қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 14 желтоқсандағы №2618 қаулысын жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкер Д.М.Калдыбаеваның Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 11 қарашадағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 11 қарашадағы шешімімен Департаменттің талабы қанағаттандырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Д.М.Калдыбаева кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілі С.К.Оспановты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі Ж.Камалды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор О.С.Пернеевтің қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта
қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс материалдары бойынша 2017 жылғы 14 желтоқсандағы №2618 Түркістан қаласының әкімдігінің қаулысымен Д.Калдыбаеваға Түркістан қаласы, Ойсыл қара көшесі, №152 а мекенжайда орналасқан тұрғын үй құрылысы үшін берілген, алаңы 0,1 гектар (1 000 шаршы метр) жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген (әрі қарай - №2618 қаулы).
Осы №2618 қаулы негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-307-1631706 сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Жергілікті соттар талапты қанағаттандырудың негізі ретінде келесі мәнжайларды негізге алған.
Жер учаскесін рәсімдеудің пайда болуының негізі Түркістан қаласы, Иассы ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 26 желтоқсандағы №575 шешімі болған, ал аталған жер учаскесі жауапкерге берілген сәтте жауапкер он алты жаста, яғни кәмелет жасқа толмағандығына назар аударған.
Сонымен қатар, жер учаскесіне құқық беру тәртібі көрсетілген Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43бабының 1, 2-тармақтарымен негіздеген.
Соттардың мұндай тұжырымын кассациялық сот заңды деп есептейді.
Жер кодексінің 43-бабының 12-тармағына сәйкес жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұрагерлiк тәртiбiмен алған кәмелетке толмағандарға жер учаскелерiне құқықты ресiмдеу жағдайларын қоспағанда, жер учаскелерiне құқық кәмелетке толған адамдарға беріледі.
Жер кодексінің 50-бабының 2-тармағының 2) тармақшасында осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар мөлшерде тегін берілетіні қарастырылған.
Демек, Д.Калдыбаеваға жер учаскесін рәсімдеген кезде Жер кодексінің 43-бабының 12-тармағы, 50-бабының 2-тармағының 2) тармақшасының талаптары бұзылған. Сонымен қатар, Жер кодексінің 92-бабының талаптары, яғни жер пайдалану құқығында берілгеннен кейін жер учаскесін игеру мерзімі де бұзылғаны анықталған.
Істі соттарда қарау барысында дауланып отырған жер учаскесі жоғарыда аталған Жер кодексінің талаптары бұзыла отырып, жауапкер Д.Калдыбаеваға заңсыз берілгені өз дәлелін тапқан.
Сондай-ақ бірге, жер учаскесі жауапкермен қазіргі кезге дейін игерілмегені анықталған.
Бірінші сатыдағы сот аталған мән-жайларды негізге алып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 267-бабының 1- тармағына сәйкес Иассы ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 26 желтоқсандағы №575 шешімі, №2618 қаулысы жарамсыз деп тануы заңды.
Жауапкер Д.Калдыбаеваның заңды күшіне енген Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы шешіміне сілтеме жасауы негізсіз, өйткені осы шешімде Д.Калдыбаеваға тиесілі жер учаскесінің берілгендігінің заңдылығы және азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi тексерілмеген.
Мәні бойынша заңды күшіне енген дұрыс сот актісінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылуға жатпайды.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 11 қарашадағы шешімі, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысы күшінде, жауапкер Д.М.Калдыбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: С.К.Нурабай
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.