Қ А У Л Ы
2026 жылғы 15 мамыр №6003-26-00-2к/1308 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
арыз беруші өкілі Д[...], кредитор өкілі А[...], қаржы басқарушысы Н[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында арыз беруші Г[...] (бұдан әрі - арыз беруші) банкроттық рәсімін қолдану туралы электрондық азаматтық істі арыз берушінің Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 23 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Арыз беруші сотқа аталған арызбен жүгініп, оны өзінің төлем қабілеттілігінің жоқтығымен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Арыз беруші кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар «Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2013 жылғы 23 тамыздағы №1540 кредиттік желіні ашу және оған 2013 жылғы 30 қазандағы, 2014 жылғы 31 шілдедегі, 2015 жылғы 28 мамырдағы қосымша келісімдерге сәйкес «Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамымен (бұдан әрі - Банк) «КБ[...]» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі үшін несие желісі ашылып, соңғыға 140 830 850 теңге несие берілген.
Осы несие шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепілдік шарты негізінде «Жалғас-Құрылыс» және «С[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, жеке тұлғалар А[...] және арыз беруші кепілгер болған.
2016 жылғы 23 тамыздағы және 2017 жылғы 16 қазандағы Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының шешімдерімен аталған заңды және жеке тұлғалардан Банктің пайдасына мерзімі өткен негізгі борыштың бөліктері 32 939 000 теңге және 83 000 000 теңге бірлескен тәртіпте, әр қайсысынан 2 490 000 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Қазіргі кезде жеке сот орындаушыларының өндірісінде атқару өндірістері қозғалған.
2023 жылғы 20 қыркүйектегі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «КБ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәжбүрлі тәртіппен таратылса, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес 2024 жылғы 4 мамырда «С[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жойылған.
Қаржы басқарушысының қорытындысына сәйкес арыз берушінің кредиторлық берешегі 140 830 850 теңге деп айқындалған.
Істің мән-жайларына сай соттар кредиторлық қарыз сомасы арыз берушіден ғана емес, басқа да тұлғалардан ортақ тәртіпте өндірілгенін, яғни бұл тек ғана арыз берушінің міндеті емес, ол жұмыс жасауға қабілетті екенін, жұмыссыз ретінде тіркелмегенін және қарызды өтеу бойынша өз еркімен нақты шара қолданбағанын, әлеуметтік және денсаулық жағынан осал топтарға жатпайтынын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7-тармақтарына сәйкес азаматтардың өздерінің құқықтарын жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы тиістігі, бұл талап сақталмаған жағдайда соттың адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алатыны туралы тұжырымға дұрыс келген
Сонымен қатар, соттармен Заңның 4-бабына сәйкес азаматтарға сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану қағидаттарының қатарына азаматтардың адалдығы жататыны да ескерілген.
Істің мұндай тұрғысында, арыз қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 23 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысы күшінде, арыз беруші Г[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.